• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Маусым, 2021

Жандарбек Мәлібекұлы: Елтаңбада Елбасының қол­таң­басы бар

1087 рет
көрсетілді

Егемендіктің, елдіктің бір белгісі – Елтаңба. Төл таңбамыз қалай дүниеге келді? Ондағы әрбір деталь нені меңзейді? Мұндай сұрақтардың жаттанды жауаптарын бәріміз білерміз-ау, бірақ автордың ойы мен тарихи туындының тереңіне бойлай білдік пе? Көкейдегі көп дүниені, айтылмаған сыр мен ашылмаған құпияны білмекке бел буып, Елтаңба авторын сөзге тартқан едік.

– Жандарбек аға, Елтаңбаға қалай келдіңіз? Мұндай қай­таланбас туындыны өмірге әкелу үшін ішкі дайындық болуы керек қой.

– Көп адам мені Елтаңба ар­қылы ғана таниды, тек осы ең­бегіммен сәулетші болып қа­лып­тасқандай көреді. Шын мәнінде өзің айтқандай, мен мұндай ірі жобаға үлкен дайындықпен келдім. Елтаңбаны ұзақ жыл тол­ғаттым десем де болады. Себебі мен оның нобайын сызғанда тура 50 жаста едім.

– Иә, сол уақытта сіздің Таш­кент­тегі беделді сәулетші­лер­­дің бірі болғаныңызды білеміз. Бірақ ауыл баласының инс­ти­тутта орыс тобында оқы­ған­дығынан бейхабар екенбіз...

– Қазір Қызылорда облысына қарасты шежірелі шаһар – Сы­­ға­нақтың жанындағы шағын разъез­­дің орта мектебін 1959 жылы бітірдім. Оқушы кезім­нен-ақ сурет-сызуға ерекше қы­зы­ғатынмын. Соны жетілдіру үшін Ташкентке оқуға барғым кел­ді. Одаққа таралатын «Пио­нер­ская правда» газетінен П.Беньков атын­дағы көркемөнер учи­лище­сінің шәкіртақы, тамақ және жатақ­ханамен қамтамасыз ететіні туралы оқыған едім. Мен үшін осы оқу орны ыңғайлы көрін­ді. Өйткені анамнан 5 жас­қа жетпей, әкемнен 15 жасымда айырыл­ған мен үшін өзім қалаған оқу орны әрі әлеуметтік көмегі бар училище тиімді-тұғын. Бірақ жолға да қаражат болмады. Сондық­тан ауылдағы бір кісіге 1 сомнан 10 мың кірпіш құйып беріп, жолпұлымды таптым. Ташкентке барғанда жататын жерім болмай, жергілікті бір өзбектің сарайында түнеген күндерім болды. Төсек те жоқ, шөптің үстінде жата­мын. «Қайыршыға жел қар­сы» деген ғой, құжатымды тапсы­рам деп жүргенде училищеге қабылдау аяқталып қо­­­йып­ты. Кері қайтуға на­мы­­сым жібермеді. Ташкентке по­йыз­бен бара жатқан жолда та­ныс­қан жерлестерім Ташкент поли­тех­никалық институтына оқуға түсуге кеңес берді. Сәтті­лік серік болып, политехника инс­ти­тутының орыс тобына қабыл­дандым. Орыс тілін мүлде білмей бір, қаржы қорым таусылып екі қиналдым. Намыстан биік дүние жоқ, базарда жүкші болып нанымды тауып жүрдім.

– Намысқа тырысып жүріп талай белесті бағындырыпсыз. Өзбек­стан мен Кубада І орын­ды иеленген ғылыми жұмысы­ңызды жазуға да сол қасиет итермеледі ме?

