Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистік Германияның Түркістанға қатысты саясаты Түркістан легионы және «Үлкен Түркістан» мемлекетін құру идеясымен байланысты. Түркістан легионының тарихы соғыс тұтқындарына қатысты аса кең де күрделі мәселе болғандықтан, бұл мақаламызда «Үлкен Түркістан» идеясын талдаумен ғана шектелеміз. Шынымен де фашистердің «Үлкен Түркістан» мемлекетін құру жоспары болды ма, әлде бұл да кеңестік тарихнамада орнығып қалған ғылыми негізсіз таптаурын пікір ме?
Бұрынғы кеңестік және қазіргі ресейлік зерттеушілер нацистік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасауға дайындалып жатқан кезде-ақ болашақта КСРО жерінде Германияға бағынатын жеке аймақтар құру жоспарында Түркістан да жеке аймақ ретінде аталған деген пікір айтады. Кеңес Одағының сыртқы саясатын және Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеп жүрген көрнекті ғалым М.И.Семиряганың пікіріне жүгінейік: «1941 жылдың қыс және жаз айларында жалпы нұсқаулар негізінде қарулы күштер жеке топтарының соғыс қимылдарына қатысу жоспарлары жасалды, сонымен қатар болашақта жаулап алынатын кеңес жерлерін басқару шаралары анықталды. Жаулап алынған жерлерді басқару үшін рейхскомиссариаттар құру туралы шешім қабылданды. Алғашында бес комиссариат – Остланд, Украина, Кавказ, Ресей және Түркістан комиссариаттарын құру жоспарланды». Алайда Германия мұрағаттарында сақталған деректер соғыс қарсаңында нацистердің Түркістанға қатысты арнаулы жоспары болмағанын көрсетеді. 1941 жылдың 25 қарашасында жазылған «Түркістанға қатысты саяси нұсқаулар» деген құжаттан мынадай жолдарды оқимыз: «Кеңес Одағын, яғни, бұрынғы Орыс мемлекетін оның ұлттық бөліктері негізінде қайтадан құру барысында түркі халықтары мекендеген Орталық Азия өлкелері де бөлініп кетуге ұмтылады, бұл бірінші кезекте бұрынғы Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғыз кеңестік республикалары. Аталған аймақтар осы тұрғыдан алғанда айрықша жағдайда тұр, өйткені осы уақытқа дейін оларды басқару үшін Империялық комиссариат құру жоспарланбаған». Демек, соғыстың қарсаңы түгілі соғыс басталған соң бес айдан кейін де Түркістан рейхскомиссариатын құру туралы нақты жоспар болмаған. Оның себебі – Оралдан шығысқа қарай жатқан жерлер Германиядан алыста болғандықтан соғыстың қарсаңында нацистердің негізгі назары батыс республикаларға, Кавказ бен Қырымға ауды. Сондықтан тікелей басып алынатын жерлерде Украина, Остланд (Прибалтика және Белоруссия), Кавказ және Ресей (Московия) империялық комиссариаттарын құру жоспарланды. Соғыстың алғашқы айларында миллиондаған кеңес жауынгері тұтқынға алынып, олардың ішінде кеңестік Шығыс халықтарының өкілдері де бар екендігі белгілі болған кезде Кавказ бен Түркістанға қатысты саясаттың бағыттарын анықтау қажеттілігі туды.
