• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2021

Тұрғындар тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторының мәртебесі қандай?

1372 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда елімізде 5900 учаскелік инспектор штаты бар болса, олардың 600-ден астам көмекшісі жұмыс істейді. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында учаскелік полиция қызметкерлеріне қойылатын талаптарды күшейтумен қатар, оларға тиісті жағдай жасауды да тапсырды. Ал бұл қызметтің шешілмеген мәселесі әлі де жетіп артылады.

Полицияның «қара нары»

Ішкі істер органдарының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген учаскелік  инспекторлар осы саланың ауыр жүгін арқалаған қара нары секілді. Қоқыс пен темекі тұқылын кез келген жерге тастап кететін көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін олар – әмбебап мамандар. Өйткені өзі жауапты аумақта қылмыс тіркелсе, бірінші болып жететін ол криминалист, жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы сияқты жауапты мамандықтардың бүкіл міндетін қатар атқарып жүреді.

Қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүретіндіктен, оларға таяқ та бірінші тиеді, алғыс та арқалап жатады. Полицияға қатысты сын мен мін тағылса да, соның көбі осы қызмет өкілдеріне қарата айтылады. Қарауындағы үйлердің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына еріксіз куә болып жүретіндер де осылар. Ішімдікке салынып, шаңырағының берекесін алған маскүнеммен, есірт­кіге есі кеткен нашақормен, тәнін сау­­да­лаған жезөкшемен, отбасының ой­ра­нын шығарып жүрген озбырмен, түзеу мекемесінен шықса да түзу жол­ға түсе қоймаған есерсоқпен де бет­пе-бет келетіндер осылар. Сырт көз­ге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көп­ке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы же­тіп артылады. Мұның сыртында күн­делікті жұмысында сан қилы адаммен жолық­ты­ратын қызметтің қаупі мен қатері тағы бар.

Учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункциялы институт. Мәселен, олар қылмыстың 12 құрамы бойын­ша іс жүргізсе, әкімшілік құқық бұзушы­лықтың 47 құрамын қарап, жаза қолдана алады. Азаматтардың құқықтарын қор­ғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былық, құқықтық тәртіп пен жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қор­шаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою – учаскелік полицияға жүктелген мәселелер тізбегі осылай жал­ғаса береді. Бұл тізімде кәме­летке толмаған жет­кіншектердің түнгі уақыт­та ойын-сауық мекемелерінде бол­мауын қадағалау, темекі өнімдерін тұ­тынуына тыйым салу да бар. Олардың мойнына есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүргендерді бақылау, нашақор және бұрын сотталған азамат­тардың тәртібін қадағалау міндеті де жүк­телген. Ал қазіргі кезде полиция есебінде осындай 100 мыңға жуық азамат бар.

 

Инспектор мәртебесін көтеру – өзекті мәселе

Қызметтік баспана беру, көлік­пен қам­тамасыз ету, мардымсыз жала­қы,­ шен алудағы шектеулер, жүктел­ген жауап­­кершілік бірдей болса да ең­бе­к­ақысы төмен учаскелік инспек­тор көмекшілерінің дұрыс ұйымдасты­рыл­маған жұмыстары – бұл күні кеше ғана көтеріліп жүрген мәселе емес. Ең ма­ңызды мәселелердің бірі – халықтың полицияға деген сенімін арттыру болса, бұл талапты осы қызметтен бастаған жөн болар.

Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеру мәселесі осыдан 18 жыл бұрын күн тәртібіне шығарылған болатын. Ішкі істер органдары тарихында тұңғыш азаматтық министр болып қалған Зауытбек Тұрысбеков осы қызметке түбе­гейлі өзгеріс енгізді. Екі жыл Ішкі іс­тер министрі болған уақыт ішінде ол учаскелік инспекторлардың материалдық жағдайын жасап, жалақыларын үш есе өсірді.

Сол жылдары ішкі істер саласында жүргізілген елеулі реформалардың бір нәтижесі – инспекторлардың көмекшілері үшін арнайы штат енгізілді. Он жыл осы қыз­меттің ыстығына күйіп, суығына тоң­­ғандарға қызметтік баспаналары же­ке­меншікке өтетін болып шарт та қойылды. Осының барлығы халықпен етене жақын жұмыс істейтін учаскелік полиция инспекторлары туралы қоғамның көзқарасын оңалтып, бұл қызметке деген құрметті де арттыра түскен еді.

