Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Франция астанасы – Парижде өтіп жатқан теннистен Ролан Гаррос турнирінің төртінші айналымына шықты.
Еліміздің бірінші ракеткасы әйелдер арасындағы жарыстың үшінші айналымында ресейлік теннисші Елена Веснинаны екі сетте қапы қалдырды. Ресейлік спортшы алғашқы сетте жерлесімізге еш қарсылық көрсете алмады – 6:1. Ал екінші сетте Веснина Еленаға біраз тайталасып бақты. Отандасымыз 3:4 есебімен жеңіліп жатып, матч соңында бәрібір 6:4 есебімен қарсыласынан айласын асырып кетті.
Енді Е.Рыбакина төртінші айналымда әлемдік рейтингте 8-орында тұрған әйгілі америкалық теннисші Серена Уильямспен шеберлік байқасады. Екі спортшы бұған дейін кездеспеген. Айта кетейік, Рыбакина өз мансабында тұңғыш рет Ролан Гаррос жарысының төртінші айналымына шығып отыр.
Өкінішке қарай, Зарина Диас Париждегі турнирді екінші айналымнан соң аяқтауға мәжбүр болды. Отандасымыз екінші кезеңде WTA турнирлерінде 6 рет топ жарған әлемнің 15-ракеткасы бельгиялық Элисе Мертенспен кездесіп, тартысты өткен кездесуде 6:4, 2:6, 4:6 есебімен қарсыласына жол берді.