Биылғы көктем ересен ыстық болды. Қыс бойы тау-теңіз болып үйілген қасат қар бу болып ұшып, су болып жерге сіңіп, із-түзсіз кетті. Әдетте, еріген қар суы мелдектей жиналатын сай-салада, ағаш бауырындағы томарларда таңдай жібітер нәр қалған жоқ. Қарғаның миы қайнайтын ыстықта төрт түлік мейір қандырып су іше алмай, шалғын шөп бой салып өсе алмай, қиын болып тұр.
Бүгін ғана емес, соңғы жылдары пайда болған адамның да, малдың да аңқасын кептірген сұрқай көрініс. Арқаның табиғаты толайым өзгерді. Көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, бұрын-соңды мұндай жай болған емес. Ауыл маңында бұлақ суы бұрқырап, ойпаң жерлерге көктемде жиналған қар суы қоңыр күзге дейін берекенің бастауы болып жататын. Кейін табиғатқа көрсеткен тағылықтың кесірінен жүздеген, бәлкім мыңдаған бұлақ біткеннің көзі бітелді. Соқаның тісімен, трактордың табанымен. Жанашыры аз болған соң бұлақтың жалғыз көзі де кісілік кемдігінен кіреукеленіп, жылға қуалап ақпай қалады екен. Зардабын бүгін тартып отырмыз.
– Тоқсан отбасы түтін түтетіп жатқан біздің ауылда малшы қауымның ұмтылысы жақсы. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, мал бағып отырғандар аз емес. Жекеменшік те бағымдағы малын өз төлі есебінен жыл сайын көбейтіп келеді. Қазір шоқ жұлдыздай шағын ауылдан екі табын қара мал өреді. Әрқайсысында 200-ден астам сиыр бар. Жылқының қарасы 400-ге жуық. Қой-ешкі – алты отар. Кішкентай ауыл үшін аз емес қой, – дейді Зеренді ауданындағы Игілік ауылының тұрғыны Серік Алпысбаев, – көктем шыққалы мал суару машақаты басталды. 30-35 градус ыстық апталап тұрып алды. Қазір өріске айдаған мал биесауым уақыт өтпей қотанға қайтып оралады. Өзі қыстан сіңіріне ілініп әзер шыққан төрт түлік көкке аузы тигенімен, қоң бітер емес. Шөп те көтерілмей, булығып жатыр.
Ауыл тұрғындары амалсыздан бұлақ көзін іздеуде екен. Көнекөз қариялардан сұрастырып, бітелген бұлақ көзін таппаса, қолдағы малға қауіптің төніп тұрғаны шындық.
– Биыл көктемде республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде бұлақ көзін ашу туралы бастама көтеріліп, мақала жарияланып еді, – дейді Серік Алпысбаев, – мән бермеппіз. Сөйтсек, шынында да біздің бүгінгі жағдайдан шығатын жалғыз жолды нұсқап отыр екен ғой.
Малшы қауымның айтуына қарағанда, қардың суы мүлде аз болған. Себеп құрамында ылғалдың аз болуы. Әрі қызыл су иен далаға жайылып, сай-саланы қуалап ағып кеткен. Ендігі амал, болашақты ойласақ, ауыл іргесінде су жиналатын тоған салу, құдық қазу. Бірақ оған күш-қуат жете бермейді. Мұндай уәжді Қызылегіс ауылының тұрғыны Қонай Демесінов айтып отыр.
– 2019 жылы аудан әкіміне құдық қазып беру туралы өтініш айтқан болатынбыз, – дейді ол, – бірақ нәтиже шықпады. Ауыл тұрғындары әне бір жылы өздері қаражат жинап, құдық қазып алып едік, көп ұзамай бітеліп қалды. Екінші мәрте қауымдасып, қаржы жинауға тұрғындардың жағдайы келетін емес. Біздің жайымызды округ, аудан басшылары жақсы біледі. Бірақ қарайласатын түрлері көрінбейді. Елдегі замандасым екеуіміз түнеугүні ағаш көшеттерін отырғыздық. Қар тоқтату үшін. Бірақ қар қанша қалың болғанымен, тоған болмаған соң тоқтап тұра ма?
