Женева халықаралық саяси сахнадағы ірі оқиғалардың бірі – Байден-Путин келіссөзімен назарға ілікті. АҚШ пен Ресей президенттері тұңғыш рет бетпе-бет Швейцарияда кездесті.
Сарапшылар бұл келіссөз екі ел байланысының ең күрделі шағында болғанын айтып отыр. Қару-жарақты бақылау, санкциялар мен АҚШ-тың Ресейді кибершабуыл мен сайлауға араласуы туралы айыптаулары екі ел арасындағы қарым-қатынасты қиындатып тұр. Саясаткерлер аса ірі шешімдерді күтпесе де, кейбір шағын мәселелердің түйіні тарқатылатынына үмітті.
Кездесу Байденнің АҚШ президенті ретіндегі алғашқы шетелдік сапарының соңында өтті. Оған дейін ол G7 саммитіне қатысып, НАТО басшыларымен кездесті. Кездесуге келген Джо Байден батыстық әріптестерінің қолдауына ие екенін қуаттай түскен.
Келіссөз өткізуге Женеваның таңдалуы да кездейсоқ емес. 1985 жылы осында АҚШ президенті Рональд Рейган мен Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачев кездесу өткізген. Сондай-ақ Женева – бейтарап аймақ, онда қазір қос мемлекеттің де өкілі жоқ. Ал Ресей тіпті жақында АҚШ-ты «достас емес» елдердің қатарына қосқан.
Тараптар келіссөздің екі ел арасындағы жағдайды жақсартуға ықпал ететінінен үмітті. Екі жақты кездесуден кейін Байден мен Путин өздерінің құрамы кең делегацияларының, соның ішінде АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің және Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың, сондай-ақ аудармашылардың қатысуымен пікірталас өткізді.