• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 16 Маусым, 2021

Айтбаевтың «Бақыты»

1240 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ұлттық бейнелеу өнеріне теңіздей буырқанған талантты бір буын келді. Осы буынға өнертанушылар «Қатаң стиль» өкілдері деп баға берген. Сол  үркердей шоғырдың ішінде дарынды қылқалам шебері Салихитдин Айтбаевтың  ешкімге  ұқсамайтын қолтаңбасы анық байқалды. Әсіресе, автордың 1966 жылы салған «Бақыт» деген картинасы  бейнелеу өнерін жоғары бағалайтын талғампаз жұрттың көңілінен шықты. Бұл кезең кеңестік дәуірдің дүбірлеп тұрған шағы болғандықтан,  қазақтың биік болмысын бедерлеген  туынды  «Молодая гвардия» журналында сыналып, авторға «ұлтшыл, түрікшіл» деген айып тағылды.

Салихитдин ағамыздың бұл еңбегінен Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Молдахмет Кен­баев, Қанапия Телжанов секілді бей­нелеу өнеріндегі алыптар­дың шығармаларындағы шынайы­лық­ты байқайсыз. Енді осы картинаға үңіліп көрейікші. Қазақтың сайын даласы, арғы жағынан түйенің өркеші секілді тау жоталары кө­рінеді, етегінде шұрқырап жайылып жүрген жылқылар. Бір шоқы­ның үстінде отырған ер тұлғалы жігіттің қолында қамшы, оған жанасып тұрған жазық маңдай бойжеткеннің жүзінен тазалық пен ізгіліктің лебі еседі. Қыс­қа­сы, жаймашуақ өмірдің бір сәті ақ ке­неп­ке таңғы шықтай мөлдіреп түсе қалған.

Белгілі қаламгер Қали Сәрсен­байдың «Мен өз деңгейімді жақсы білемін» деген суретші жайында­ғы мақаласында Қазақстан Су­рет­шілер мен Журналистер ода­ғының мүшесі Саламат Өтемісұлы талантты тұлға туралы: «1968 жы­лы оның өзінен бұрын «Бақыт» деген туындысымен респуб­ли­калық көрмеде танысып, үлкен әсер алдым.

Сол жыл­дары Алматы көркемсурет учили­ще­сін­де көбіне майлы бояу мен сыршырай жазатын декоративтік жә­не педа­гогтік бөлімдерде сабақ бер­ді. Ол өнерде ізденуді ұнататын, сол түрлі тәжі­рибе жасау тәсілін болашақ сурет­шілерге дарытуға тырысты. Салихитдин әсер­шілдік – ассациативтік бағытты ұс­тады. «Бейнелеу өнерінде тым ұяң бол­­маңдар, батыл – тентексоқтау (жақсы мағынасында), ізденгіш болыңдар», дейтін. Айнытпай са­луға тырысып, бейнелеп отырған дүниенің ұсақ-түйегін көшіріп отыр­ған шәкіртіне талай орынды үгіт айтып отырғанын көргенмін. Оның өзіндік ерекшелігі – қыл­қаламмен тартулы кенеп бетін дауылпаз ұрған кісідей зіркілдетіп ұрып салатын. Өзі салып тұрған жерден шым-шытырықтау көрін­генмен, сәл шегініп қарағанда бәрі орнында тұрады. Әрине, бұл күр­делі тәсілді тек хас шеберлер ғана игере алса керек», деп айтыпты.

Көрнекті қылқалам шеберінің әрбір туындысында тарихи таным мен заман тынысын шебер үйлестірген көркемдік айрықша көрінеді. Өнертанушылар оның заттың немесе құбылыстың ішкі мәніне терең бойлап, соның анық көрінуін талап ететін тұжырымды ұстанғандығын айтады.

Мәселен, суретшінің «Қонақ келді» (1969) деген еңбегі қа­зақ­­тың бейнелеу өнеріне со­ны си­пат әкелген. Сондай-ақ өнер­тану­шылар оның «Терезе ал­дын­­дағы қыз» (1968) − импрес­сио­­нистік шабытпен салынса, «Айгүл» (1968) картинасын ойлы дүние деп бағалады.

Әсіресе Айтбаевтың шығарма­шы­­лы­ғында портрет жанры ерекше орын алады. Ол осы туындыларында тұлғалар­дың басқалар байқамаған қыры мен сырын өз­геше өре білген. Айталық, оны «Ә.Әлім­жанов», «Ана», «Әке», «Абай», «М.Әуезов», «Сәулетші Сүлейменовтің портреті» секілді еңбектерінен көруге болады.

Жалпы, Салихитдин Айтбаев – ұлт­тық бейнелеу өнерінде бол­мысы бө­лек өзгеше талант. Оның П.Пикассо мен А.Матисс туын­дыларының түп­нұс­­қасымен танысуы суретшінің шығарма­шы­лығына айтарлықтай ықпал еткен. Содан ба, оның картиналарындағы бояу­дың қанықтығы мен композиция құры­лымы ешкімге ұқсамайды. Мұны сіз «Кітаптар» (1964) натюрморты, «Бақыт» (1966), «Жас қазақтар» (1967), «Бригада жиналысы», «Дала қосындағы түскі ас» (1972), «Суретші шеберханасында» (1977-1978), «Шопанның отбасы» (1977), «Құмыралар мен мүсін» (1988), «Ана» (1982-1983) секілді суретшінің негізгі шығармаларынан көресіз. Дарын­ды тұлға кітап безендіру ісіне де ара­ласып, осы саланың дамуына үлес қосты. Көптеген еңбегі оқулықтар мен кітап­тарға енді. 1966 жылы «Менің Ота­ным» атты суреттер топтамасы үшін Қазақ­стан комсомолының сыйлығы берілді.

Айтпақшы, суретшінің жақын туы­сы – үш жүздің басын қосқан Абылай ханның суретін салып, оны 1943 жы­лы «Миллаи Түркіс­тан» газетінде жария­лаған Мә­жит Айтбаев.

Бұл кісі 1939 жылы әскерге алынып, батыс шека­ра­да азаматтық борышын өтеп жүр­­генде соғыс басталып, 1941 жы­лы тұт­қынға түседі. Сондағы Түркістан ұлт­тық бірлік комитетіне мүше болып, «Жаңа Түркістан», «Миллаи Түркістан» газет­терін шығаруға атсалысады. Асыл текті бабамыздың ерлік жолын зерделеген «Хан Абылай» атты сүйекті поэма жазды.

Бұл шығарма 1943 жылы Берлинде жинақ болып, жарық көрген. Шығармаларын «Қобызшы Қорқыт» деген бүркен­шік есіммен жариялаған ардақты азамат 1945 жылы Дрезденде бомба жарықшағынан қайтыс бол­ды. Ал Абылай хан суретінің кө­шірмесі 1963 жылы Нью-Йорктен Алматыға ретін тауып жеткізіліп, 1972 жылы ол алғаш рет Қазақ энциклопедиясының 1-томында жарияланды. Сонымен қатар 1993 жылы шыққан төл теңгеміздің жүздік купюрасына белгіленді.

Ұлттық бейнелеу өнерінің асыл қазы­насын сүбелі шығар­ма­ларымен байытқан Салихитдин ағамыз өмірден ерте өтсе де, өш­пес мәңгілік ізін қалдыра білді. Бүгінде саңлақ суретшінің кескін­демелік және графиктік туындылары еліміздегі мемлекеттік өнер музейлерінде сақ­талып тұр.