Заманауи қоғамның тамырын дөп басқан талантты жастардың қатарында Ұлан Үсенов те бар. Ол – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Алматы қаласындағы High Tech Academy инновациялық мектебінің химия пәні мұғалімі.
Ұлан: «Мұғалім болуды мақсат етпедім, бірақ балаларға химия пәнінің ерекшелігін түсіндіре жүріп, ұстаздық деген киелі кәсіптің әліппесін жылдам меңгеріп кеттім», дейді.
Бала күнінен қызығып көретін «Наруто» жапон анимелерін химия пәні сабағында қолдану арқылы TikTok әлеуметтік желісінде 300 мыңнан астам көрермен жинаған 28 жастағы талант жайлы жыл басында ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Осы кезде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те жас дарынға ыстық лебізін жолдаған еді. Енді, міне, Ұлан Үсенұлының ұтқыр әдіс-тәсілдері республикаға мәлім болып отыр.
Ұланның TikTok аккаунтын ашып, алғаш хоббиден басталған бейнесабақтары оқушылар іздеп жүріп көретін білім беру құралына айналған. Химия пәніне қатысты қызықты мәліметтерді бөлісіп, сабақ үйретуді күнделікті жұмысының маңызды бөлігіне айналдырған креативті мұғалімнен оқушылар мазмұнды контент күтеді.
Ол көптен бері шағын сабақтарын Мinecraft ойыны арқылы түсіндіруді жоспарлап жүргендігін айтады. Алғаш хобби ретінде басталған кәсібі балалардың қызығушылығын арттырып, әрі қарайғы ізденістеріне жол ашты. Осылайша, жас ұстаздың бейнесабақтарына қызыққандар қатары көбейе берді. Бірте-бірте сапалы контент жасауға көшкен жас маман бейнежазбаларын жапон анимациясымен жалғастыра беруді қажет деп тапқан.
Ұлан жастайынан журналист, актер немесе режиссер болғысы келгенін айтады. Алайда цифрландыру кезеңі биология, физика, химия, т.б. мамандықтар саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Осы орайда оның Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне оқуға түсу жайындағы ойын атасы мен әжесі де қуана құптаған. Әсия әпкесінің де ақыл-кеңесі зая кеткен жоқ. Өкінішке қарай, ауған соғысының ардагері болған әкесі баласының жетістіктерін көре алмай кетті. Ал құқық қорғау құрылымдарында еңбек ететін анасына ұлының әрбір жетістігі – зор мәртебе.
Әрдайым ізденісте жүретін жас маман магистратурадан кейін жоғары оқу орнында оқытушылықпен айналысуға да болатын еді дейді. Алайда әрі қарай білімін жетілдіруді мақсат ете отырып, Санкт-Петербургте, одан кейін Жапонияның Сайтама, Американың Кливленд, Ұлыбританияның Кэмбридж қаласында тәжірибеден өткен Ұлан үшін білім әлемінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Білім мен ғылымның межесіне инженер-технолог болып баруға шешім қабылдап, бір жыл көлемінде Сайтама университетінен шақырту күтіп жатқан жас маман Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. «Зияткерлік мектепке келгеннен кейін мұғалімдікке бірте-бірте қызыға бастадым. Қатардағы мектептерде де пәндерді қызықты етіп өткізуге болады. Ал талантты да талапты балаларды оқыған ортасына қарап, бөліп-жарып қарай алмаймыз. Әрине, қатардағы мектептерде мұндай бейнесабақтар басқаша мазмұнда жасалуы мүмкін. Ол балалардың санына, тапсырманың деңгейіне де байланысты болады. Тек оларға пәнді қызықты етіп өткізе білу керек», деген Ұлан Үсенұлы зияткерлік мектептердің бірінде химия пәнінен сабақ беретін жұбайы Гүліммен сабақ барысына қатысты ойларының ортақ екенін айтады.
