Коронавирус пандемиясына қарсы вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде бекіткелі жарты жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде бірнеше екпе жарамды деп танылды. Содан бері әлемнің көптеген елі вакцина салуға кіріскен. Қазіргі таңда мұның нәтижесі анық байқалып отыр.
Әлем бойынша коронавирусқа қарсы екпе егуден Израиль көш бастап тұр. Қазіргі таңда бұл ел тұрғындарының 60 пайызға жуығы вакцина алған. Соның нәтижесі шығар, кейінгі кезде коронавирус жұқтырғандар саны күрт азайған. Мәселен, соңғы аптада науқастар саны 10-30 адам аралығында.
Бұдан бөлек Израильде 1 маусымнан бастап коронавирус пандемиясына байланысты бұрын енгізілген барлық шектеу алынып тасталды. Тек жабық жерлердегі қоғамдық орындарда бетперде кию талабы мен елге келгендерге карантин кезінде қойылатын талаптардың күші жойылған жоқ.
Жиналыстарға қатысушылардың санына қатысты да барлық шектеу алынды. Бұған қоса тұрғындардың бұдан былай бір жерге кіруі үшін вакциналау немесе коронавирустан сауыққаны туралы құжат ұсынуы қажет емес. Израиль бірқатар елдің, оның ішінде қазіргі уақытта эпидемиялық қауіп-қатер бойынша «қызыл аймақтағы» мемлекеттердің азаматтарына ел аумағына кіруіне салынған тыйымды алған жоқ. Израильге келгендер мемлекет аумағына кіру кезінде коронавирусқа тест тапсыруы, ұшудан 72 сағат бұрын жасалған тағы бір тесттің нәтижелерін ұсынуы керек.
Вакцина салу бойынша АҚШ та жақсы көрсеткішке ие. Қазірге дейін ел халқының 41,2 пайызы, яғни 295 млн адам екпе алған. Соның нәтижесінде тәулігіне вирус жұқтырғандар саны 6-7 мыңға дейін азайды.
Естеріңізде болса, наурыз-сәуір айларында күніне 50-60 мың адам қауіпті дерттің тырнағына ілігетін. Ал қаңтарда 200 мыңға дейін науқас тіркелген. Жалпы, қазірге дейін АҚШ-та 34 млн адам коронавирус жұқтырған. Соның 28 миллионы жазылып шықса, 610 мың науқас көз жұмған.
Ұлыбританияда да вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 65 млн доза берілсе, 25,5 млн адам екі дозаны да қабылдаған. Осылайша, халықтың 38,3 пайызына екпе салынды. Сөйтіп елдегі эпидемиялық ахуал әжептәуір жақсарып қалды. Қазір вирус жұқтырғандар саны 2-3 мыңның айналасында ғана. Пандемия басталғалы елде 4,5 миллион адам науқастанып, 127 мыңы қайтыс болған.
Дегенмен, босаңсуға әлі ерте. Тұманды Альбионда коронавирустың «үндістандық» нұсқасының салдарынан пандемияның үшінші толқыны басталуы мүмкін. Кембридж университетінің клиникалық микробиология профессоры Рави Гуптаның айтуынша, Үндістанда алғаш рет анықталған «B.1.617.2» коронавирус мутациясы вакциналау науқанының сәтті болуына және аурудың төмендеуіне қарамастан, Ұлыбританиядағы эпидемиялық жағдайға қауіп төндіреді.
Германияда халықтың 43 пайызы немесе 35,75 млн адам Сovid-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін алды. Тұрғындардың 17,7 пайызы, яғни 14,6 млн адам екпенің екі компонентін де салдырған. Роберт Кох институтының мәліметі бойынша, Германияда бір күн бұрын 270 927 адам вакцина салдырған. Германияда екпе егу 2020 жылғы желтоқсан айының соңында басталды. Қазіргі уақытта BioNTech/Pfizer, AstraZeneca, Moderna және Johnson & Johnson вакциналары қолданыста. Нәтижесінде, елде коронавирустың таралу деңгейі төмендеп келеді. Инфекцияны жұқтырғандар көрсеткішінің күнделікті өсімі 1 978 жағдайды құрады. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткішке қарағанда 704 жағдайға кем. Халқының саны 84 миллионды құрайтын Германияда пандемия басталғаннан бері коронавирустың 3 681 126 оқиғасы анықталды. Індеттен 88 442 адам көз жұмды.
Сондай-ақ Германияда пандемия басталғаннан бері коронавирусты жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген ауыл анықталды. Ол – елдің батысындағы Рейнланд-Пфальц жерінде орналасқан 400 тұрғыны бар Лиг ауылы. Бұл ауылда 14 ай бойы коронавирус індеті тіркелмеген.