Алайда уақыт бір орында тұрмайды. Замана бағыты мен бағдары әр саладан  жаңғыру мен жаңаруды, жетілу мен жақсаруды талап ете бастайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орындау ең бірінші жергілікті полиция қызметін жетілдіруден басталатынын атап айтты. Бұл тұста учаскелік инспектордың қызметі мен рөліне ерекше мән берген Президент оның мәртебесін заң бойынша арттыруды,  өнім­­ді жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасау­ды тапсырған еді.

Осы межеден алып қарайтын болсақ, бүгінгі учаскелік инспекторлардың беде­лі қандай? Жұрт өз учаскелік инспек­торларын тани ма? Қарапайым халық­пен тікелей жұмыс істейтін тәртіп сақ­шыларына қойылатын басты талап қан­дай? Олардың абыройына сызат түсі­ретін не? Мәртебесін көтеретін қан­дай фактор? Жалпы, Ішкі істер министр­лігі учаскелік полиция инспекторлары жұ­мысының тиімділігін арттыру үшін қан­дай жағдай жасауда? Жақында учас­келік инспекторлардың қызметіне қатыс­ты осы және өзге де маңызды сұрақ­тарға жан-жақты жауап берген ІІМ Әкім­шілік по­лиция комитетінің төрағасы Мұрат Бай­мұқашев учаскелік инспектор­лар мен олардың көмекшілерінің іс-қимыл­дарының арнайы алгоритмдері әзірлен­генін хабарлады. Бұл – қызметкердің қыз­меттік міндеттерін орындау кезін­дегі іс-әрекеттерінің жиынтығы. Халық­а­ра­­лық тәжірибеде мұндай алгоритм­дер көбінесе «стандартты» және «операция­лық рәсімдер» деп аталады. Заңнаманың жетілдірілуіне қарай алгоритмдер кезең-кезеңімен жаңар­тылып отырады. Қолайлы болуы үшін арнайы мобильді қосымша әзірленіп, бүкіл құқықтық база учаске­лік полиция инспекторлары мен олар­дың көмекшілерінің планшеттеріне жүк­тел­мек.

ІІМ алдағы уақытта әрбір учаскелік инспекторға көмекші бекітуді жоспарлап отыр. Яғни учаскелік полицей мен олардың көмекшілерінің штаты ішкі резервтер есебінен 1131 қызметкерге ұл­ғаюы мүмкін.

 

Қолжетімділік –  басты талап

Бүгінде Қазақстан бойынша барлығы 2 792 учаскелік полиция пункті жұмыс іс­тейді. Оның 687-сі қалада болса, 2105-і ауыл­дық жерлерде орналасқан. Алдағы бес жылда ІІМ жыл сайын аймақтарда кем дегенде 78 учаскелік полиция бекетін ашуды жоспарға енгізіп отыр. Себебі қазіргі таңда қалалық учаскелердегі жұ­мыс орындарының 30 пайызы алыста орналасқан. Бұл – 1552 учаскелік инспектор өзі жауапты аумақтан қашықта тұрады деген сөз. Осыған орай, ең алдымен, бұл қызметтің материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуға қатысты нақты шаралар қолға алынған.

Комитет төрағасы бұл бағытта ми­нистрлік жергілікті әкімдермен тиісті меморандумдар жасап, ортақ іс-шараларды қолға алғанын да жеткізді. «Жаңа полиция бекеттерін салу кезінде олардың орналасуына ерекше мән беріледі. Өйткені қазіргі таңда көп инспектордың бекеті өздері жауапты аймақтардан кем дегенде 2,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Соның салдарынан халықтың дені арыз-шағымдарын арқалап учаскелік инс­пекторға жеке бара бермейді. Сол себепті алдағы уақытта учаскелік инс­пек­торлардың орналасқан жерлерін қыз­мет көрсетілетін учаскелеріне барынша жақындату мәселесін жіті назарда ұс­тайтын боламыз», деді ол.