– Оның ең үлкен себепшісі – сол уақыттағы оқу жүйесі. Инсти­туттың күндізгі оқу бөлімінде оқи­тын құрылыс факультетінің сту­денттері кешке сабаққа әзір­леніп, таңнан күн батқанға дейін жұмыс істейтін. Қазір біз толық енгізе алмай жүрген дуалды білім беру жүйесі дегенің осы еді. Теория мен тәжірибені ұш­тас­­­ты­ратын ең дұрыс шешім бол­­­ды. Оның үстіне бізге сая­си қуғын-сүргінге ұшырап, Ор­та Азияға жер аударылған мық­­ты мамандар, білікті ұстаз­дар дәріс оқыды. Соның ішін­де В.Архангельскийдің жетекші­лігімен ІІІ курста ғылыми жұмыс жаздым. Қала құрылысына арналған еңбегім Өзбекстанда және Кубадағы халықаралық байқауда І орынды иеленді. Бұл мені осы салада одан әрі ең­бектенуге шабыттандырды. ІV курста студенттермен бірге Украинаның астанасы Киев­тегі жоғары оқу орнының химия факультетінің ғимаратын жөндеуге бардық. Осының барлығы біздің ертерек еңбек адамы болып қалыптасуымызға сеп­тігін тигізді. Соңғы курста Өзбек­стан мемлекеттік қала құрылысы мекемесіне жұмысқа тұрдым. Сол жерде табан аудармай істе­ген 40 жылдық еңбек өтілімде Самарқан, Ангрен, Ахангаран, Ферғана, Ташкент қалаларындағы құрылыстарға жетекшілік еттім. Біз бірінші болып Самарқанда 9 балдық жер сілкінісіне төтеп беретін биік ғимарат тұрғыздық. Бұдан бөлек аталған қалалар мен басқа да облыстарда 100 шақ­ты нысан салынды. Оның ара­сында тұрғын-үй кешендері, жатақ­хана, сауда орталықтары, әуе­жай бар. Айтпақшы, Самар­қан­дағы музы­калық драма театры­ның құ­рылысы – төл туын­дым. 40 жыл­ғы еңбегім еленіп, «Өзбек­стан­ның құрметті сәулетшісі» атандым.

– Осынша білім мен біліктің нәтижесінде Елтаңба өмірге келді ғой?...

– Елтаңба – Отаныма деген сағынышымның жемісі, шеттегі қарадомалақтың терең тарихы, жо­ғары мәдениеті, өлмейтін ру­хы, тәрбие тұнған салт-дәс­түрі, бай өнері сақталған егемен елі­нің бар екеніне деген мақ­таны­шының, осының бәрін мойын­да­мағандарға өз кәсібімен көрсеткі­сі кел­ген сәулетші еңбегінің нәти­жесі. Бұған қоса туған жерден жырақта жүрген жанға тәуелсіз мемлекетінің іргетасын қалауға атсалысу, осындай тарихи жолда қолтаңбасы мен өз ізін қалдыру – ештеңемен алмастырмайтын асқақ абырой, қасиетті қызмет.

– Тамаша! Ендеше, сол уақытқа кері оралайықшы.

– Мен о кезде Самарқандағы халықаралық қордың Әмір Темір цитаделі жобасына жарияланған байқауға қатысып жатыр едім. «Лениншіл жас» газеті қолыма тиді. Онда Қазақстан рәміздеріне байқау жарияланғаны жазылып­ты. Сол уақытта тарихи архео­ло­гия­лық кітаптарды оқып, терең ой­дың жетегінде жүрген болатынмын. Содан барлық қосымша жобаларды жиып қойып, Елтаң­баның сызбасын сызуға кірістім. Оның идеясы бір ай ішінде ойы­ма келді. Ақиқатында қасиетті Отаны­ма, туған жеріме деген пер­зенттік парызым мені алға жет­еледі. Сөйтіп өзге елдер­дің елт­аң­баларын қарадым, зертте­дім. Біздің мөрімізде халқы­мыз­дың ата-бабалары – сақ, ғұн, түрік, қыпшақтан бастау ала­тын қанша мың жылдан аса тарихы мен мәдениетін көр­сету­ді көздедім. Осы мақсат миым­ның бір түкпірінен орын алып, шықпай қойғанда қазақ­тың күнделікті тұрмыста айты­латын «Шаңырағың биік, босағаң берік, керегең кең болсын!» деген тілектер санамда қай­та жаң­­ғырды. Осылайша мем­ле­ке­ті­міздің Елтаңбасында халқы­мыз­­дың ең киелі ұғымы шаңы­рақ­ты бейнелеуге белді бекем байладым. Өзбек мемлекеттік қала құ­ры­лысы мекемесіндегі негізгі жұ­мы­сым­мен қатар байқаудың талап­тарына сай Елтаңбаның макетін жасап, 1992 жылғы сәуір айының соңында Қазақстан Респуб­ликасының Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне апарып тапсырдым. Мен жұмысымды 173-ші болып өткіздім. Сөйтсем байқауға 293 жоба тапсырылыпты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған, қоғам қайраткерлерінен, ХІІ ша­қы­рылымның депутаттары­нан тұратын әділ қазылар жұмыстар­ды қатаң қарады.

