СТЭНФОРД. Джо Байден АҚШ президенті ретінде Еуропаға алғашқы сапарына аттанбақ. Англиядағы G7 саммитінен кейін ол Бельгиядағы НАТО саммитіне, содан кейін Женевада Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесуге қатысады. Бірақ Еуропада жергілікті мәселелер талқыланғанымен, сайып келгенде, Қытайға баса назар аударылады. Өйткені Байденнің стратегиялық басымдығы – Қытайға қарсы Батыстың біріккен жауабы болмақ.
Қытайдың Еуропаға қатысты өктем мінезі мен менсінбестігінің артуы көптеген еуропалық көшбасшылардың Си Цзиньпиннің режіміне деген көзқарасын нашарлатып жіберді. Ал мұндай мүмкіндікті Байден жіберіп алмауы тиіс. Қалай дегенмен, Германияны Ресеймен байланыстыратын «Солтүстік ағын – 2» газ құбыры жобасын қазір Байден Еуропаны, атап айтқанда, Германияны Қытайдан алшақтататын құрал ретінде көреді.
Байден бірнеше жыл бойы «Солтүстік ағын – 2» жобасын Еуропа үшін тиімсіз келісім деп мәлімдеп, кәрі құрлықтың, әсіресе Польша, Украина және Балтық елдерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтып келген. Қаңтар айында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Антоний Блинкен кезекті тыңдау кезінде жаңа әкімшілік құбыр бәсекесін тоқтату үшін бәрін жасайтынын хабарлады.
Бірақ АҚШ-тың «Солтүстік ағын – 2» жобасын тоқтатуға тырысуы трансатлантикалық одақтың келешегіне қауіп төндіруі мүмкін еді. Өйткені Германия канцлері Ангела Меркельдің үкіметі Ресейдің газын Германиядағы көмірге тәуелділікті біртіндеп жоюға бастайтын жол деп санайды. АҚШ өткен айда күтпеген жерден құбыр салушы компанияға салынған санкцияларды алып тастады. Содан бері Германияның Сыртқы істер министрі Хейко Маас Байден әкімшілігімен орнатылған өте жақсы қарым-қатынас туралы жиі айтады.
Шындығында, қазіргі таңда мұндағы басты жеңімпаздардың бірі – Путин. «Солтүстік ағын – 2» Ресей газын Балтық теңізі арқылы Германияға тікелей жеткізген кезде Кремль Украина сияқты транзиттік елдерге газ беруін тоқтата алады. Бірақ Украинаның қауіпсіздігі, қаржысы және тіпті тәуелсіздігіне күмән туып тұрғанын жоққа шығармасақ та, Байден әкімшілігі газ құбырын тоқтата алмайтынын мойындаған жөн. Сондықтан АҚШ жобаны қабылдап, Қытайға қатысты саясатында қолдауға ие болу үшін Германиямен кеңірек ынтымақтастыққа қол жеткізуге тырысады.
Қытай өз кезегінде Еуропаны АҚШ-қа қарағанда үмітсіз әрі ұмытшақ деп санайды. Сондықтан кәрі құрлыққа қарсы қатаң саясатын күшейтіп келеді. Тіпті Нидерланд заң шығарушылары мен Еуропалық Парламенттің мүшелеріне жеке санкциялар салды. Бұған жауап ретінде Еуропалық Парламент былтырғы желтоқсанда Еуропалық Комиссия мен Қытай арасында жасалған Инвестициялар туралы жан-жақты келісім жобасын (CAI) ратификациялауға тосқауыл қойды. Келісім жасалғанда Байден әкімшілігінің аталған мәселе бойынша алдын ала консультация жүргізу туралы өтінішіне құлақ аспаған еді.
Қытайдың табандылығы нәтижесінде Германия да, АҚШ та Батыс елдерін біріктіретін келісім жасасуға ұмтылды. Қазірдің өзінде оның негізгі шарттары белгілі. Германия газ құбырын жалғастырады. Сайып келгенде, өзіне қолайлы климат саясатын жүргізеді. Ал АҚШ Германияның қолдауына ие болып, Қытайдың жаңа стратегиясын жүзеге асыруға қарсы тұрып, ережелерге негізделген халықаралық тәртіпті қорғайды.
Демек, Байденнің «Солтүстік ағын – 2» жобасын қолдауы тегін келді деп айта аламыз. Алда-жалда немістер бұл жобаны аяқтауға бел буғанда АҚШ-тың қарсылығы Батыс елдерінің одақтастығына сызат түсіріп, алауыздықты тереңдете түсер еді. Бұрынғы президент Дональд Трамптан айырмашылығы сол, Байден өзінің мәмілегерлігімен және ұстамды қатынас орнатуымен шындықты мойындады. Сондай-ақ бұдан пайда көріп отыр. Енді еуропалықтар Инвестициялар туралы жан-жақты келісім жобасын іске асыруға жақын арада жол бермейді.
Путин мен Ресей мәселесіне келсек, Батыстың оларды ырқына көндіріп қоймай, Қытаймен ауыз жаласуына жол бермеуіне Байденнің сенімі мол секілді. Қытайға тәуелділіктің артуы – Ресейдің ұлттық қауіпсіздік мүддесіне сәйкес келмейтіні басы ашық мәселе. Женевадағы кездесуде Байден Путинге осыны жеткізетіні түсінікті.
Трамп Америка экономикалық және саяси мақсаттарына жету үшін еуропалық одақтастар қажет емес деп есептеді. Байден трансатлантикалық одақ АҚШ-тың экономикалық және ұлттық қауіпсіздігінің негізі екенін түсінеді. Сондықтан ол Батыстың Қытайға қатысты позициясын нығайту үшін Ресейдің экономикалық мүдделерін бәске тігуге дайын.
Eurointelligence-тің сарапшысы Вольфганг Мюнхау секілді сыншылар Байденнің саясатын «Германия саясатының бұрыс шешіміне негізделген, осылайша оның әкімшілігінің сыртқы саясатты табысты жүргізу мүмкіндігіне зиян келтіреді» деп санайды. Шын мәнінде, Германияға иек арту арқылы Батыстың Қытайға қарсы тұру қабілетін арттырады. Бұл Байденнің басты дипломатиялық жетістіктерінің бірі болуы мүмкін. Тіпті «өлді» дегеннің өзінде АҚШ-тың сыртқы саясатын «трампизмнен» құтқарады.
Мелвин Б.КРАУСС,
Нью-Йорк университетінің
экономика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org