Ружейников көшесінің бойындағы осы бір сүреңсіз де сұрғылт ғимараттың жанынан өткен сайын көңілі құрғыр құлазып сала береді. Ажары әбден қашқан үй күтімсіздік пен иесіздіктің айқын бір көрінісіндей әсер қалдырады. Қанша жылдан бері жөндеу көрмегенін кім білген, әйтеуір шаһардың автокөлік қозғалысы көп көшелердің бірінде орналасқан бұл мекен-жай көне де жаңа Орал қаласының бетіне шыққан сүйелдей көрінеді. Мұнда кімдер тұрады екен деп ойлайтынмын іштей. Журналистік әуестікпен сұрастырып көргенімде қаланың көркін қашырып тұрған осынау көп қабатты ескі үй коммуналдық жатақхана екенін білдім. Ертеректе азулы бір мекеменің құзырында болыпты.Одан кейінгі жылдарда иесіздікке ұшыраған.
– Естігеннің жалғаны болар, жағдайымызды өз көзіңмен көріп кетерсің, қалған әңгімені сонда жалғастырармыз, қарағым деп тілшілер қосынына келіп араша сұраған ананың көңілін қимай , ол кісінің өзін де қызмет көлігіне отырғызып айтқан жерге келгенде әлгі сұрқай үйдің дәл түбінен түстік. Оның төртінші қабатына көтерілдік. Жатақхананың сырты қандай тартымсыз болса, іші одан бетер арса-арсасы шығып жатыр. Мұндағы санитарлық-гигиеналық жағдай дегенді айта көрмеңіз. Оның он екі де бір нұсқасын көрмейсіз . Ит байласа тұрғысыз деген тіркес бар еді, әдеби тіл нормасында. Соның нақ өзі. Бір кезде қырық екі деп белгіленген бөлмеге келіп кірдік. Инеліктей ілмиген арықша, жасы жиырма бес – жиырма жеті шамасындағы қыз шықты алдымыздан. Орындыққа тізе бүккеннен кейін жанары жасқа шыланған қарт ана өзін таныстырып, бүгінгі тіршіліктерінен хабардар етті.
Аты-жөні Нұрия Мұханғалиева екен. Он екі бала тәрбиелеп өсіріпті. Тиісті құжаттарын көрсетті. Ол кісіге 1981 жылғы 27 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімі бойынша “Батыр ана” атағы берілген. 2006 жылғы 2 мамырда Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы бойынша “Алтын алқамен” марапатталған.
Ананың күйзеліске тола әңгімесінен ұққанымыз ол шалғайдағы Казталов ауданының Қайыңды ауылынан облыс орталығына еріксіз көшіп келуге мәжбүр болыпты. Отағасы осыдан жиырма жыл бұрын дүние салған екен. Қазіргі кезде Нұрия апамыздың жанын ауыртып, ұйқысын қашырған жәйт қызы Ларисаның аянышты тағдыры болып шықты. Ол Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы педагогикалық лицейді үздік бітірген. Содан кейін аталған университеттің физика-математика факультетіне студент болып қабылданады.
Екінші курста оқып жүргенде Ларисаның көзі суырылып, шаншып ауыра бастайды. Алғашында албырт жастықпен оған мән бере қоймаған қыз ауруы жанына әбден батқан кезде ғана дәрігерге келеді. Сол кезде жасаған ем-шараларға қарамастан Ларисаның қос жанары мүлдем көрмей қалады. Сонымен бірге оны тағдырдың тағы бір теперіші күтіп тұр екен. Бұған қоса екі аяғынан да жан кетіп, сал болып аяғын баса алмай қалады. Міне, отызға енді ғана ілінген арудың төсекке таңылып, төбеге телміріп жатқанына да он жылдан асып барады екен.
