Алматыда «Жастарға жол» қоғамдық қоры Independ.kz жаңа ақпараттық порталын таныстыру мақсатында баспасөз мәслихатын өткізді.
Қоғамды дамытуға үлес қосуды мақсат еткен жаңа тәуелсіз ақпараттық порталды мемлекеттің қолдауынсыз «Жастарға жол» қоғамдық қоры әзірленген. Порталды іске қосу барысында негізгі басымдық экология, инновациялық «жасыл технологиялар», азаматтық құқықты, кәсіпкерлер құқығын қорғау, БҰҰ Бас Ассамблеясында қабылданған қоғамның тұрақты даму мақсатындағы мәселелерге қатысты ақпараттық өнімдерге беріліп отыр.
Жастар командасынан құрылған ұжым аталған портал жұмысын жаңа бағытта, жаңа ұстанымдар негізінде жүзеге асыратын болады. Агенттіктің бас редакторы Рафаэль Гасанов атап өткендей, тәуелсіз портал ақпараттардың барынша шынайылығын қамтамасыз етеді. Мемлекет, қоғам және бизнес арасындағы әріптестікке негізделген агенттік жұмысы ресми құжаттарды, заңнамаларға енгізілген толықтырулар мен түзетулер, сонымен бірге мақсатты бағдарламаларды қоғам өкілдеріне толыққанды жеткізуге ықпал етуді көздейді. Қоғамның дамуы, азаматтардың, әсіресе жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды мәселелерге де барынша көңіл бөлінеді.
БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілі Властимил Самек жастар бастамасымен ашылған портал жұмысының маңыздылығын атап өтсе, Парламент Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов агенттіктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дамытуға ықпал ететіндігіне тоқталып, алдағы уақытта портал жұмысына белсенді қатысуға уәде берді. Ал қоғам қайраткері Марианна Гурина қазақстандық белсенді жастар бастамасымен ашылған ақпараттық агенттік қоғамдағы өзекті мәселелерді кәсіби әрі тиімді шешуге ықпал етеді деген сенім білдірді.
Ғаламтор бүгінде заманауи қоғам ақпараттарын жедел алуға ықпал етеді. Алайда мұнда жалған, тексерілмеген ақпараттардың таралуы – қоғамды алаңдатып отырған көкейкесті мәселе. Осы орайда портал жұмысы шынайы ақпарат пен сөз еркіндігінің жаңа алаңына айналмақ.
АЛМАТЫ