Төл табиғатымызға тағылық көрсету тыйылмай тұр. Сондай немқұрайдылықтың салдарынан айдай ажарына сызат түсіп, демігіп, адам айтқысыз зардап шегуде. Көгілдір Көкше мен Қараөткелдің сайын даласында күрделі жағдай қалыптасып отырғандығын қадап айтуға тиістіміз.
Соңғы алпыс жылдың орайында дағдарысты экологиялық ахуал қалыптасты. Экологиялық құбылыстар атмосфералық ауаның ластануы, жерүсті және жерасты суларының құрғауы мен ластануы, шөлейттену, жердің бұзылуы мен тозуы, топырақтың дегумификациясы мен ластануы, өсімдіктер мен жануарлар санының азаюы өндіріс пен тұтыну қалдықтарының жинақталуынан болып жатыр.
Статистикалық деректерге қарағанда, 2019 жылы облыс аумағында 174,5 мың жеңіл және 27,3 мың жүк көліктері тіркелген екен. Автокөліктердің тозуы салдарынан шығатын зиянды газды анықтау және жою мақсатында облыста 14 техникалық қызмет көрсету стансасы жұмыс істейді.
Әйтсе де бұдан жақсарып кеткен ауа жоқ. Әсіресе, көліктің сан түрі, жаңасы мен ескісі сеңдей соғылысып жүрген облыс орталығы тәрізді ірі елді мекендер қара түтінге қақалып тұр. Оған елді мекендер тұрғындары қыс бойы көмірді отын ретінде пайдаланатынын қоссаңыз, ауа қабаты қисапсыз ластану үстінде. Желсіз, тымық күні тіпті анық байқалады. Тұрғындар осы мәселеге орай талай рет өкпе-назын білдірген. Бұл тараптағы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады. Біздіңше ең алдымен автобус паркін жаңғырту қажет. Жаңа заманның мүмкіндігін барынша пайдалана отырып, көліктерді газбен жүретін етіп жабдықтап, электромобильдерге ауыстыру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Сонда ғана атмосфералық ауаны біршама сауықтыруға мүмкіндік алар едік.
– Облыста ауаның ластану фактілері аз емес. Мәселен, Аршалы кенті маңында қиыршық тас өндіретін карьерлердің жұмысы туралы ашына айтуға болады. Олар қазір төңіректің бәрін шаң-тозаңға көміп жатыр, – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Әбілжан Құсайынов, – табиғат қорғау ұйымдарының назарын осы бір фактіге аударғым келеді.
Жалғыз ауа ғана емес, топырақтың жайы да толғандырып отыр. Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын облыс диқандары гектар берекесін 10 центнерден айналдырғандарын місе тұтуда. Соңғы жылдары табиғат жомарттығынан жаңылған сыңайлы. Себебін іздесеңіз, тағы да жанашырлықтың кемдігінде жатқандығын қапысыз аңғарар едіңіз.
– Біз облыстың қара және қоңыр топырақтары құнарлылығының қазіргі жай-күйін мұқият зерттедік. 1956 жылмен салыстырғанда қара топырақты өңірлерде қарашіріктің жоғалуы 21, ал қоңыр топырақты өлкеде 27 пайыз болғанын көрсетеді. Бұл 2006 жылғы жағдай, – дейді Әбілжан Құсайынов, – өкінішке қарай, бұл кері процесс жалғасуда. Қарашіріктің ғана емес, сонымен қатар өсімдіктердің негізгі қоректік элементтерінің де төмендеуі байқалады. Бұл топырақтарда жылжымалы ортофосфор мен азот нитратының мөлшері төмен. Топырақ құнарлылығының төмендеуінің негізгі себебі – органо-минералды тыңайтқыштарды қолданудың төмен деңгейі. 2019 жылы республика бойынша органикалық тыңайтқыштарды тұтыну көлемі небәрі 28 килоны құрады. Ал бұл орайдағы қажеттілік 1 гектарға 10 тонна шамасында болатын. Органикалық тыңайтқыштармен өңделген алқаптардың үлесі небәрі 0,3-0,5 пайызды құрайды. Ал минералды тыңайтқыштар тиісінше бір гектар егістікке 5-6 кило төңірегінде пайдаланылуда. Бұл ұсынылған меженің көлемінен 12 есе кем деген сөз. Оқырманға түсінікті болуы үшін салыстырып айта кетелік. Мәселен, Ресейде әр гектарына 45, АҚШ-та 130, Голландияда 800-900 кило минералды тыңайтқыштар қолданылады. Сондықтан да оларда өнім көлемі жоғары. Шындығын айтқанда, төл табиғатын аялап, күте біледі.
Ғалымның пайымдауына қарағанда, егістік алқаптар ғана емес, кәдімгі жайылымдық жерлердің экологиялық жай-күйі де дабыл қағарлық деңгейде екен. Қаншама жайлаулар төрт түліктің аяғымен тапталып, тозған. Жыл өткен сайын жайылымдардың тозу процесі ұлғайып келеді. Мәселен, 1991 жылы республика бойынша толығымен тозған табиғи азықтық алқаптарының ауданы 15 млн гектарды құраса, қазіргі уақытта 27 млн гектарға жеткен. Өкінішке қарай, шабындықтар мен жайылымдарды түбегейлі немесе ішінара жақсарту қолға алынбай отыр.