Фашистік биліктің түркі халықтарына қатысты саясаты нацистік идеология мен тәжірибенің қалыптасуы барысында бірқатар өзгеріске ұшырады. Алғашқы кезеңде арийлік нәсілдің артықшылығы туралы даурықпа насихат аясында олардан төмен тұрған халықтардың өкілдерін сипаттайтын «Untermensch» («адамнан төмен тұрғандар» немесе «адам дәрежесіне жетпей қалғандар») деген түсінік пайда болды. Нацистік идеологтар орыстардың «Untermensch» болып кетуінің себебі олардың бойында моңғол-татар қанының болуы деп тапты. Демек, осы тұрғыдан алғанда азиялықтар мүлдем адам қатарына жатқызылмайтын болды. Соғыстың алғашқы айларында баспасөз бетінде кеңес әскерлерінің қимылдарын «моңғолдық жабайы әрекет» ретінде суреттеді. Фашистер неміс халқын Үшінші Рейх әлемді «азиялық қауіптен қорғайды» деп сендіруге тырысты. Сондықтан соғыс қарсаңында 1941 жылдың мамыр айында Германия Қарулы күштерінің (Вермахт) Жоғарғы штабы дайындаған «Ресейдегі әскерлер тобының тұғырнамасын анықтауға бағытталған нұсқаулар» деп аталған құжатта: «Қызыл Әскердің қатарындағы барлық әскерлерге және тұтқындарға қатысты айрықша күдік пен қатаң сақтық қажет, ...Қызыл Әскердің әсіресе азиялық жауынгерлері өте түсініксіз және қатал да зымиян болады» – деген ескерту жасалды. 1941 жылдың 24 шілдесіндегі бұйрықта Кеңес Одағы әскерінің қатарындағы азиялықтардың тұтқынға түскен өкілдерін Германияның өз жеріне әкелуге тыйым салынды, олар басып алынған елдердегі лагерьлерге қамалатын болды. Шығыс Министрлігінің басшысы А.Розенбергтің кеңестік Шығыс халықтары туралы өзіндік пікірі болды: «Неміс ұлтшылдарының көпшілігі «шығыс рухы» идеясын жоққа шығарады, өйткені олардың осы шығыс рухы туралы терең түсінігі жоқ. Шығыс тұтастай алғанда тым күрделі». Ол «Московия» (Ресей) – орыс-моңғол жабайылығының ошағы, алайда орыстар мен Кеңес Одағының басқа халықтарын қатар қоюдың қажеті жоқ, керісінше, орыстан басқа халықтардың сепаратистік қозғалысына айрықша мән берген дұрыс дейді. Гитлер бұл идеяларды: «Розенбергтің орыстарға тым табанды түрде қарсы болуы және олардың Розенбергті орыс санамауынан», – деп сайқымазақ күлкі қылған. Ал шындығында ұзақ уақыт Ресейдің құрамында болған Прибалтикада туып-өскен неміс Розенберг Ресей империясының ұлттық мәселелерін Үшінші Рейхтің басқа басшыларына қарағанда жақсырақ білетін еді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Сыртқы істер министрлігінің жанынан Ресей мәселелерімен айналысатын комитет құрылды. Комитет басшылығына кезінде Германияның Ресейдегі консулдықтарында қызмет істеген дипломат Вильгельм Георг Гроцкопф тағайындалды. Комитет алғашында Кеңес Одағын мекендеген әртүрлі халықтар туралы мәліметтер жинаумен ғана айналысты. Кеңес Одағына қарсы соғыс басталған соң бұл Комитеттің іс-әрекет аясы кеңітілді. 1941 жылдың маусым айында Комитетке Кеңес Одағы халықтарының тарихын, тілі мен дінін, салт-ғұрыптарын білетін мамандар шақырыла бастады. Кезінде Түркия, Иран, Ауғанстан, Бұқара, Қоқан, Хиуа, Түркістанға саяхат жасаған, түркі халықтарының тарихын жақсы білетін дипломат Вернер Отто фон Хентиг кеңестік Шығыс халықтары мәселесімен айналысатын болды.