Нұрия апай осы қызы үшін қасына Ларисаның сіңлілері Шынар мен Анарды ертіп жоғарыда аталған жатақханадағы жалпы ауданы он екі шаршы метрлік бөлмеге орналасады. Байқағанымыз, ұзақ жылдардан бері жан мен тән азабын қатар тартып жатқан Ларисаның жүрек шымырлатар жай-күйі оның анасы Нұрияны да, сіңлілерін де әбден жасытып, шөктіріп жібергенге ұқсайды. Жасыратын несі бар, өздігінен қозғала алмайтын Ларисаны осы жерде жуындырып, киіндіреді екен. Әрі осы жерде бәрі тамақ ішеді.Бұған қоса 1982 жылы дүниеге келген Шынар да жүрек дертіне шалдыққан. Ол үшінші топтағы мүгедек. Әлгінде алдымыздан шыққан осы Шынар екен.
Бірінші топтағы мүгедек Лариса Орынғалиева 2001 жылдан бері арнайы тұрғын үй кезегінде тұр. Алайда оған пәтер қашан берілетіні белгісіз. Шалқасынан қимылсыз жатқан айдай ару тіс жармады. Көру қабілетінен мүлдем айырылған солғын жанарын жатақхана бөлмесінің төбесіне қадаған күйі сұлқ түсіп қала берді. Оның жатақхананың дәл осы бөлмесінде қимыл қозғалыссыз жатқанына да жеті жылға таяпты. Осы аралықта Лариса ауа жұту үшін сыртқа бір де бір рет шығып көрмепті. Бұған мүгедек қыздың қозғалуы үшін жатақхананың ішкі құрылымының ыңғайсыздығы, баспалдақтардың орынсыздығы кеселдік келтіріпті .
Лариса Орынғалиева 2009 жылғы 13 қарашада Елбасы өткізген “Тікелей байланыс” бойынша өзінің мүшкіл жай-күйі жөнінде тиісті орындарға сауал да жолдапты. Оған тиісті жауап та қайтарылған. Онда Л.Орынғалиеваның “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңға сәйкес әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын топқа кіретіні, сондықтан пәтермен міндетті түрде қамтамасыз етілетіні айтылған. Алайда бұдан сұрақ иесіне қайтарылған жауаптың тым жалпылама екенін де байқау қиын емес .
Л.Орынғалиеваға қайтарылған жауаптар жазылғандай халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын тобына кіретін тұрғын үй кезегі өте кінәмшіл мәселе. Ол сөз жоқ қатаң түрде сақталуға тиіс. Әлбетте, мұндай арнайы кезекте тұрғандар саны қай кезде де аз болмайды. Орал қаласында да солай. Олардың бәрін бір мезгілде коммуналдық тұрғын үймен қамту да оңай іс емес шығар. Дегенмен он жылға таяу уақыттан бері өз кезегін күтіп сарғайып, сабырын сарқып жатқан мүгедек арудың бүгінгі жай-күйіне кәдімгі адами көзқарас тұрғысынан байыптай қараған әр адам заңдық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да оның бір бөлмелі пәтерге қол жеткізетін уақыты әлдеқашан жеткенін аңғарар еді.Осы ақиқатты бүкіл жан-дүниесімен түйсінер еді.
Қос жанарынан айырылып, айналасын қара түнек басса да, қос аяғы қозғалтпай, қарға адым жер мұң болса да Ларисаның өмірге деген құштарлығы таңқалдырады. Ол өте сауатты. Бүгінде басты ақпарат көздерін теле-радио хабарларынан алатын арудың ой-өрісі кең. Зердесі биік. Егемен еліміз, оның даму белестері жөніндегі түсінігі терең. Ол өткен жылы “Аялы алақан” бағдарламасына хабарласып арнайы тіркеліпті. Бірақ оған өз аяғымен барып емделіп қайтуға жағдайы көтермепті. Өмірге құштар жан Лариса Орынғалиева күйреуік сезім-күй ауанына берілмей, алдағы күндерден үлкен үміт күтеді. Кеудедегі сол сенім отын өшіріп алмау үшін тиісті орындардың оған көмек қолын созуы қажет-ақ.
Темір ҚҰСАЙЫН, Орал.