– Облыс аумағында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 541 мың гектарды құрап отыр. Шындығын айтқанда, бұл алқаптар ешқандай өнім бермей, арамшөп қаптап, ауыл шаруашылығы дақылдарының әрқилы аурулары мен түрлі зиянкестерін көбейтуде. Яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыру, табиғи жемшөп алқаптарының өнімділігі мәселелері өзекті күйінде қалуда. Топырақ құнарлылығын сақтау үшін органо-минералды тыңайтқыштарды қолдану қажет. Бірақ минералды тыңайтқыштар өте қымбат, агроқұрылымдарға қолжетімді емес. Сондықтан біз топырақ тыңайтқышы үшін өндіріс қалдықтарын қолданудың экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігін зерттедік, – дейді Ә.Құсайынов, – атап айтқанда, фосфогипсті енгізу – аймақтық топырақтарда суперфосфат өндірісінің қалдықтары жақсы нәтиже береді. Сондай-ақ дәнді дақылдар егілген алқапқа көмір күлін сіңіру де ұтымды. Сонымен қатар біз ауыл шаруашылығы дақылдары үшін қара топырақты алқаптарда «Агробион» тыңайтқышын қолдану жүйесін жасадық. Бұл тыңайтқыш күл шлактан және техникалық көміртектен өндірілген. Бұл арзан тыңайтқыш жаздық бидайдың, арпаның және майлы зығырдың өнімділігін 50 пайызға, ал тауарлық картоптың өнімділігін 100 пайызға дейін арттырады.
Назар аударар жай аз емес. Шынтуайтында, қордаланып қалған мәселелерді оңынан шешу кезек күттірмейтін шаруа болса керек. Қанша жұтсаң да, көкірегің бір тоймайды делінетін саф ауа да, түгін тартсаң майы шығатын жайылым да жадау күйде. Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан Көкшенің көлдері де жылдан-жылға тартылып, суы жағалаудан қашып бара жатқаны жасырын емес.
Соңғы мәліметтерді електен өткізсеңіз, курорттық аймақтағы зерттелген өзен мен көл суының сапасы талапқа сай емес екендігін байқайсыз. Сарыбұлақ өзені, Бурабай, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Щучье, Сұлукөл, Жөкей, Майбалық, Текекөл, Қатаркөл айдындарындағы бүгінгі жағдай адам аярлық. Бұл су айдындары әлі де ластануда екендігін ескерсеңіз, табиғат тағылықтан тақсырет тартып жатқанын аңғарар едіңіз. Мәселені біржола, түбегейлі шешу үшін алдымен жерүсті суларының ластану себептерін анықтайтын жан-жақты, терең зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Облыста 2022-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларды жоюға бағытталған Жол картасына сәйкес, Бурабай, Щучье, Қопа көлдерін және Қылшақты өзенін тазарту жоспарлануда. Үміт отын тұтатқанымен, басқа көлдердің табанында балық түгіл бақа өрістемейтін жағдайға жетіп отырғанымызды ашына айтпасқа амал жоқ. Қоқыс төгіліп, қорысқа айналған, бір кездегі үзіліп түскен моншақтай мөлт-мөлт етіп жататын көлдерді құтқару кезек күттірмейтін мәселе болу керек.
– Біз, бірнеше ғалым бірлесе отырып, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан көлдердің гидрофизикалық және гидрохимиялық қасиеттерін зерттеудеміз, – дейді Ә.Құсайынов, – зерттеу нысандары – Зеренді, Имантау, Шалқар көлдері. Ол көлдер де суының сапасы бойынша 5-ші топқа жатады. Судың ластану индексінің демалушылар санына тәуелділігін анықтадық, яғни жылдар бойы туристер санының күрт көбеюімен судың ластану деңгейі де өсе түспек. Себеп, көл жағалаулары тиісті деңгейде жабдықталмай отыр. Туризмді тұрақты дамыту үшін инфрақұрылым да талапқа сай болуы керек.
Табиғатқа залал келтіретін тағы бір дүние – тұрмыстық қалдықтар мәселесі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 130-дан астам қатты тұрмыстық қалдықтар үйіндісі бар. Екпін түсіріп айта кетерлігі, осы қалдық үйінділерінің тек 23-інде ғана рұқсат құжаттары бар екен. Демек, қалғандары төл табиғатымызға орасан зор зиянын келтіріп, заңсыз орналасқан деп айтуға әбден болады. Оны айтасыз, өңірдің 10 аудан орталығында қалдық полигондары мүлдем жоқ. Бұл әрине, ол жерлерде қатты қалдықтар жоқ деген ұғымды білдірмейді. Бар екендігі рас. Бірақ бей-берекет, көзден таса, көңілден жырақ жерлерде үйіліп жатыр. Демек, олар да табиғатты ластауға үлес қосып жатыр деп айтуға әбден болады. Айналып келгенде қатты қалдықтарды жинау мен тасымалдау туралы көрсеткіштің 44,5 пайызды құрайтындығы туралы мәліметке күмәнданатын жерің де осы.
Жоғарыда айтылған Жол картасы аясында Ақкөл, Қосшы қалалары мен Аршалы, Қорғалжын, Қоянды елді мекендерінде полигондар салу жоспарлануда. Оған қоса, Щучинск қаласының ескі полигонын жою, ауылдық округтерде қалдықтарды уақытша сақтау алаңдарын қарастыру межеленген.
Оған дейін қоқысқа белшемізден бататын түріміз бар. Таусыла сөйлемеске тағы да болмайды. Спутниктік түсірілім кезінде облыс аумағында 1 593 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі табылғандығы масқара жайдың мәнін айқындаса керек. Дәтке қуаты осыншама рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің үстіміздегі жылы 920-ы жойылыпты.
Өңірдегі экологиялық ахуалдың жалпы сипаты осындай. Ауа ластанып, көл қорысқа айналып, топырақтың құнары кеміп, жағдайдың ушығуы ең алдымен өзіміздің табиғатқа деген көзқарасымыздан. Демек, жуық арада шұғыл шара қолдану қажеттігі туындайды. Табиғаттың да төзімі таусылатын кез болуы әбден мүмкін ғой.
Ақмола облысы