М.Баймұқашевтың айтуынша, қа­жетті әлеуметтік пакетті қалыптастыру кадрлық құрамның сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ық­пал етеді. Бұл сәйкесінше қызметтің тартымдылығын да арттырады. Осыған орай, үздіктерді іріктеу үшін үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары, оның ішінде бос жұмыс орын­дарына орналасуға қойылатын талаптар артты. 2019 жылы учаскелік инспекторлардың еңбекақысы 25%-ға өсті. Биылдан бастап олардың кө­мек­­шілерінің жалақысы 30%-ға кө­бейді. Қазір учаскелік инс­пекторлар еңбекақысының мөлшері 177 мың мен 260 мың теңге аралығында. Ал ке­лесі жылдан бастап учаскелік инс­пек­торлар еңбекақысы тағы 30, ал олар­дың көмекшілерінің ең­бекақысы 7 пайызға көтерілмек.

Сонымен қатар 2019 жылдың шілде­сінен бастап учаскелік инспектор­ларға тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы төленеді. Биылдан бастап бұл тізімге учаскелік көмекшілер де енгізілді. 1 сәуір­­ден бастап олар бұл тұрғын үй тө­лем­дерін тұрғын үйді сатып алу үшін төлем­дерді бөліп төлеу немесе ипотека­лық несие беру арқылы пайдалана алады.

Ауыл «Анискиндерінің» айтары бар

Учаскелік инспекторлардың мәртебесі мен мәселесі туралы сөз қозғалғанда ойы­мызға бірден ауылдық жерлердегі «Анискиндер» түсті. Онда да шалғай жатқан елді мекенде еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қазіргі жай-күйі қалай? Олардың күнделікті қызметте бетпе-бет кездесетін қиындықтары неде?

Біз осы сұрақтарды Батыс Қазақстан облысының екі инспекторына қойған едік. Оның бірі – облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта орналасқан Бөкей ордасы ауданы Саралжын ауылының учаскелік инспекторы Біржан Еркеғалиев. Саралжынның өзі аудан орталығынан 200 шақырымдай алыста жатыр. Мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жыл басынан бері үш қылмыс тіркелсе, 31 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 1 адам мен әкімшілік қадағалауда 1 адам есепте тұр. Алыстағы ауылда 15 жылдан бері учаскелік полиция инс­пекторы болып қызмет атқарып келе жатқан Біржан «біздегі басты мәселе – интернеттің нашарлығы» деп ағынан жарылды. «Байланысқа шығу мен ақпарат алмасуда кәдімгідей кешігіп жатамыз. Ал бүгінгі уақыттың талабын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Бәрін тез істеп, қажет мәліметтерді уақтылы алғанның жөні бөлек. Әкімшілік іс құжаттарды сотқа өткізу үшін ауданға жиі қатынаймыз. Сол кезде жолдың нашарлығы да көп кедергі келтіреді», деген ауыл сақшысы ауданда өлім-жітім болған жағдайда сот-медициналық сараптама өткізу үшін мәйіт тасымалдайтын арнайы көліктің жоқтығын да айтып қалды.

«Әр саланың өзіне тән қиындығы бар. Біздің қызметтің де ауыртпалығы аз емес. Жұмыс барысында түрлі келеңсіз оқиғаларға куә боласың, тіпті кейде өмір мен өлімнің арпалысына түсетін кездер де болады. Ауылдың телісі мен тентегін жөнге салған кезде кейде өзіңе қарсылық көрсетіп, бағынбайтын басбұзарлар да жолығып жатады. Осындай кездер­де жаныңда көмекшің болса, бір жағынан шығысар еді деп ойлайсың. Жалпы, ауыл­дық жерлерге көмекші штаты енгізілсе, біздің қызметті біршама жеңілдетер еді. Бұл ең бірінші жұмыстың жүйелі жүруіне көп көмек деп есептеймін. Мәселен, еңбек демалысына шыққанда, іссапарға кеткенде көмекші өте қажет», дейді ол.

