Жапония Олимпия ойындары қарсаңында спорттық іс-шараларға 10 мың жанкүйерге кіруге рұқсат беруі мүмкін. Билік өкілдері бұл мәселені осы айда шешпекші.
Министрлер Кабинетінің Бас хатшысы Катсунобу Като БАҚ-қа берген мәлімдемесінде түпкілікті шешім елдегі эпидемиялық ахуал мен індеттің таралуына байланысты болатынын хабарлады.
Экономика министрі Ясутоси Нишимура денсаулық сақтау мамандарының үкіметтің бұл жоспармен келісіп отырғанын айтты. 10 мың көрермен – зал сыйымдылығының 50 пайызы ғана. Мамандар бұл шешімнің әлі нақты емес екенін ескертті. Десе де жағдай жақсарса, жапондықтар 23 шілдеде басталатын спорттық шараны залда көруге мүмкіндік алмақ.
Ал шетелдіктердің ойынды тамашалау үшін Жапонияға бара алмайтыны белгілі. Бұл – Жапония билігі мен Олимпиада комитетінің қауіпсіз іс-шара өткізуде қабылдаған шешімдерінің бірі.
Сондай-ақ қатысуға келген шетелдік атлеттерге де талап қатал. Қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған спортшылар ескертуден бастап, дисквалификацияға дейін жазалануы мүмкін. Ұйымдастырушылар бір жылға шегерілген ойында қауіпсіздік шараларын барынша сақтауға шақырып отыр.