Азық-түлік бағасы аспандап тұр. Дүкен жағалаған жұртшылық осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын картоп, сәбіз, күнбағыс майы секілді өнімдердің бағасы қымбаттап барады. Бұлардың өз елімізде өндірілетінін ескерсек, халықтың дүрлігуі заңдылық.
Өзіміздің өнім өзімізге жетпейді
Мәселен, еліміздің бірнеше өңірінде картоп бағасы қымбаттап кетті. Бұл жағдай жергілікті жұртшылықтың наразылығын тудырмай қойған жоқ. Әсіресе олар әлеуметтік желі арқылы өз ой-пікірлерін ашық білдіріп жатты. Айталық Солтүстік Қазақстан облысында бір кило картоптың бағасы 500 теңгеге дейін жеткен. Өткен аймен салыстырғанда, баға шамамен екі есе өсіп отыр.
– Мамыр айында ғана картоптың килосын 210 теңгеден алып жүргенбіз. Арада көп уақыт өтпей баға өсіп кетті. Ішкі нарығын өз өнімімен қамтып отырған облыс үшін мұндай жағдайдың қалыптасуы ақылға қонбайды. Арзан картопты тұрақтандыру қорының сауда нүктелерінен ғана алуға болады. Бірақ мұндай орындарда ұзын-сонар кезек. Оның үстіне бір адамға 3 килодан артық сатпайды, – дейді Петропавл тұрғыны Санжар Игенбаев.
Дәл осындай жағдай Ақтөбе облысында да қалыптасқан. Мұндағы бір кило картоптың бағасы 300 теңгеден жоғары. Сәбіздің килосы 400 теңгеге жуықтайды. Облыс орталығындағы өзге дүкендермен салыстырғанда өнім құны әлдеқайда арзан саналатын коммуналдық базардың өзінде «екінші нан» 300-350 теңгеге сатылуда.
Қостанайлық кәсіпкер Гүлсара Есмұратованың пікірінше, бұған дейінгі жылдары картоп дәл осы уақытта 100 теңгеден жоғары бағаға сатылған емес. Тек биыл ғана баға бағынбай отыр. Бүгінде қостанайлықтар бір кг картоп үшін 350-400 теңге төлеуге мәжбүр.
Павлодарлық сатушы Маржан Саматованың айтуынша, бір кило картоптың бағасы 120 теңгеден 400 теңгеге дейін, ал сәбіз бағасы 130 теңгеден 460 теңгеге дейін өскен.
– Халықты дүрліктірмес үшін қазір өнімнің бағасын жазбайтын болдық. Баға шілде айында ғана тұрақталады деген хабар алдық. Картоп пен сәбізден бөлек, күнбағыс майы да қымбаттады. Мамырда 610 теңгеге сатылған өнімнің бір литрі қазір 900 теңге тұрады, – дейді сатушы.
Өкінішке қарай, қымбатшылық біз атаған төрт өңірде ғана емес, облыстардың біразында тіркелді. Бұл мәселенің халықтық сипат алып, бұрқ ете қалуы да сондықтан.
Халықтың үні депутаттарды да бейжай қалдырған жоқ. Мәжіліс депутаты Данияр Әлімбаев 2020 жылдан бастап негізгі азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы инфляция өсімінен де асып түскенін алға тартты. Оның дерегінше, күнбағыс майы 33,7 пайызға, қант – 32,8 пайызға, картоп – 16,8 пайызға, жеміс-жидек – 14,9 пайызға, макарон өнімдері – 14,7 пайызға, жұмыртқа 10 пайызға қымбаттаған.
– Бензин бағасы өсті. Электр энергиясы қымбаттады. Шаршы метрдің құны шарықтап кетті. Дәрі-дәрмек бағасы да аспандап барады. Өкінішке қарай, бұл тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Одан да қымбаттамаған тауарды санамалап шыққан әлдеқайда оңай. Қалай десек те, елдегі инфляция деңгейі әу баста белгілеген шекті мәннен асқан жоқ. Ендеше баға мен тарифтің өсуі қисынсыз, – дейді халық қалаулысы.
С.Омаров: картоп қоры жеткілікті
Өткен аптада Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халық алдында есеп берді. Азық-түлік бағасының, соның ішінде картоптың қымбаттауына байланысты түсініктеме берді.
