• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 15 Маусым, 2021

Каталония мәселесі қайта қозғалды

267 рет
көрсетілді

Жексенбіде мадридтік оңшыл белсенділер наразылыққа шықты. Олар Испания билігінен каталондық 12 саясаткерді бостандыққа шығаруды талап етті.

Белсенділердің айтуынша, 12 саясаткер 2017 жылғы наразылықтар кезінде жазықсыз қамауға алынған. Оларды бас бостандығынан айыруға еш негіз болмапты.

Испанияның «Вокс» ұлтшылдар партиясының көшбасшысы Сантьяго Абаскаль «Белсенділерді қамау бұл елдегі негізгі заң – Конституцияға қарсы келу. Бұл – сепаратистерге, каталондықтарға жасалған опасыздық. Сондықтан белсенділер бостандыққа шығуы керек», деді.

Үкімет басшысы Педро Санчес шешім әзірге қайта қаралмайтынын айтты. Дегенмен, министрлер Испания Жоғарғы сотының 2019 жылы қабылдаған қарарын жоққа шығару мүмкін екенін айтады.

Негізі, үкімет басшысының кесіп айтқан шешімі ката­лон­дықтардың ашуын шақырып, жағдайды ушықтыруы мүмкін. Жалпы, Каталонияның бөлек шығуына қатысты ұсынысты ел халқының 60 пайызы қолдамаса, 25 пайызы құп көрген.

Демократтар болса, сепаратистер Испания Конституциясынан өздерін ақтап алатын заң іздемесін деген кеңес айтты. Сонымен қатар Санчестің мұны жақсы білетінін, соған қоса Парламенттің оны қолдауы каталондықтарға қатысты жағдайды өзгерте қоймайтынын болжайды.

Белсенділер саяси дебат ұйымдастырылуы керектігін және сотталған 12 саясаткердің ісі қайта қаралуын талап етті.

Он жылға созылған Каталония мәселесі Испания эконо­микасына үлкен зиян келтіруде. 7,5 млн тұрғыны бар Каталония Испаниядан автономия талап етіп отыр. Алайда билік бұл талапты мақұлдауға бейілді емес.