Дзюдодан Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатының алғашқы күні аса жеңіл салмақта күрескен Ғұсман Қырғызбаев күміс медальды мойнына іліп, барша қазақстандық жанкүйерді қуантса, келесі тәулікте Елдос Жұмахановқа айрықша сенім артқан едік.
66 кило салмақ дәрежесінде белдескен Елдос Жұмаханов жарысты өте керемет бастады. Алғашқы айналымда 2018 жылғы Еуропа чемпионы, 2017 жылғы сол жарыстың күміс жүлдегері словениялық Андреа Гамбочты жолынын ығыстырған ол іле-шала аустралиялық Натан Катц және моңғолиялық Херлен Гандболдан айласын асырды. Бұл бәсекелердің барлығының шиеленісті өткені соншалық, жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт қажет болды. Бұл ретте өзінің жанкештілігі мен табандылығының арқасында Жұмаханов жеңіске жетті.
Ширек финалда белоруссиялық Дмитрий Минковтан басым түскен қазақ дзюдошысы жартылай финалда әлемдік рейтингтің көшбасшысы, биылғы жылғы Еуропа чемпионы италиялық Мануэль Ломбардомен айқасты. Бәсеке барысында жарақат алғанына қарамастан қандасымыз барын салды. Бірақ Апеннин түбегінің түлегі біздің жігіттің алдын орап кетті. Одан кейін Елдос қола медаль үшін таласуға тиіс еді. Алайда соның алдында ғана алған жарақаты тым ауыр болып, Жұмаханов татамиге шықпады. Сөйтіп, жеңіс Моңғолияның өкілі Йондонперненлей Басхуудің еншісіне жазылса, қандасымыз бесінші орында қалып қойды.
Ал 52 кило салмақтағы Нұрсұлу Ералиева өзінің тұсаукесер кездесуінде Олимпия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа ойындарының жеңімпазы, құрлық чемпионы бельгиялық Шарлин ван Сникті сан соқтырғанымен, келесі кездесуде моңғолиялық Сосорбарам Лхагвасуренге есе жіберді.
Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері
Әйелдер
52 кило: 1. Аи Шишиме (Жапония), 2. Ана Бокс Перес (Испания), 3. Фабин Кочер (Швейцария) мен Гефен Примо (Израиль).
Ерлер
66 кило: 1. Дзесиро Маруяма (Жапония), 2. Мануэль Ломбардо (Италия), 3. Якуб Шамилов (Ресей) пен Иондонперненлей Басхуу (Моңғолия).