– Қазақстан халқы жылына 3 млн 693 мың тонна картоп тұтынады. Елімізде жыл сайын 4 млн тонна картоп өндіріледі. Яғни ішкі нарықты өз өнімімізбен 108,5 пайызға қамтып отырмыз. Десе де республиканы қамту көрсеткіші 50-60 пайыздан аспайтын алты өнім түрі бар. Бұлар – балық, алма, шұжық өнімдері, құс еті, ірімшік пен сүзбе, қант. Аталған тауарлар бойынша ішкі нарықты 2024 жылға қарай ғана толықтай қамти аламыз, – деді министр.
С.Омаровтың түсіндіруінше, нарықтағы дүрбелең маусымдық сипатқа ие. Мұның бәрі уақытша көрінеді.
– Біздің картоп әлі піскен жоқ. Сондықтан Өзбекстаннан жеткізілуде. Ал Өзбекстанда картоп маусымы саябырсығанда, біздің өнім ол жаққа экспортталады. Жылда осылай болады. Шамалы уақыттан кейін отандық картоп сауда нүктелеріне түседі де, жағдай өздігінен реттеледі, – дейді министр.
С.Омаровтың мәлімдеуінше, қазір елде картоп қоры жеткілікті. Сондықтан артық өнімнің қажеті жоқ. Алдағы уақытта мұның теріс салдары болуы мүмкін.
– Бүгінде өндірушілер картоптың килосын қоймадан 200 теңгеге босатуда. Бұған делдалдар мен сауда орындары өз бағасын қосады. Өнімнің қымбаттайтыны да сондықтан. Жағдайды реттеу үшін көтерме-тарату орталықтарын салу бағдарламасы жүргізілуде. Бұл делдалдар мәселесін шешуге көмектеседі, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Б.Сұлтанов: қорда картоп жоқ
С.Омаров картоп нарығындағы қалыптасқан ахуал реттеледі деп сендіргенімен, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мұндай жағдай жыл сайын қайталанатынын, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер қажетті шараларды қабылдамайтынын жеткізді. Қысқасы, өткеннен сабақ ала алмай келеміз.
Жоғарыда ішкі нарықты картоппен қамту көрсеткіші 108,5 пайызды құрайтынын айттық. Бұл дегеніміз – 4 млн тонна. Алайда өнімнің тауар түріндегі көлемі небәрі 1,9 млн тоннаға ғана тең екен. Бұл – жалпы жиналатын картоптың 47 пайызы. Мұны Б.Сұлтанов айтты. Ал қалғаны тауар айналымына жатпайды. Өйткені бұл халықтың өз ауласында, өз шаруашылығында өсірген өнімі.
Әлгі тауар түріндегі картоптың бір бөлігі шетелге экспортталады. Мысалы, былтыр 360 мың тонна картоп немесе тауар түріндегі отандық өнімнің 19 пайызы шетелге сатылған. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Міне, бар мәселе де осы тұстан басталады-мыс.
– Осының салдарынан дүкендерде картоп тапшылығы орын алды. Маусымдық кезеңдегі тапшылықтың орнын толтыру үшін өнімді сырттан импорттау керек. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да дұрыс шара қабылдамай отыр. Мәселен, былтыр картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана бағаны тұрақтандыра алдық, – деді Б.Сұлтанов өткен аптадағы Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, биыл сыртқа арзан бағамен экспортталатын картоптың салдарынан жыл басынан бері отандық өнімнің қоры үш есе азайған. Ал тепе-теңдікті сақтау үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна картоп әкелінген. Өкінішке қарай, сырттан импортталған өнімнің бағасы отандық картоптың құнынан үш есе қымбат. Өткен жылмен салыстырғанда, 2021 жылдың төрт айында картоп импорты 67 есе өскен. Ал импорттық баға жыл басынан бері 47 пайызға қымбаттапты.
– Әкімдіктер қажетті тетіктерге ие бола тұра, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта өз өнімдерін ұстап тұра алмады. Дәлірек айтсақ, субсидиялау кезінде өндірушілерге нақты міндеттемелер қойылмаған. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларына картоп жеткілікті көлемде сатып алынбады. Сондай-ақ форвардтық сатып алу және айналым схемасы секілді нарықтық тетіктер толық пайдаланылмады. Тұрақтандыру қорларында қазір картоп қоры мүлдем жоқ десе де болады, – деді Сауда және интеграция министрі.
Өкінішке қарай, сәбізге қатысты да күрделі жағдай қалыптасып отыр. Б.Сұлтановтың мәліметінше, қазіргі уақытта отандық өнім қоры жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда 5,3 есе төмендеген – 211 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін азайған. Бұл ретте Қазақстанда ішкі нарықты қамту үшін сәбіз өндірісінде жыл сайын 5-6 пайыз жетіспеушілік орын алады. Негізгі тапшылық сәуірден шілдеге дейінгі аралықта тіркеледі. Бұл кезеңдегі жетіспеушіліктің орнын Өзбекстанның қымбат импорттық тауарымен жабуға мәжбүрміз. Ал көрші елдегі сәбіз бағасы жыл басынан бері 55 пайызға қымбаттаған. Өкініштісі, өңірлер сәбіз бойынша да жеткілікті қор көлемін қалыптастырмапты. Қазір облыстардың тұрақтандыру қорларында 258 тонна сәбіз ғана бар.
