Кеше Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халық алдында есеп берді. Ведомство басшысы өткен жылдың қорытындысын жариялап, биылғы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталды.
С.Омаровтың айтуынша, өткен жыл күрделі жағдаймен қатар өрілсе де, елдің ауыл шаруашылығы саласындағы нәтижелері көңілге қонымды. Мәселен, былтыр 20,1 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылған. Астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 80 пайызы 1-3-ші сұрыпқа жатқызылды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған болатын.
– 2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара малдың саны 7,8 млн басты құрады. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 5,6 пайызға жоғары. Қой мен ешкі басы 4,7 пайызға, жылқы саны 10,1 пайызға, түйе 5,2 пайызға көбейді. Тиісінше, мал шаруашылығы өнімдері де ұлғаюда. Мәселен, ет 4,3 пайызға, сүт 3,2 пайызға артты. Нәтижесінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,7 пайызға өсіп, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең қомақты өсім. Тамақ өнімдерінің өндірісі 4 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар ағыны 15 пайызға, тамақ өнімдері өндірісіне тартылған инвестиция 13,5 пайызға артты. Осылайша, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш негізгі жоспардан 154,2 млрд теңгеге асып отыр, – деді С.Омаров.
Министрдің баяндауынша, осы жылдың төрт айында саладағы жалпы өнімнің көлемі 3 пайызға, ал азық-түлік өнімдерінің өндірісі 3,9 пайызға ұлғайған. Мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,2 пайызға артты. Атап айтқанда, тірідей ет өндіру 5,3 пайызға, сүт өндіру 3,4 пайызға өскен. Былтыр елімізде импортты алмастыру аясында жаңа 48 тауарлы сүт фермасы, үш ет комбинаты және ет бағытындағы 8 құс фабрикасы іске қосылды. Тауарлы сүт фермаларының ашылуы сүт зауыттарының жүктемесін 75 пайыздан 77 пайызға дейін арттырып, өңдеу көлемін 1 826 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік берген. Ал ет комбинаттарының пайдалануға берілуі өңдеу көлемін 15 мың тоннаға, яғни 151 мыңнан 166 мың тоннаға арттырған. Құс фабрикаларының ашылуы шаруашылықтардағы ет өндірісінің көлемін 222,7 мыңнан 235,6 мың тоннаға жеткізген.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша салада барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Өндірістің өсім көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен нақтыланды. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 1,3 млрд долларды құрады. Жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық The Economist журналы өткізетін азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растады. Онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің ішінде 32-ші орынға ие болды, – деді министр.
С.Омаровтың мәліметінше, 2020 жылы агроөнеркәсіп кешенінде 57 ірі жоба іске қосылған. Ауылда 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылыпты. Ал Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және «ҚазАгроҚаржы» арқылы саланы қаржыландыру көлемі 446 млрд теңгені құраған. Бұл ретте қарыз алушылардың саны 2019 жылғы деңгейден, яғни 77 мыңнан былтыр 80 мыңға дейін ұлғайды. Шағын және орта бизнеске несие беру үлесі 92 пайыздан 95,3 пайызға дейін өскен.
Министр саладағы жаңашылдықтарға да тоқталды. Айтуынша, былтырдан бастап республикада агроөнеркәсіп кешенін ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылған. Онда сақтандыру сыйақыларын 50 пайыз көлемінде субсидиялау көзделген.
– Жүйеге төлемдердің кепілдігін қамтамасыз ететін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылды. Барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Өсімдік шаруашылығы саласында сақтандыру өнімдері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру енгізілді. Өнім мультитәуекелді болып табылады. Тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қаскүнемдік әрекеттері, қауіпті табиғи немесе дүлей құбылыстар, сондай-ақ жарылыс, найзағайдың түсуі, тұншығу, жануарлардың шабуыл жасауы секілді жазатайым оқиғалар енгізілді. Мәселен, 2020 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша астық егілетін алты өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақылдар сақтандырылды. Ол бойынша 518,2 млн теңге төленді, – деді С.Омаров.
Ведомство басшысының айтуынша, былтыр қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұл 2019 жылғы деңгейден 13 пайызға көп.
Сондай-ақ ол субсидиялау шаралары барынша жеңілдетілгенін және толық автоматтандырылғанын, бұл субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бергендігін еске салды.
– Қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта шаруашылықтарды субсидиялау көлемі ұлғайды. Өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидия бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Ең бастысы субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алуға мүмкіндік жасалды, – деді министр.
Осы орайда, министрлік агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын және 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлегенін атап өткен жөн. Ондағы мақсат – еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен 80 пайыз деңгейінде молықтыру, өңделген өнім экспортын екі есе ұлғайту, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйе қалыптастыру. Жоспарланған іс-шаралар алдағы бес жылда салаға 4,5 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Бұл қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтуға жол ашылады деген сөз.
Министр атап өткендей, алдағы бес жылдың ішінде 845 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде жобалар өңір әкімдерімен, инвесторлармен пысықталды. Тиісті жол карталары да рәсімделген. Министрлік жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасап, бақылау жүргізіп отыр.