Соңғы кезде мамандарды «1990 жылдардың бас кезіндегі «несиелендіру елесі» қайтып оралмай ма?» деген мәселе алаңдата бастады. Ал Ұлттық банк төлем қабілетін дәлелдей алмаған азаматтардың несие алу шарттарын қиындатып тастады. Сондықтан сарапшылар микроқаржы ұйымдарының шарттары екінші деңгейлі банктерден несімен ерекше әрі тиімді болу керектігіне назар аудару керек деп отыр.
Микроқаржы ұйымдарын ынталандырмаққа шындап ықыласы ауған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қажет болса оларға шағын банк мәртебесін беруге ниетті екенін танытты. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша микроқаржы нарығының 883 субъектісі, соның ішінде 178 микроқаржы ұйымы (МҚҰ), 542 ломбард және 163 несиелік серіктестік Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензия алды. 2021 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 1024 компания микроқаржы қызметін жүзеге асыру лицензиясын алуға өтініш берген. Бүгінде 25 өтініш қаралып жатса, 99-ы қабылданбаған. Бірақ өтініші кері қайтқандар құжаттарын ретке келтіріп, лицензия алуға қайтадан үміттенуге мүмкіндігі бар. Сынақтан өткендер ортақ талапқа бағына бастады.
Агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымова журналистермен өткен кездесуде Қазақстан аймақтарында микроқаржы ұйымдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын, аймақтағы микроқаржы ұйымдары «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ШОБ-ты несиелендіруге қатысуы мүмкін екенін айтты.
Бірақ әзірге олардың қандай пайызбен несие беретіні туралы келісім әзірше жасала қойған жоқ. Алайда олардың несиелендіру пайызы екінші деңгейлі банктерден әлдеқайда төмен болуы әбден мүмкін. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнестің әлеуеті көтеріледі деген үміт бар. Ал егер микроқаржы ұйымдарының белгілеген несие пайызы банктерден жоғары болса, ашық бәсеке туралы айтудың өзі артық, дейді сарапшылар. Мұндай жағдайда МҚҰ банктердің көлеңкесінде қалып қояды. Жалпы, екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының жарғылық капиталы туралы мәліметтерді ашық дерек көздерден кездестіру қиын. Дегенмен де бір МҚҰ-ның біржылдық айналымы 200 млрд теңгеден асып кетеді деген мәлімет бар ел ішінде.
Сарапшылар МҚҰ-ның шағын бизнесті қаржыландыруы бұдан ертерек басталғанын айтады. 2019 жылдың көрсеткіші бойынша екінші деңгейлі банктердің шағын бизнесті несиелеуі 71,3%-ға қысқарған. «Ал 2020 жылдың екінші тоқсанында МҚҰ-ның қарыз портфелі 10,7%-ға өсіп, 258,1 млрд теңгені құрады. Ал жыл басынан бері бұл көрсеткіштер 37,6%-ға жоғарылаған», деп хабарлайды Ranking.kz.
Жалпы алғанда, елімізде микронесиелер 2016 жылдан бері тоқсанына орта есеппен 10,5%-ға өсуде. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мамыр айының басында микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) мемлекеттік несиелер беретінін, екінші жартыжылдықта жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша шағын несиелеу де басталатынын мәлімдеді.
Ұлттық банк те, Үкімет те бұл шешімді әбден ойланып барып қабылдаған сыңайлы. Сарапшылар былтыр пандемия екі өкпеден қысып тұрған кезде посткеңестік елдерде микроқаржы ұйымдарына қатысты көптеген дерек тіркелгенін айтады. Мысалы, 2020 жылдың наурызы мен қыркүйек айы аралығында Қазақстанда және Ресейде ресми түрде тіркелген МҚҰ саны еселеп өскен. Ұлттық банктің мәліметтері бойынша, 2020 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда микроқаржы ұйымдарының саны 23 компанияға артқан. Нақтырақ айтқанда, әр екі апта сайын бір МҚҰ пайда болып, халықтың несиелік тәуелділігіне шындап қауіп төндірген екен.