– Елтаңбаның алғашқы түпнұсқасы «КамАЗ»-бен жеткізілген екен...

– Иә, солай болды. Өйткені диа­метрі 2 метр болатын Елтаңба ұшаққа да, пойызға да сыймады. Сондықтан амалсыз Шымкенттен жүк көлігін жалдап, Елтаңбаны Алматыға «КамАЗ»-бен жеткіздік. Комиссияның бірнеше отырысынан кейін, анығырақ айтқанда 1992 жылы 4 маусымда тарихи сәт те таяды. Әуелі таңертеңгі сағат 10-да Мем­лекеттік Елтаңбаны тал­қы­лау басталды. 5-6 сағаттық қызу талқылаудан кейін, шамамен 17.00-де 293 жобаның ішінен 10 жоба іріктелді. Сол ондықтан менің жобам дараланып шықты. Сөйтсе мен жасаған Елтаңба комиссия мүшелерінің ғана емес, миллиондаған отандасымның кө­ңі­ліндегіні дөп басыпты. Се­бебі әр адамның жүрегінде өзі туып-өскен қара шаңырақ ең бір қастерлі, киелі мұрасындай сақталған. Дегенмен кейбір комиссия мүшелері Елтаңбадағы жұлдызды тоталитарлық жүйенің сарқыты, діни астары бар ой деп қабылдай алмады. Сонда Пре­зи­дент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – темір­қазық! Оның дінге де, Кеңес ке­зеңіне де еш қатысы жоқ. Қазақ халқы жұлдызың жансын, деп тілек айтқан. Біздің өз жұл­ды­зымыз, өз даму жолымыз бар», деп тартысты талқылаудың нүк­те­сін қойған еді. Сол себепті мен бір нәрсені үнемі айтып жү­ре­мін: Елтаңбада Елбасының қол­таң­басы бар. Ол жұлдызды өзі қада­ған Елтаңбаға.

– Елтаңбадағы шаңырақты биіктетіп, берік етіп ұстап тұр­ған уықтарды – халықтар дос­ты­ғының символы, басқұрды дүниенің тепе-теңдігін сақ­тайтын ұғым деп жүрміз. Бірақ тұлпардағы мүйізге көп назар аудара бермейміз.

– Байқасаңыз, тұлпарда мү­йіз ғана емес, қанат та бар. «Ер қанаты – ат» дейтін қазақ үшін тұл­пардың қаншалықты қа­сиетті, киелі екені белгілі. Ал Елтаң­ба­дағы тұлпар – қажымас қай­рат пен жасымас жігердің, тәуелсіз­дікке, еркіндікке ұмтылған құл­шыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар қазақ мифологиясы мен фольклорында кең тараған. Бұл – ұшқыр арманның, биікке самғаған жасампаздықтың, алға өрлеудің, талмас талап пен асыл мұраттың белгісі. Қанатты жылқылар «Есік» қорғанынан табылған, бұдан 2,5 мың жыл бұрынғы сақ ханзадасы – «Алтын адамның» бас киімінде бейнеленген. Ал мүйіз қайдан алынды? 1969 жылы Жамбыл об­лы­сындағы Билікөлдің оң жаға­лауынан үш мүйізді бас киім ки­ген адамның тасқа қашалып жа­сал­ған бейнесі табылған. Түркі дүние­сіндегі әпсаналар бойынша мүйіз – батырлық, байлық, ырыс, дәулет, өсіп-өнудің символы, сондай-ақ биліктің, көсемдік пен өжеттіктің көрінісі. Шын мәнінде, бәрі тарихтан бастау алған. Бар ойым киіз үй пайда болғаннан бергі қазақтың болмыс-бітімін, терең тарихын, тегін көрсеткім келді. Ойымдағыны өнермен бейнелегенде бұл қарашаңырақты қоршаған, қазақ халқының өткені мен бүгінін, болашағын қана­ты­на байлап, тұрақтылықтың таң­басындай ерге бекінген тек­ті тұл­пардың тұрпаты болып шықты.

– Ал мүйіздегі 7 бөлік ненің белгісі?