Жаңашыл мұғалімнің TikTok-та танымал болған кезі қашықтан оқытумен тұспа-тұс келді. Ол әрбір оқушыға сабақ барысын түсіндіруде ерекше әдіс-тәсілдерді меңгеру қажеттігін түсінді. «Пәндерді баламен бетпе-бет отырып оқытудың ұтымды тұстары көп. Ал бейнесабақтар негізгі пәндерді алмастыра алмайды әрі академиялық салмағы да бәсең. Дегенмен жаңашыл ізденістер – мұндайда таптырмайтын құрал. Балалар үшін аниме, поп-мәдениет тәсілдерін қолдану пән тақырыптарын түсіндіруде тиімді», дейді ол. Креативті ойдың иесі әрі қарай өз контентінде сабақ түсіндіру әдістемесін бөлісе келе, бір бейнежазбаға шамамен үш сағаттай уақыты кететінін айтады. Бұл жай ғана бейнесабақ емес, пән бағдарламасын бір минутқа сыйдыру үшін, идеясы, материалына назар аударумен қатар, монтажға да аса ыждағаттылық керек. Оқушылар алғашында бейнежазбаның пән сабағы екенін түсінбей де қалады. Ойын-сауықпен басталған сабақ бірте-бірте баурап әкетері сөзсіз. Ал үйрету үшін де, үйрену үшін де ынта керек.
Осылайша, жас ұстаздың ізденімпаздығы балалардың ғана емес, ата-аналардың да назарын аудара бастады. Күрделі деген формулалардың өзін балалар қызыға меңгеретін болды.
«Химияны оқығысы келмей жүрген балаларда ынта пайда болды. Интерактивті технологияларды жетілдіру мен игеру – бүгінгі цифрлы қоғамның талабы. Геймификация және дербестендіру сияқты ұғымдар да өзекті. Балалар көп уақытын әлеуметтік желілерде өткізетіндіктен, бұл платформаларда оқушылар үшін пайдалы контенттердің көп болғаны тиімді. Олардың назарын аудару үшін TikTok, Instagram, Netflix сияқты алаңдарда қызықты ақпараттар жүктеу маңызды. Осы орайда болашақ мамандар үшін жаңа технологияларды игере отырып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында біліктілікті арттыру курстары, киберпедагогикаға, сандық және тағы басқа дағдыларды меңгеруге бағытталған кешенді бағдарламалардың болғаны абзал», дейді Ұлан Үсенұлы.
Химия, биология, физика сияқты қолданбалы пәндерді тәжірибесіз меңгеру мүмкін еместігін алға тартқан жас маман алдағы уақытта химияға қызығатын балаларға тәжірибе алаңы мен зертханалық жұмыстар үшін арнайы зертхана жасауды жоспарлап жүр. Ал алдағы он шақты жылда білім саласында жұмыс істеуді жалғастыруды мақсат ете отырып, бүгінде білім саласында әлі де игерілмеген салалардың көп екенін айтады. Оның айтуынша, балаларды физика, математика, химияға жақсылап үйретуге болады. Ал нәтижесі баланың мектепте алатын бағасымен байланысты емес. Ең бастысы – оның көңілін табу, оқуға деген ынтасын ашу. Мұғалімі жақсы болғанмен, өзіне сенімсіздігі басым балалар да бар. Осы орайда мұғалімнің де, ата-ананың да міндеті – баланың өмірінде бақытына айналатын бағытқа бағдар беру. Кез келген өзгеріс қалыпты жағдайдан шығып, күйзелістен, жұмысбастылықтан арылуды қажет етеді. «Биыл білім сапасының төмендеп кеткенін пән олимпиадаларынан білдік. Дегенмен де алға жылжу байқалады. Қашықтан оқытудың да ұзаққа созылмайтыны белгілі. Десек те өмір бойы мектеп табалдырығын аттамай, қашықтан оқитын балалар да бар әрі оқытушысы шетелде тұратын курстар да өз тиімділігін көрсету үстінде. Ал елдегі пандемия жағдайы қашықтан оқытуға мамандануға ықпал етті. Біз осыдан көп тәжірибе жинадық. Мектеп – шәкірт үшін қателесуге болатын және қатесін түзеуге мүмкіндік беретін орта. Сонда ғана балалар қиындықты жеңіп, қызыға оқитын болады. Ал мұғалім – сол қателіктермен жұмыс істеуге жол көрсететін кәсіби маман», деп ойын түйіндеді ол.
АЛМАТЫ