Комитет шығыстанушы ғалымдар мен білікті дипломаттар арқылы кеңестік Шығыстан Еуропаға эмиграцияға кеткен саяси қайраткерлерді іздестіре бастады. Кеңес өкіметінің империялық саясатына саналы түрде қарсы болып, оны қабылдамаған түркі зиялылары Түркияға және басқа Азия елдеріне эмиграцияға кеткені белгілі. Түркияға кеткен түркі эмигранттарының бір бөлігі 1920-1924 жылдар аралығында Еуропаға өтті. Оларға кейіннен 20-жылдары Германияға оқуға барған студент жастар және әртүрлі себептермен Еуропада қалып қойған түркілер қосылды. 1922 жылы Әлімжан Ыдырыс Бұқар Халық Республикасының өкілі ретінде 64 студент және оқушы жастарды Германияда оқыту мақсатымен алып келген. Кейіннен Бұқар республикасының дербестігі жойылып, ол Кеңестік Өзбекстанға қосылған соң, Берлиндегі Бұқар Халық Республикасының Мәдени қатынастар жөніндегі өкілдігі таратылған соң студент жастардың бірқатары Германияда қалып қойған еді. Еуропадағы түркі эмигранттарының саяси қызметін идеялық және ұйымдық жағынан негіздеген бірінші топтың өкілдері болды. Саяси эмигранттардың түркі халықтарының азаттығы жолындағы күресі тұраншылдық және түркішілдік идеяларына негізделді. Тұраншылдық идеясы ХІХ ғасырда венгер ғалымы А.Вамберидің еңбектерінде орын алды. 1913 жылдан бастап Венгрияда «Туран» деген журнал шығып тұрды. ХХ ғасырда тұранизм ғылыми термин шегінен шығып, саяси ағымға айналды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұранизмді Әнуар паша насихаттады. Еуропалық ғылыми әдебиетте барлық түркі тектес халықтардың және венгер, финн-угор халықтарының саяси, мәдени және этникалық бірлігі идеясы және сол идеяға негізделген саяси қозғалыс тұраншылдық деп аталды. Тұраншылдық және түркішілдік түсініктері көбінесе синоним ретінде қолданылады. Эсэс Бас басқармасының тапсырмасымен Шығыс халықтарының тарихымен айналысатын мамандар дайындаған «Тұраншылдық идеясы» деп аталған құжатта: «Тұранизм идеясы... = пантүркизм. Бұл негізгі (анадолылық) түріктерден басқа да бүкіл түркі тектес халықтарды, яғни, түркістандықтарды, татарларды, қырым түркілерін, әзербайжандарды т.б. біріктіруге ұмтылады. Бұл мәселеге Ресей түркілері ерекше назар аударады» деп көрсетілген. Әрине, Германияның Сыртқы істер министрлігі мен Шығыс министрлігін тұраншылдық және түркішілдік идеяларының мазмұны және осы идеяны негіздеуші түркі зиялыларының мақсат-мүдделері қызықтырған жоқ, олар үшін ең бастысы – осы идеяларды Кеңес Одағына қарсы соғыста пайдалану мүмкіндігі еді. Франц фон Папен 1941 жылы 25 шілдеде Сыртқы істер министрлігіне жіберген хатында Кеңес Одағына қарсы күресте үгіт-насихат мақсатында тұраншылдық идеясын пайдаланудың тиімділігін ескертіп, осы идеяны түркі тектес соғыс тұтқындарының арасында насихаттау үшін оларды арнаулы жеке лагерьлерге жинақтауды ұсынды.
Алайда Кеңес Одағындағы саяси жағдайды жақсы білетін тәжірибелі дипломаттар мен түрколог-ғалымдар тұраншылдық идеясының кеңестік түркі халықтары арасында кең таралмағанын айтып, тұрандық бірлікті насихаттаудың табысты болатынына күдік білдірді. Дипломат Г.Хильгер 1941 жылы 3 тамыздағы Сыртқы істер министрлігіне жіберген есепті баяндамасында әлемдегі барлық түркі халықтарын біріктіру идеясы Кавказдың ірі үш халқы – грузиндер, әзербайжандар және армяндар арасында жік туғызады, өйткені армяндар мен грузиндер Түркияны мүлде ұнатпайды, сондай-ақ тұраншылдық идеялар Иранға да жақпай қалуы мүмкін, сондықтан тұраншылдық идеяны емес, түркі халықтарының ең көп бөлігі орналасқан Түркістанды көтере алатын идеяны қолдау қажет деп жазды. Бірақ Түркияның тұраншылдық бағыттағы саяси қайраткерлері бұл идеяны түркі соғыс тұтқындарының арасында таратудан үміттенді. Германияның Түркиядағы елшісі Франц фон Папеннің 1941 жылдың 13 тамызында Сыртқы істер министрлігіне жіберген хатында Әнуар пашаның інісі Нури Киллигильдің (Нури паша) Германияға келіп, түркі тектес соғыс тұтқындары мәселесімен айналысуға дайын екендігі айтылды. 1941 жылы қыркүйекте Нури паша Германияға келіп, Сыртқы істер министрлігі саяси бөлімінің бастығы Э.Вëрманмен бірнеше рет кездесіп, түркі тектес және мұсылман соғыс тұтқындарынан болашақта тұраншылдық идея жолында күресетін топтар құру үшін оларды жеке арнаулы лагерьлерге орналастыру туралы өтініш жасады. Сондай-ақ жалпы кеңестік соғыс тұтқындары қатарынан Кавказ және түркі халықтарының өкілдерін бөліп алу идеясы бұдан бұрын А.Розенбергтің басқаруындағы Шығыс министрлігінде де көтерілген болатын. Кейіннен бұл идея кавказдық және түркістандық тұтқындардан Шығыс легиондарын құруға әкелді.