– Елтаңбадағы тұлпардың мүйі­зінде 7 сақина бар. Бұл мүйіз­ді бөліп тұрған жоқ, керісінше біріктіреді. Сол 7 сақина – тек­тіліктің таңбасы. Қазақ – 7 ата­сын білген, 7 атаға дейін қыз алыс­паған текті халық. Этно­граф­тардың айтуынша, осы игі дәс­түрді ұстанатын өзге ұлт жер бетін­де жоқ. Аттың алып қанаты ас­тын­дағы кіші, ортаншы және үл­кен қауырсындар – ұлы жүз, орта жүз, кіші жүзді білдіреді. Ара­сын­дағы «Белестер белгісі» – қожа, сунақ, төрелер. Олар руға жат­паға­нымен, қазақтардың қата­ры­на қосылып кеткен. Ал енді осы­ның бәрі барып, жылқыдағы жота іспеттес омыртқаға бірігеді. Түбі бір қазақ дегеннің мағынасы осы. Этнограф, ғалым Ақселеу Сей­дім­бек: «Қазақта рушылдық болуы мүмкін емес. Оны болдыр­май­тын тетікті ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткені менің шешем, әйелім, келінім басқа жүз­ден. Сонда басқа жүзден бол­ғаны үшін шешемді, әйелімді, келі­німді тәрк етуім керек пе? Оған бару мүмкін емес, қазақта рушыл­дық, жүзшілдік бар дейтін адам қазақ ұлтының ішкі этножаралым те­ті­гін, механизмін білмейтін көр­­соқырдың нақ өзі», депті. Осы­дан асырып айта алмаспын.

– Елтаңбаның төменгі тұ­сын­да тұрған қошқар мүйіз қан­дай ойды білдіреді?

– Жөн, мұны айтпай кетуге бол­мас. Қазақтың бар ою-өрнегі қош­қардың мүйізінен алынған. Бұл ою жазу-сызу пайда болмай тұрған кезде болған. Мұның өзі біздегі өнердің тереңдігін, мәде­ние­тіміздің әріде жатқанын білді­реді. Ал мен қошқар мүйізбен босағаның екі тұсындағы желбау­ды бекітіп қойдым, «Босағаң берік болсын!» деген осы.

– Елтаңба мен оны жасау жолдары осыған дейін бірнеше рет өзгертілді. Неге?

– Өзгертілген жоқ, уақыт өт­кен сайын қажеттіліктеріне қарай дамытылып, жетілдіріліп отырды. Елтаңбаның алғашқы үлгісі пенопластан дайындалған. 1992 жы­лы 4 маусымда бекітілген жоба 5 жылдан соң, тарихи шешім кезінде қоладан құйылып, 32 кило­лық үлгіні жаңа астанамыз – Елор­даға құрметті күзет сарбаздары жеткізді. 2004 жылы Елтаңба Астанада гипстен жасап шығарылды. Бірақ бұл үлгі тех­но­логиялық жағынан дамы­ма­ған еді. 2006 жылы мен Ел­таңба элементтеріне ғылыми атау­лар берумен айналысуға ар­на­дым. Ондағы әр бөлшектің өл­шем­дерін анықтап, тарихи сипат­тама, 41 атауға түсінік бер­дім. 2007-2014 жылдары CorelDRAW бағдарламасында ком­пью­терлік сызба өлшемдерін жаса­дым. Ал оның 3D модельдік өлшем­дерін құрастыру екі жылға созыл­ды. Сол уақыт аралығында менің авторлық нұсқауыммен электрон­ды жүйесі қалыпқа сәйкес қайта жасалып, оның үлгілері гипстен, силиконнан әзірленді.

– Мұның бәрі не үшін керек?

– Мемлекеттік таңба ешқан­дай бұрмалауға түспеуі тиіс. Осы мақсатта 2015 жылы сонау 2008 жылы бастаған маңыз­ды жұ­мы­сымды соңына жет­кізіп, Қазақ­стан мемлекеттік Стан­дарт­­тау және метрология коми­теті­­нің ма­ман­дарымен, «Мекен KZ» ком­па­ниясының өндірістік ұжы­мымен бірге жаңа стандарт үлгі­сін жасап шықтым. Тұңғыш рет циф­р­лы компьютерлік жаңа техно­логияның нәтижесінде Мем­лекеттік Елтаңбаға про­пор­циялық өлшем­дердің автоматты өндірістік жасау тәсілі енгізілді. Авторлық талаптарым, сондай-ақ Парламент қабылдаған заңнама толық сақ­талды. Осы 7 жылдық жұмыс­тың жемісі, 2016 жылдың 1 қаң­тарынан Мемлекеттік Елтаң­ба­ның техникалық шарттары туралы жаңа стандарт бойынша (ҚР. СТ 989-2014) мемлекеттік рә­міз­дің стандартты үлгісі өндіріс­ке ен­­гізілді. Бұл стандарт түрлі ауыт­­­­қу­шылықтармен дайында­лып, сатумен айналысқан меке­ме­лер­­дің ісіне және өзге де келеңсіз­дік­терге тосқауыл болды. Өйткені ен­ді Елтаңба жасаушылар дизайнды электронды түрде орындауы тиіс. Сондай-ақ мұндай өндіріс орын­дары Елтаңбаны жасаудың әдістемелік нұсқаулығын қоса алуы керек.