Қаржыгер Бейсенбек Зиябеков МҚҰ «тәбетінің» шектен асып кеткені де, олардың жұмысына шектеу қойылмай келгені де тренд тақырып болғанын еске алды. Жағдай ушығып кеткені сонша, халықтың қарыз жүктемесін азайту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Ұлттық банк жыл соңына дейін несие беруге бақылауды күшейтті. Экономист-қаржыгердің айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк ішкі нарықтың талабына сай келмейтін МҚҰ жұмысын шектеу арқылы «әлеуметтік апаттың» алдын алған. Енді Ұлттық банк бұл мәселені заң жолымен реттеп, оның мүмкіндігін ауылға қарай бейімдейтін заң жобаларын қарастыруы керек, өзге жол жоқ. Себебі ішкі нарық кішігірім банктерден «белі қайысып» тұрған кезде де агросектордың күре тамырына қан жүгіре қойған жоқ. Екінші деңгейлі банктер де, МҚҰ да осы саланы дамытуға да, қаржыландыруға да құлықты болмады. Банктердің саны қысқарып, бір-біріне жұтылып жатқан қазіргі кезде ауылдағы ШОБ-ты қаржыландыру мәселесі де ушығып кететіні даусыз.
Нарықтағы үлесі мен рейтингісіне қарамастан, Қазақстанға кез келген банк керек екенін сарапшылардың бәрі құптайды. Бірақ оған қалай қол жеткізуге болатыны әзірге белгісіз. «Мысалы, Ресейдің Орталық банктің шешімі бойынша, банктер капиталының мөлшеріне қарамастан, екі санатқа бөлінеді. Капиталы 1 млрд рубльден асқандары Орталық банктен базалық лицензия алады, ал қалғандары әмбебап жағдайда жұмыс істейді. Базалық лицензия алған банктер Ресейдің барлық аймағында жұмыс істейді және жергілікті әрі шетелдік клиенттерге стандартты өнім түрлерін ұсына алады. Бізге де МҚҰ-лардың жұмысына қатысты осындай айқындылық керек», дейді Бейсенбек Зиябеков.
Банктердің жұмысын заңдастырып берген заң жобасы Ресейде 2018 жылдың сәуір айында қабылданған. Ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Қазір көрші елде МҚҰ мен ЕДБ банктердің тандемінде құпиялылық жоқ. Сарапшылар мұндай заң біздің елге де керек екенін және бұл заңды микроқаржы ұйымдарын шағын банктерге айналдыру туралы шешім шығарғанға дейін қабылдау қажеттігін айтып отыр.
Ұлттық банк пен жоғарыда аталған агенттік бұл ұсынысты халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескеріп, қабылдағанын айтып отыр. Батыс елдерінің тәжірибесіне ден қойсақ, МҚҰ-ның негізгі бағыты азаматтардың қаржылық ресурстарға қолжетімділігін кеңейту, сол арқылы кедейлік деңгейін төмендету екен. Ал еліміздегі МҚҰ несиесі олардың қапиталына қарай өзгеріп отырады. Бірақ кейбір қаржы ұйымдары 4 пайызбен де несие беруге мүмкіндігі бар.
Бейсенбек Зиябековтің пікірінше, ішкі нарықта жүздеген банк жұмыс істеген тұста да ШОБ әлеуеті көтеріле қойған жоқ. Демек, алдағы уақытта жаңа МҚҰ нарығын трансформациялау кезінде қаржыландыру тетіктерін барынша жетілдіру қажет. «Қазір қаржы нарығында несие беретін ұйымдар көп. Тіпті аудан, облыс әкімдіктері жанынан құрылған әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар да ШОБ-ты несиелендірумен айналысады. Бірақ оның нәтижесі туралы ойланып жатқандар аз. Экономиканы қаржыландыру осылай бағдарсыз жалғаса беретін болса, күндердің күнінде облыс әкімдері жанынан проблемалы несие мәселесімен айналысатын департамент ашуға мәжбүр боламыз», дейді Б.Зиябеков. Сарапшы МҚҰ-ның жаңа мәртебесі туралы Үкімет те, Ұлттық банк те нақты тұжырымға келмегенін де қаперге салып өтті. Тиісті орындардың сүзгісінен өткендердің бәріне бірдей банкке айналу мүмкіндігі бұйыра бермейді.