Кеңестік Шығысты жақсы білетін неміс дипломаттары мен ғалымдарының тұраншылдық идеясының Германияның мүддесіне зиян келтіретіні туралы ескертулері жерде қалған жоқ, өйткені нацистік билеушілер үшін Кеңес Одағы халықтарын біріктіретін емес, керісінше жіктейтін идея тиімді еді. Жоғарыда аталған «Түркістанға қатысты саяси нұсқаулар» атты құжатта: «Пантұраншылдық идеяны барлық мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, мүлде ығыстыру қажет. Бұл идеяны қазіргі түрік үкіметі емес, Әнуар пашаның інісі Нури паша төңірегіне топтасқан түрік ұлтшыл топтары насихаттап жүр. Пантұраншылдық қозғалыс бүкіл түркі халықтарын Түркияның қоластына біріктіруді көздейді, бұл бірлестікке тек Орта Азия мемлекеттері ғана емес, Батуми және Бакумен қоса Әзербайжан да қосылуға тиісті. Олар Батумиді қосып алу үмітін негіздейтін тарихи себепті де (1878 жылға дейін түріктердікі болған) тауып отыр. Батуми мен Бакуді қосып алу түріктерге Транскавказдық алып жол мен мұнайлы аймақты иеленуге мүмкіндік берер еді. Осылайша Түркия мен Орта Азия арасында көпір салынып, біз үшін ең бағалы грузиндер мекендеген Кавказдан Германия мүлде айырылып қалар еді. Демек, Украина және Кавказ рейхскомиссариаттарының шекарасында мұндай ұлы державаның құрылуына жол беру немістердің мүддесіне мүлде сай келмейді» деп атап көрсетілді. Соған орай «тиімсіз тұраншылдық идеяны» жандандырмау үшін әзербайжандардан, татарлардан және басқа түркі халықтарының саяси ұйымдары мен легиондарын бір-бірінен алшақ ұстауға нұсқау берілді.
1924 жылы Кеңес өкіметі бұрынғы Ресей империясы құрамындағы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, тәжік халықтары мекендеген жерлердің шекарасын анықтап, бес республикаға бөлді. Сөйтіп Түркістан біртұтас мемлекеттік бірлестік болудан қалды. Алайда бұл бөлшектеуді Еуропадағы түркі эмигранттары заңды құбылыс деп санаған жоқ. Олар Түркістанның азаттығы мен бірлігі жолындағы күресін жалғастыра берді. Түркістандық эмигранттардың осы арман-тілегін фашистік Германияның билеушілері өз мақсатына пайдаланып кетті. Шығыс министрлігі Кеңес Одағы жеңілген соң «Московияның» төңірегінде «санитарлық кордон» құруды жоспарлады, бұл кордон Герман империясына бағынышты өзіндік басқармасы бар Украинаны, Белоруссияны, Балтық мемлекеттерін, Кавказ бен Орта Азияны қамтуға тиісті еді. Орта Азия қалай аталады, «Түркістан» бола ма, әлде «Үлкен Түркістан» бола ма, бәрібір, фашистерге бұл атаулардың мән-мағынасы керек емес болатын. Сондықтан Түркістан легионымен және ұлттық комитетпен ұқсастырып «Түркістан» атауын қолданған. Шығыс тарихын жақсы білетін В.Хентиг Еділ бойындағы түркі халықтарын назардан тыс қалдырмау үшін бұл кордонды «Шағатай ұлысы» деп атауды ұсынды. Нацистер бұл идеяларды жақтырмады, өйткені түркі халықтарының бірлігі туралы ойлар нәсілшілдік идеологиясына кереғар еді. Алайда фашистердің әртүрлі топтарының арасындағы пікір айырмашылығы дау-талас тудырған жоқ, өйткені шалғайда жатқан Түркістанды қарудың күшімен басып алуға бағытталған арнаулы жоспар жасалмаған болатын. Фашистік билеушілердің негізгі назары майдан шебіне жақын жатқан Кавказ бен Қырымға ауды, ал Түркістанның болашағы туралы шұғыл шешім қабылдау қажет болмай қалды. Сондықтан фашистік билік «Үлкен Түркістан» комиссариатын құру идеясын нақты мақсат ретінде емес, үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланды.