Ақсақалдың айтуына қарағанда, ауылда мал басы баршылық. Малшы қауым 500-ден астам жылқы, үш жүздей қой, 200-ге жуық қара мал бағып отыр. Малға суат табылса, істерінің оңынан оңғарылатынына күмән жоқ.
– Үстіміздегі жылы ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау өткізілетінін естіп, үміттеніп отырмыз, – дейді Қонай Демесінов, – бәлкім сол кезде жанашыр табылар. Қазір малды қасапханаға өткізетін де мүмкіндік жоқ, пышақ көтермейді. Жылқы малы егін көктеп шыққаннан кейін қамап бағылады. Су ішпеген, аяғымен жайылып, көкке аузы тимеген жылқы қысқа күйсіз түседі. Жілігіне май бітпеген соң қар тебе ала ма?
Мал жайы осы болғанда, адам ішер судың да сапасы сын көтермейді. Өткен жылы облыстағы 605 елді мекеннің 380-і, яки 62,8 пайызы ғана орталықтандырылған су құбыры арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілді. 207 елді мекен немесе барлық елді мекеннің 34,2 пайызы орталықтандырылмаған жүйе арқылы ауыз суды пайдаланды. Ал 18 елді мекенде су көзі мүлде жоқ, тасымалдап ішеді. Ауыз суға адам жарымай отырғанда, төрт түлікті суарудың жағдайын жақ ашып айтпауға да болар.
Болашаққа түзілген жоспарға қарасақ, ақ жарылқап күн туатын тәрізді. Айталық, облыс 2025 жылға дейін 107 ауылда ауыз сумен қамтамасыз ететін су құбырын салып, 57 елді мекенде су тазалайтын блок-модуль орнатпақ.
– Жол картасы бойынша бес жылдың ішінде облыстың жүзден астам елді мекені таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко, – биыл 10, келер жылы 30 елді мекенді қамтымақшымыз. Әр жыл сайын жоспар бойынша он-он бес елді мекен сапалы сумен қамтамасыз етіледі. Бұл жоспар 2025 жылы толық аяқталады. Үстіміздегі жылға қажетті қаржы қарастырылуда. Қазіргі күні 8 жоба бойынша республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат нақтылануда.
Ең қиыны болашағы жоқ деген таңба басылған ауылдардың жайы. Өңірдегі 61 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы осал болғандықтан, мүлде жабылу қаупі төніп тұр. Тұрғындары үдере көшіп жатқан елді мекенге қаншама қаражат шығындап, су құбырын тарту тиімсіз. Екінші жағынан қарасаңыз, ауыз суы жоқ ауылда адам тұра ма? Олар сапалы су болмағандықтан соңғы қазығын суырып, жайлы жер іздеп, көшуге қамдануда. Әзірге мұндай ауылдарда шағын құдықтар қазылып, сүзгі орнатылмақ. Сүзгінің өзі қымбат дүние. Болжамдық бағасы 5 млн теңгенің төңірегінде. Оны меншік иесі сатып алуға тиісті. Демек, 61 ауылдың жабылуына бірден-бір себепші болып осы жай деп айтсақ, қателеспес едік. Дер кезінде сапалы сумен қамтамасыз етілсе, тұрғындар да, төрт түлік мал да кемімес еді.
Ауыз судың азабы міне, осындай тығырыққа тіреп отыр. Ендігі үміт жергілікті биліктің жанашырлығына байланысты. Ел кәсібінен айырылып, малшы қауым жүген ұстап қалмау үшін жайылымдарда жанталаса құдық қазған ләзім. Ал тоған орнату болашақтың еншісіндегі дүние. Осылай етсек қана жығылғалы тұрған көш жүгін тіктеп алар едік.
Ақмола облысы