Сарапшылардың айтуынша, микроқаржы ұйымдарының мүмкіндігін ШОБ пен ауыл шаруашылығын қаржыландыруға бұра алмасақ, ештеңе өзгермейді. Банкке айналудан үміті бар қаржы ұйымдарында ішкі нарықтың салалық сегменттерінің тілін білетін мамандар отыруы керек.
Екіншіден, нарықтың осы сегментінің қанша пайызы Қазақстанға тиесілі екені туралы мәліметтер әрқилы. «Қазірдің өзінде МҚҰ-ның басым көпшілігі «көлеңкеге» кетіп қалды дегенді ести бастадық. Оларды әлемнің қай бұрышынан және кімдердің басқарып отырғанын анықтау қиын. Олардың жұмысын шектеу құзыретін сақтап қалмасақ, ішкі нарық қосарланған МҚҰ-ның қыспағында қалады. Қазақстанда микрокредиттер нарығы өсе береді. Ойыншылар саны артып, несие алу шарттары икемді болады. Менің ойымша, жақын арада ғаламтор арқылы шағын несие беретін субъектілерге де қиын тиді. Олар қарыз алушыға өзін бейнеформатта көрсетуі керек деген функция енгізуі мүмкін. Біз осындай жүйе арқылы ғана МҚҰ-ның рейтингісін сақтап қала аламыз», лейді Б.Зиябеков.
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев шағын банктерге айналудан үміті бар МҚҰ ең алдымен талапқа бағынуы тиіс екенін айтады. Себебі Қаржы нарығын реттеу агенттігі де, Ұлттық банк те дәл қазір ішкі нарықта жұмыс істеп жатқан банктердің көбеюіне мүдделі болып отыр. ДСҰ шарттары бойынша елге шетелдік банктер келеді деген үміт әзірге ақталмады. Енді ашық нарықта өз мүмкіндігімізге ғана сенуден өзге амал қалмағанын Ұлттық банк түсініп отыр. Себебі соңғы жылдары жұмыс істеп жатқан банктер саны қысқарып кетті.
«Бұл жерде МҚҰ-ның шағын банктерге айналуына кімнің мүдделі болып отырғаны маңызды. Дәл қазір Агентттік мүдделі. Себебі Қазақстанда жұмыс істеп жатқан микроқаржы ұйымдарының бәрі бірдей азулы ойыншы емес. Ал қазір олардың саны көбейгені оң жамбасқа дөп түскен ұсыныс болып тұр. Олардың клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесі жетеді. Бизнесті қаржыландыруда да тәжірибесі бар. Ішкі нарықта реттелетін, тұтынушы үшін қызмет көрсетудің жоғары деңгейімен және тәуекелдің төмен деңгейімен ерекшеленетін жаңа МҚҰ нарығы қалыптасады. МҚҰ-лар экономиканы несиелендіруге ниетті болса, қаржылық саясатын Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) талаптарына қарай бейімдеуден басқа жол жоқ. МҚҰ осы күнге дейін жұмысын жөндемді жүргізе алмаған ЕДБ-ден ерекшелене алмаса, бұл тақырыпты қозғай берудің қажеті жоқ», дейді Андрей Чеботарев.
Сарапшылардың пікірлерінен ұққанымыз, МҚҰ-ның банктерге трансформациялануы бірер жылда аяқталмайды. Күні кеше ғана елімізде банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттейтін заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. МҚҰ мен банктер туралы қабылданатын шешімдер осы өзгерістер бойынша жүйеленбек. Демек, «жаңа МҚҰ нарығы» осыған дейінгілерден ерекше болатын шығар деген үміт бар.
АЛМАТЫ