Руфат Қабиев – Ресеймен шекаралас жатқан Жәнібек ауданы Тау ауылдық округінің учаскелік инспекторы. Аудан Орал қаласынан 500 шақырым алыста орналасқан. Тау ауылына жету үшін ауданнан тағы 35 шақырымдай жол жүруің қажет. Қазір мұнда 1300-ге жуық адам өмір сүреді. Инспектор биыл ауырлығы орташа екі қылмыс тіркеліп, екеуінің де ашылғанын айтты. «Ауылда 1 сотталған, профилактикалық есепте тұрған үш тұр­ғын бар. Ауыл ішінде түрлі жағдай болып жатады. Отбасылық жанжал, ұсақ ұрлық, келіс­пей қалу. Кейде тұрғындардың жеке мәселелеріне еріксіз араласып, арыз-ша­ғым­дары болса бетпе-бет отырып сөй­лесіп, түрлі сұрақтарына жауап беріп жа­та­мыз», деген полиция қызметкері шал­ғай жат­қан ауылдық округтердің ең басты мәсе­­лесі – учаскелік полиция инспекторы­на ауа­­дай қажет көмекшілер екенін алға тарт­ты.

«Мәселен, маған бекітілген ауылда 50-дей шаруа қожалығы бар. Әр қожалықтың қыстағы бір-бірінен алыс орналасқан. Ал ауылдың күнкөріс көзі – мал. Бізде жиі тіркелетін қылмыс та осы мал ұрлығымен байланысты. Әр қыстаққа барып, істің ақ-қарасын анықтау, куәгерлерден жауап алу кезінде жалғыз өзің жүріп уақытты өткізіп алып жатамыз. Сондықтан да қылмыстың алдын алуда, мал ұрлығын дер кезінде ашуда көмекшілердің көмегі зор. Қызметтің ауыртпалығын бөлісуде, халықтың сенімінен шығуда да олардың алар орны ерекше», дейді ол.

«Жәнібекке қарасты Талов, Жақсы­бай секілді ауылдар ауданнан тіпті 150-200 шақырымдай қашықта жатыр. Әр ауыл сақшысына артылған жауапкер­шілік бар. Алайда учаскелік полиция инс­пекторының жұмысына баға беру­ші – халық. Жыл сайын аудан, облыс көлемінде үздік учаскелік инспектор сайы­сы өткізіледі. Осыдан екі жыл бұрын ІІМ ұйым­дастырған республикалық слетте де үздіктердің қатарынан табылдық. Мұндай сайыстар үздік учаскелік полиция инспекторларымен кездесіп, тәжірибе алмасуда таптырмайтын алаң екені анық. Алай­да бұл жерде бастысы марапат емес, ең маңыздысы – халық сенімін ақтау, адал қызмет атқару», деген Руфат Ғұбай­доллаұлы бұл қызметке сабыр мен төзім­нің қажеттілігін де ескертіп өтті. «Себебі бізде таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін деп бекітіліп қойған жұмыс кестесі жоқ. Телефо­ның күні-түні қосулы, өзің апта бойы 24 сағат байланыста болуың қажет. Кім­нің, қай жақтан, қай кезде қоңырау шалып, шықыртатынын да білмей­сің», дейді ол.

Кейбір ауылда учаскелік полиция қыз­меткері – құқық қорғау органдарының жалғыз өкілі екенін ескерсек, ішкі істер орган­­дарында жүргізіліп жатқан рефор­ма барысында жоғарыда көтерілген мәсе­лелер де оң шешілер деген ойдамыз.

ТҮЙІН. Учаскелік полиция инспекторы Мемлекет басшысы белгілеп берген полицияның ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасына айнала ала ма? Жалақысын көтеріп, баспана берумен мәртебе мәселесі түбегейлі шешіле ме? Полиция инспекторының жаңа бейнесін қалыптастыру үшін тағы қандай жұмыс пен жағдай жасалуы қажет? Осындай тұрғындар тыныштығын күзеткен  жандарға қатысты сұрақтар алдағы уақытта да өзектілігін жоя қоймасы анық. Өйткені Президент атап өткендей, учаскелік полиция инспекторының азаматтар үшін танымал, қолжетімді, беделді болуы, олардың құқықтарын белсенді қорғауы үшін әлі талай іс тындырылуы тиіс.