Ал өзгеріс десек, 2019 жылғы 1 қа­рашадан бастап Елтаңба елі­міз­дегі тағы бір тарихи шешім­нің көш­басшысына айналды. Біз өз әліпбиімізге қайта келдік. Пре­зиденттің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәй­кес Елтаңбаға өзгеріс енгізілді. Он­­дағы еліміздің атауы латын қар­пі­мен жазылды. Мемлекеттік Ел­таң­баға латын қарпінің енуі – оны бүкіл ел болып қабыл алды деген сөз.

– Сіз осы сұхбатқа универси­тет­тегі жұмысыңыздан көңіл­ді оралдыңыз. Талай биікті ба­ғындырып, жастық шақтағы арман-мақсатының бәрі орын­далған кісіні қуанта алатын қандай құдірет?

– Адамда арман-мақсат деген біткен бе? Иә, сексеннің сең­гіріне шыққанда бізді кез кел­ген нәрсе таңдай қақтырып, көрін­ген дүние қуанта қоймайды. Кө­ңілг­е қонса, қуантса, онда бұл ертең­гі ұрпақ, мәңгі жасаса деп арман­дайтын халқымыз, ұлтымыз үшін жанталасып жүрген жылдар бойғы жұмысымыздың жемі­сі болуы керек. Сондай бір қолға алғаным – қазақтың ұлт­тық ар­хи­тек­тура­сы­ның негізін қалау. Ұлттық архи­тек­тураны бедерлейтін кез кел­ді. Өзім жұмыс істейтін Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Сәулет-құрылыс факультетінің деканы Темірхан Толқынбаев шақырып, Oitek архитектура академиясын ашуды ұсынды. Ғылыми-зерттеумен айналысатын орталық немесе бір институт болғанын қалаймын.

– Иә, біздің бүгінгі архитек­тураға ғылыми негіз жетіспей жатқан секілді. Себебі еліміздің тарихында қанша ғасыр өтсе де сүйегі сақталып тұрған көне ғимараттар бар. Сол сәулет өнері туындыларының құпиясы әлі ашылмай жатқандай...

– Дәл солай, көп сырдың беті әлі ашылған жоқ. Көне қалаларды көбіне археологтар мен тарихшылар зерттейді. Осы жүйелі жұ­мыстардан архитекторлар қа­лыс қалып қояды. Ғылыми негіз­сіз, зерттеусіз, жобалап жаса­ла сал­ған кез келген нәрсенің ғұ­мы­­ры келте келеді. Ұлттық ар­хи­­­­тек­­тура бізге не үшін керек? Қазір адамды, адамзатты бір дү­­­ние­­нің формасын көшіріп бе­­ріп таң­ғал­дыра алмайсыз. Ал біз­­де төл өнер, сәулет өнері жоқ емес, бар ғой. Соны қайта жаң­­ғырт­сақ, ұлттық архитектура­мыз­ды қалыптас­тыр­сақ, төл туын­ды­лары­мызды тудыр­сақ, ең әуелі ұлттық кодымызды, ұлт­тық бол­мысымызды сақтап қа­ла­­мыз. Екіншіден, терең оймен, ас­қан ше­бер­лікпен, ұлттық дәс­түр­мен са­лын­ған құрылыстар ту­рис­тер­ді тартуға түрткі болады. Оң­түс­­тік­­тегі Өзбек еліне турис­тер ағы­ла­­ды да жатады. Неге? Өйт­кені олар­­да ұлттық архи­тек­тура­сының са­ры­ны сақталған. Үшін­шіден, бұл ұлт­тық сәулет өнері­нің дамуына бас­тайды. Көр­діңіз бе, бір ғана ұлт­тық архитектура – мә­де­ниет пен өр­кениеттің өлшемі, те­рең тари­хы­мыздың көрсеткіші, ішкі туризмнің дамуы, айналып кел­генде тұрақты эко­но­миканың негізі бола алады.