Германияның Сыртқы істер министрлігі, Шығыс министрлігі, Қарулы күштердің Бас штабы, тағы басқа мекемелер құжаттарының барлығында негізінен «Түркістан» атауы қолданылады. «Үлкен Түркістан» (Grossturkestan) атауын біз үгіт-насихат жұмысының тиімділігін күшейтуге бағытталған «Басып алынған шығыс аймақтардағы аграрлық, діни және ұлттық мәселелер» деп аталған құжаттан ғана кездестірдік. Осы құжаттың үшінші бөлімінде Германияның ұлттық саясатын насихаттауға қатысты мынадай нұсқаулар берілген: «Ресейге, соған сәйкес Кеңес Одағына бағындырылған орыс емес халықтарға қатысты алғанда империялық министрдің 1941 жылы 18 қарашада баспасөз өкілдерін қабылдауда сөйлеген сөзінде баяндалған «жеке-жеке даму принциптері» қолданылады. Халықтардың әртүрлі топтарына қатысты бұл принциптердің орындалу әдістері әртүрлі болуға тиісті, ол әдістер осы халықтардың орыстар үшін қаншалықты маңызды екеніне, олардың Германияға және оның Шығыстағы жаңа тәртібіне қалай қарайтындығына орай анықталады. ... Большевиктік билік аясында әлі де қалып отырған ең маңызды этникалық топтарға немістік үгіт-насихат ықпалын күшейту қажет. Сондықтан бұл халықтар үшін мынадай әрекетті іске асырған тиімді. ...Майданға жақын жердегі халықтарға (Кавказ және түркі халықтары) тәуелсіздік туралы уәде береміз. Қазіргі сәтте пантұраншылдықты қолдау тиімді болмайды. Ең дұрысы – бір жағынан, ұлттық және діни айырмашылықтарына қарамастан бүкіл Кавказ халықтарын біріктіру; екінші жағынан, Үлкен Түркістанның халықтарын, атап айтқанда, өзбектерді, тәжіктерді, түрікмендерді, қазақтарды және тау қырғыздарын Шығыстағы екінші бірлестік ретінде қарау. Оларға башқұрттар мен Еділ татарларын қоспау керек, оларға айрықша қорғалатын халықтар ретінде орыстар мекендеген жерлер шегінде облыстық автономия беріледі». Демек, эмигранттар, легионерлер және олардың Түркістанның тәуелсіздігі туралы арман-тілектері нацистік Германияның билеушілері үшін ең басты жау – Кеңес Одағын әлсіретудің құралы ғана болды. Алайда нацистердің үгіт-насихаттық айла-тәсілдері Кеңес өкіметіне түркістандық эмигранттарды Отанын сатты деп айыптауға мүмкіндік берді, мұның өзі жат жерде халқының азаттығы үшін күресіп, қаза тапқан немесе Отанынан мүлде аластатылып пұшайман болған түркістандық эмигранттардың тағдырын ауырлата түсті.
Гүлжаухар Көкебаева,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі