• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Маусым, 2021

Сovid-19: Алғы шептегі дәрігерлер не дейді?

300 рет
көрсетілді

Індет құрсауы қысқаннан бері дәрігерлердің өмірі бейне бір майданның алғы шебіне ұқсап кеткендей. Әу баста Т.Рысқұлов көшесіндегі ғимарат балалардың инфекциялық ауруханасы болуға арналып салынған-ды. Ал пандемия басталғалы мұнда тек Сovid-19 инфекциясын жұқтырғандар емделіп жатыр.

Аурухана қызметкерлерінде еш тыным жоқ. Күнделікті дәрігерлердің тексеруі, кезекші дәрігердің қадаға­лауы, процедуралардың үзбей жүргізілуі, сатурация мен қан қысы­мы, дене қызуын өлшеу, күніне не­ше мезгіл тазалық жұмыстарының атқарылуы, толып жатқан талдамалар алу, өзге де аппараттық зерттеулер жүргізу – не керек, пациенттермен арадағы байланыста еш кідіріс болмайды. Оның үстіне жағдайына қарай бірде ана науқас, бірде мына науқасқа көмек қажет. Соның біріне де қабақ шытпастан, үстіндегі қорғаныш киімдерінің ыңғайсыздық туғызатынына қарамастан, зыр жүгірген үлкенді-кішілі медицина қызметкерлерінің ерлікке парапар ісіне риза боласың.

Осы аурухананың «Б» блогы­ның да күнделікті тынымсыз өмі­рінің барлық бөлімдерден айырмасы болмағанымен, мұндағы дәрі­герлер – бір шамадағы жап-жас қазақтың жігіттері. Олардың көп уақыты «қызыл аймақта» өтетін болғандықтан, әңгімелесу үшін аурулар тарихын толтырып, емделіп шыққандардың құжаттарын даяр­лайтын «таза аймақтағы» дәрігер­лердің ординаторлық бөлмесіне өтуін тосуға тура келді.

– Жалпы жұртшылық аңғарма­ғанымен, күнделікті бұл аурудың қай кезде өршіп, қай кезде бәсеңдейтінін осындағы қызметкерлер жақсы біледі. Мәселен, қалада шектеу мер­зімі бәсеңдегенде, иә аяқталғанда немесе халық көп жиналатын мереке, ауызашар, айт болған соң 14 күннен кейін аурулар көптеп түсе бастайды. Біз әр мереке өткен сайын күндерді санап дайын отырамыз. Бұл – халықтың әлі де сақтанбайтынын, ауада тарайтын вирус бар екенін біле тұра маска тақпайтынын, қа­шықтықты есептемей, аралас-құ­раластықты үзбейтінін көрсетеді. Былайша айтқанда, маңайын да, өзін де аурудан сақтайын деген жауапкершіліктің кемшіндігінің көрінісі. Негізі Сovid-19 бұрыннан созылмалы, әсіресе қантты диабет-сусамыр, қан айналым жүйесінде аурулары бар адамдарда ауырырақ, түрлі асқынулармен өтеді. Ал созылмалы дертті жандардың көбі үлкен адамдар екені аян. Сондықтан кімнің бойында созылмалы ауруы болса сол жандар күнделікті тағайындалатын препараттарын ішіп, тобанаяқтанып қалмай бел­сенді түрде жүріп-тұруы, диетаны қадағалап, денсаулықтарын ба­қылауда ұстап отырғаны жөн. Әйтпегенде, ағзаға түскен вирус сол ауру бар жерді одан сайын қозғап, емді қиындататындар өте көп. Бізге сондай әр жанның емделіп шыққаны көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сол күні жұмысыңа қанаттанасың, ал пациенттен айырылып қалу еңсеңді түсіреді, саған ғана емес, бүкіл әріптестеріңе әсер етеді, – дейді дәрігер Ерлік Серкеш.

Оның әңгімесін іліп әкеткен әріптесі Серік Көптібай мына бір жайтқа назар аударған.