– Ал ғылымға негізделген ұлттық архитектура қандай болуы керек?

– Біздің әрбір сәулет өнеріміз­ден, тіпті мынау күнделікті салынып жатқан көпқабатты үйлер­ден де, түрлі ірі ғимараттардың құ­ры­лы­сынан да қазақылықтың исі аң­қып тұруы тиіс. Бұл үшін қазі­ргі құрылыс нысандарының стан­дарттарын өзгерту керек. Біз әлі күнге дейін сонау 30 жыл бұ­рын күйреген Кеңес кезеңінің өлшемдері мен стандарттарынан арыла алмай келеміз. Бізге ұлттық құндылықтарымызға негізделген құрылыс стандарттары мен архитектурасы керек. Мен мұны Oitek архитектурасы деп атадым. Бұл – ұлы дала мәдениетінің философиялық құндылықтарын қамтитын жаңа бағыт әрі салт-дәстүрімізді дәріптейтін бірден-бір ғылым. Онда мемлекеттік рухани жаңғыру идеологиясы ұлттық санамыздың рухани негізі ретінде қарастырылады. Oitek «ой» және «тек» деген қазақ хал­қы­ның ұғымындағы «ойлау» жүйе­сі мен «тектілік» түбірінен алынған.

Қазақ – текті халық. Бірақ сол тектілікті қалай көрсете аламыз? Осы мәселеге сәулетші ретінде қарап көрдім. Ұсынған шешімім – ұлттық архитектураның негізін рационалды түрде әлеуметтік инфрақұрылымда қолданысқа енгізу. Oitek архитектурасы ақыл, парасат, сана тұжырымдамасы арқылы дүниенің тұтастығын, қазақ елінің ішкі және сыртқы функ­циясындағы табиғи үйлесім­ділікті көрсетуге бағытталған. Мен осы Oitek архитектурасын ғылыми негіздеумен 10 жылдан аса уақыттан бері айналысып келемін. Бұл – ескілікті аңсау емес, болмыстан ажырамау, сананы жаңғырту арқылы ата-баба мен бүгінгі, келер ұрпақ арасындағы бай­ланысты нығайтудың жолы.

– Сіз рухты жаңғыртуды әлдеқашан бастап кетіпсіз ғой. Ал осындай ой мен өнердің ұштасуынан туған туындылар бар ма бүгінде?

– Бар. Елбасының идеясымен, сызбасымен салынған «Бәйтерек» монументі – ой мен өнердің үй­ле­сім­ді жемісі. «Бәйтерек» – тек­ті­лік­ті білдіретін функциялы, мо­ну­менттік әрі интер­на­цио­нал­­ды архитектуралық шаңы­рақ­­тың нышаны. Мұнда «Елім, же­рім, халқым бәйтеректей саялы, қа­сиет­ті болсын!» деген тілек жатыр. «Бәй­т­ерек» ғи­мара­ты Па­риж­­дегі «Эйфель» мұ­нарасы­мен шен­­десе­ді. Эйфель мұ­на­расы десе, Па­риж еске түсе­тін­дей, «Бәйтерек» те Ас­тана мен Қазақ­стан деген ұғым­­­ды асқақ­тат­ты. Сондай-ақ қа­­­ла­­ның символы­на айналды. Дәл осы ны­­сан ұлттық сәулет өнерінің – ұлт­­тық ар­хи­тек­турамыздың не­гі­з­ін қа­лады деп толық айтуға болады.

 

Әңгімелескен

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

P.S. Сұхбатты әзірлеп болған соң, журналистік қызығушылықпен кейіпкеріміз еңбек ететін Еуразия ұлттық университетіне барған болатынбыз. Тұтас кафедра академияға айналғандай. Академияға арналған кафедра есігінің маңдайшасында Oitek arhitekturasy деп жазылыпты. Ал дәліздегі ұзын қабырғада ұлттық архитектураның негізінде сызылған құрылыс нысандары жобаларының эскиздері ілулі тұр екен. Әлі іске асырылмаған жобалар атауларының («Ұршық», «Аңырақай», «Құрманғазы», «Жеті қазына) өзінен төл архитектураның иісі аңқиды. Ішкі мазмұны мен құрылыс философиясының болмысымыздан бағдар беретіні – бөлек әңгіме.