Франция Президенті Эммануэль Макрон да Сovid-19 вирусына қарсы екпе салдырды. Мемлекет басшысы отандастарын вакцина алуға шақырды. Француз лидері қандай екпе салдырғанын нақтылаған жоқ. Ол коронавирус инфекциясын 2020 жылдың желтоқсанында жұқтырған болатын. 67 млн халқы бар Францияда 25,3 млн адам вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды.
«Үш жолақты елде» вакциналау шараларына қатысты енгізілген қосымша шектеулер алынып тасталды. Дүйсенбіден бастап Францияның кез келген ересек тұрғыны еш шектеусіз екпе алуға жазыла алады. Бұл елде тіпті әрбір дәріханада да екпе салдыруға мүмкіндік бар.
Еуропада жасөспірімдерді коронавирус инфекциясына қарсы иммундауға рұқсат етілді. Еуропалық одақ елдері 12 жастан асқан балаларды Covid-19-ға қарсы вакциналауды бастауы мүмкін. Бұл бағытта Biontech/Pfizer препаратын қолдану ұсынылады. Еуропалық Комиссия Еуропалық дәрілік заттар агенттігінің (EMA) шешімін растап, жасөспірімдерге екпе салуға рұқсат берді.
Испанияда халықтың 39 пайызы кемі бір доза екпе алса, 20 пайызы толықтай вакцина қабылдады. Сондай-ақ ел билігі туристік орындардағы карантиндік талаптарды жеңілдетуді бастады. Майорка аралында 7 айға созылған коменданттық сағат тоқтатылды. Бұған қоса ашық ауада 15 адамға дейін, ал жабық жерлерде 10 адамға дейін кездесуге рұқсат етіледі. Ал көшеде міндетті түрде маска кию қажет. Жаңа ережелер 20 маусымға дейін күшінде болады.
Швейцария карантин талаптарын жеңілдетті. Елде мейрамхана залдары ашылып, аудиториялардағы студенттер саны бойынша шектеулер алынып тасталды. Сондай-ақ шектеулер енгізілген салалар үшін қашықтан жұмыс істеу режімі жойылды. Алайда Берн билігі жұмыс берушілерге қызметкерлердің үйде жұмыс істеуіне мүмкіндік беруді ұсынады. Коронавирусқа қарсы вакцинаны алған ел тұрғындары эпидемиялық қауіп деңгейі жоғары елдерден оралғаннан кейін оқшаулануға міндетті емес.
Түркияда карантиндік шаралар жеңілдетілді. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған 1 маусымнан бастап елдегі коменданттық сағаттың қысқарғанын жариялады. Дәмханалар мен мейрамханалар келушілерді бүгіннен бастап қабылдайды. Мемлекет басшысының айтуынша, коменданттық сағат жұмыс және сенбі күндері сағат 22:00-ден 05:00-ге дейін, жексенбіде тәулік бойы күшінде болады.
Оңтүстік Кореяда халықтың 10,5 пайызына коронавирусқа қарсы екпе егілді. Өткен тәулікте ғана елде 163 457 адам вакцина алды.
Жапония билігі ПТР тест анықтамасы бар жанкүйерлерді Токиода өтетін Олимпия мен Паралимпиада ойындарына кіргізуге ниетті. Екпе салдырған азаматтар да тиісті құжатты ұсынуы шарт. ПТР зерттеу стадионға келгенге дейін жеті күн бұрын жасалуы керек. Стадионға кірер алдында мамандар көрермендердің температурасын тексеріп, бетперденің болуын қадағалайды. Ал Олимпиададағы жанкүйерлердің санын шектеуге қатысты мәселе маусым айында шешілмек.
Сингапур Сovid-19 таралу қарқынын төмендету үшін балаларды вакциналауды бастамақ. Премьер-министр Ли Сянь Луннің мәлімдеуінше, осы аптада 12 жастан асқан оқушыларға екпе салу басталды. 1 маусымнан бастап оқушылар вакцина салдыруға алдын ала жазылып, 3 маусымда ала бастайды. Оқушыларды иммундаудан кейін вакцина 39 жасқа дейінгі басқа тұрғындарға салынбақ.
Ресми Каир карантин талаптарын жеңілдетеді. Мысыр билігі дәмханалар, мейрамханалар, дүкендер мен сауда орталықтарының жұмысына қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Тамақтану орындары мен дүкендер жазғы жұмыс режіміне оралып, түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істей алады. Мысырлық үкімет шектеулерді жеңілдетумен қатар, Хургада мен Шарм-эш Шейх сияқты туристер арасында ең танымал екі курорттың барлық тұрғындарын вакциналауға ниетті екендігін хабарлады.
Қорыта айтқанда, қазірге дейін әлем халқының 10 пайызы ғана вакцинаның бір дозасын салдырса, толықтай екпе алғандар саны 5 пайыздан аспай тұр. Өкінішке қарай, дамыған елдердегі жағдай жақсы болғанымен, дамушы мемлекеттердегі ахуал күрделі.