– Вирус жұқтырып алғандар әдетте үйлерінде өз бетінше емдеуді бастайды. Халықтың арасында ауруды жеңу үшін тамырдан тамшылатып сұйықтық беру өте тиімді деген түсінік бар. Соны есепке алып, бас салып ерітінділер құйдыра бастайды. Ал оның зиян, қауіпті жағы бар. Өйткені вирус өкпені жайлағанда ол ісініп кетеді, өкпеге сұйықтық жиналып, өздігінен дем ала алмай, ақырында өкпені жасанды демалдыру құрылғысына қосуға тура келеді. Сондықтан оқырмандар егер КТ көрсетпесе, дене қызуы көтеріліп, тал­дамалар көрсетпесе, сұйықтық құйдыруға мүлдем болмайтынын ескерсе екен. Сосын тағы бір қауіпті нәрсе – ауру белгісі білінісімен антибиотиктер қабылдауды бастап жіберу ағзаның иммундық қабілетін төмендетіп, ауруға қарсы күресуін тежейді. Вирустық ауруға мұндай ем көмектеспейді, ал ан­тибиотиктерді вирустық ауруға бак­териалық флора қосымшалық жасағанда, түрлі зерттеулерге, клиникасына қарап, дозасын есептеп барып қолданамыз. Үйде емделгенде неғұрлым қымбат, қуатты дәріні алсақ, соншалықты тиімді деген қате түсініктен арылу қажет. Кім өзіне зиян келтірсін, осының барлығы білместіктен болып жатыр. Мәселен, вирусты пневмонияда тыныс алу жаттығулары көмектеседі деп ауру өте белсенді демігіп, оның үстіне қызуы көтеріліп, клиникалық белгілер өте айқын кезінде жасаған жаттығудың пайдасынан зияны көп. Сондықтан үйде емделіп жатқандар осыны жадында ұстауы керек, – дейді ол.

Мамандармен әңгімеден біраз жайтқа қанықтық. Мәселен, ауырып, емделген жанның бойында 14 күн мен 6 айдың ішінде антидене түзілуі жүреді екен. Сондықтан дәрі­герлер жазылып шыққан соң да 14 күн мен 20 тәулік ішінде үйде оқшауланудың маңыздылығына тоқталды. Әйтпегенде аурудан әлсіреп, иммунитеті төмендеген адамның вирусты қайта жұқтыруы немесе өзге штамын іліктіріп алу қаупі өте жоғары көрінеді. 14-20 күн өткен соң антиденелер түзілу жүріп жатқанда сыртқа шығу – әр па­циент үшін маңызды. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, Сovid-19-бен ауырып шыққандардың 70 па­йызында 20-күннен бастап антидене түзілуі қарқын алады.

Әңгімеге дәрігер Мерей Рахым­баев қосылды. Оның айтуынша, КВИ жұқтырып, ол пневмонияға ұласқан адамдардың промпозицияны ұстауы, яғни етбетінен жатқаны жөн. Негізі өкпенің үлкен үлесі арқада. Ауа жеңіл болғандықтан ет­бетінен жатқанда өкпеде ауа алмасу үдерісі жақсарады, сол себептен де пациенттердің арқасынан ақырындап саусақтың ұшымен со­ғып қоямыз. Ол өкпедегі ауа ал­масуға көмектеседі. Сондықтан бұлай жатудың пайдасы зор, шал­қадан жатуға болмайды.

Мәселен, денеге қандай да жара­қат түссе, орнында тыртық қа­луы мүмкін, сол тәрізді өкпеде де фи­броздар болуы ғажап емес, ал оған жібермеу үшін көп қозғалу, таңғы таза ауамен демалу маңызды. Қан айналымында кінарат болып, қоюланып, тромбоз түзілмеуі үшін қан сұйылтатын препараттарды алуды қаперде ұстамаса, вирус зардабы ауырырақ тиюі мүмкін. Ең бастысы – вакцина салдыру. Оның қажеттілігі сонда, түбінде қо­ғамдық иммунитетті, ауруға қо­ғам болып қарсы тұруға алып келеді. Себебі вакцина алған адамға вирус соқтыққанда, ол әрі қарай дамымайды, оның қорғаныш қабілеті, антиденелері оны елең етпейді де, вирустың таралуындағы тізбек үзіледі. Ал қоғамда сондай тізбек үзу­шілердің қатары көбейген сайын, ауру жеңіледі, өйткені таратушылар азаяды.

– Біздің бәріміз вакцина алдық, енді ел тұрғындары вакциналаудан өтіп, қалыпты тіршілікке көшсек дейміз. Біздің «қызыл аймаққа» күн­делікті кіруіміздің өзі уақыт алады, қорғаныш киімдерді бір-бірімізге көмектесіп киінеміз, шық­қан соң жуынамыз, ал қанша үй­рендік десек те, пандемиямен күрестен шар­шап кеттік. Қаншама адам көз жұмды. Әрбір жоғалтудан жү­регімізге қанша салмақ түсті? Оны тек бастан кешкендер ғана түсі­неді. Ал пациент «Мен мына жал­ғаннан күдерімді үзіп, қоштасып қойған едім, сіздерге рақмет, Аллаға шүкір», деп көздеріне жас алғанын көргенде жеп-жеңіл болып ұшып кетердей күйге түсеміз. Құдайға тәуба, ондай жандар да көп. Бірақ ауру тыйылсыншы, «вакцина сал­дырыңыздар» деп қоймай жаза беріңіз­­дерші, – дейді алғы шепте ауру­­мен айқасқан абзал жандар.