Еске сала кетейік, 2021 жылдың бес айының қорытындысы бойынша азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Түркістан облысында тіркелген – 9,4 пайыз. Одан кейінгі орында қос мегаполис Нұр-Сұлтан (8,5 пайыз) мен Алматы (6 пайыз) тұр. Баға өсімі төмен өңірлердің қатарында Батыс Қазақстан (5,7 пайыз), Ақмола (5,6 пайыз) және Қарағанды (5,2 пайыз) облыстары бар.
– Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 6,3 пайызға өсті. Өсімнің негізгі бөлігі алты тауар позициясына байланысты. Бұлар – маусымдық кезеңде қымбаттайтын көкөністер, сырттан импортталатын қант, қарақұмық жармасы секілді өнімдер, сондай-ақ күнбағыс майы секілді экспорттық сұранысы жоғары тауарлар. Азық-түлік бағасы Қазақстанда ғана емес, тұтас әлем бойынша көтеріліп отыр. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының мәліметтері бойынша осы жылдың мамыр айындағы бағалар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7 пайызға өскен. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш, – деді Б.Сұлтанов.
Қайтпек керек?
Байқағандарыңыздай, министрлер баға төңірегіндегі жағдайға екі түрлі көзқарас танытып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі «мұның бәрі уақытша, жағдай реттеледі» деп сабырлық танытқанымен, Сауда және интеграция министрі бұған нақты кінәлі органдарды атап берді. Демек Үкіметтің жұмысында өзара үйлесімділік байқалмайды. Енді қайтпек керек?
Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы Қайрат Бисетаевтың пікірінше, жанар-жағармай бағасын өсірмеу керек. Өйткені тауар өндірушілердің шығынындағы дизельдің үлесі шамамен 20 пайызды құрайды. Ол аздай сұйық отынның бағасы үнемі көтеріліп отырады. Сондықтан жанар-жағармайды өндірушілерге қолайлы жағдай ұсынған абзал. Болмаса сұйық отынды субсидиялау тетігін арттыру маңызды. Сонда халыққа қолжетімді баға ұсынуға мүмкіндік туады.
Ал Қазақстан фермерлер одағының атқарушы директоры Ақпар Мәуленовтің айтуынша, қазір барлық тауардың бағасы өсуде. Мәселен, техника 20 пайызға, тыңайтқыштар 50 пайызға дейін өскен. Осының салдарынан тауардың өзіндік құны қымбаттайды. Тиісінше, азық-түлік бағасы да құбылады. Реті келсе, өзге тауарлар мен қызметтердің бағасын тұрақты ұстаған дұрыс.
Сарапшы Найля Әлмұхамедованың пікірінше, Сауда және интеграция министрлігі иек артып отырған көтерме-тарату орталықтарын салу жобасы жағдайды реттей алмайды.
– Ауыл шаруашылығы тауарын сақтау, өткізу – азық-түлік бағасына әсер ететін бірден-бір фактор. Ал Қазақстандағы тауарлар іріктеліп, кептіріліп, жуылып, сақталатын сатылымға дейінгі нысандар саны саусақпен санарлық қана. Тіпті, бізде азық-түлік сақтайтын тиісті стандарттарға сай келетін қоймаға зәру өңірлер бар. Сондықтан қолданыстағы көтерме-тарату орталықтарының жеткіліксіздігі мәселені біржола реттеуге мүмкіндік бермейді. Өйткені дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі өскен сайын сақтайтын қосымша орын да қажет болады. Жарайды, көтерме-тарату орталықтарының санын көбейттік делік. Бірақ қоймадағы өнімді елдің түкпір-түкпіріне жеткізуде логистикалық мәселе алдан шығады ғой. Себебі біздегі жолдардың сапасы сын көтермейді, – дейді ол.
Қысқасы, азық-түлік бағасына әсер ететін фактор өте көп. Сондықтан мәселені кешенді түрде қарастырған абзал. Мамандардың пікірі осыған саяды.
Айтпақшы, өткен аптада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруды тапсырды. Халық Мемлекет басшысының бұл тапсырмасының бұлжымай орындаларына сенімді.