• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 18 Маусым, 2021

Бәрі де бұқаралық спорт үшін

706 рет
көрсетілді

Жетісуда бұқаралық спорттың дамуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Әр аудан мен ауылда тұрғындардың саламатты өмір салтын ұстауына толық жағдай жасалған. Оның бір көрінісін жаңадан ашылып жатқан спорт, сауықтыру кешендерінің санынан-ақ байқауға болады. Мысалы, қазір Алматы облысында 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді.

Жақында бұл тізім толығып, тағы екі кешенге көбейді. Көксу ауданының Балпық би ауылында және Райымбек ауданының Нарынқол ауылында жаңа нысандар салынып бітіп, іске қосылды. Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында 17 мың адам тұрады. Ал жаңа спорт кешенін ең қажетті кезеңде салынып, пайда­лануға берілді деуге  әбден болады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың 100 дене шынықтыру-сауық­тыру кешенін салу туралы тап­сыр­масына орай ауданымызда сәулетті спорт кешені ашылды. Енді ауылдағы 17 мың тұрғын мұнда денсаулығын шыңдап, кәсіби спорттың 12 түрімен айналыса алады. Заманауи спорт кешенінің құрылысына 673 млн теңге жұмсалды. Ғимараттың жалпы алаңы 3 мың шаршы метр. Күрес, бокс, командалық ойындар залдары, скалодром, тренажер залы жабдықталған, сол сияқты 180 орындық көрермен трибунасы бар. Баскетбол, волейбол, гандбол, минифутбол, бадминтон, бокс, теннис, күрес сияқты спорттың 12 түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге жабдықталған медициналық кабинет,  душы бар киім шешетін, ілетін орын, 16 орындық буфет те бар. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да спортпен айналысуына барлық мүм­кіндік қарастырылған, – дейді Көк­су ауданының әкімі Алмас Әділ. 

Ал Райымбек ауданында­ ашыл­­ған заманауи спорт ке­ше­­ні­нің құрылысына және ма­териал­­дық-техникалық базасын қалып­тастыруға облыстық бюд­жет­тен 1,3 млрд теңге бөлінген екен.

– Нарынқол ауылында са­лын­ған бұл дене шынықтыру-сауық­тыру кешені – елді мекендегі ең ір­гелі спорттық нысан. Кешенде спорт­тық ойын түрлеріне, күрес, бокс, үстел теннисіне арналған зал­дар және тренажерлық зал бар. Сонымен қатар киім шеше­тін бөл­ме, буфет, кең асхана, ме­ди­циналық және массаж каби­неттері, демалыс бөлмесі, әкім­шілік кабинеттері, мәжіліс залы да қарастырылған. Көрермен трибунасы 180 орынға арналған. Аулада волейбол, ашық футбол алаңдары бар, мұнда жазғы күндері спортшылар таза ауада жаттығады. Ба­лаларды тәжірибелі спортшылар жаттықтырады. Ғимараттың жалпы алаңы – 4,8 мың шаршы метр, маңайына бейне­бақылау орнатылған, – дейді Райымбек ауданы­­ның әкімі Нұржан Құдай­бергенов

2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен Райым­бек және Кеген аудандары қайта құрылды. Осыған байланысты аудан орталығында әкімшілік ғимараттарды салу, жөндеу жұмыстары басталды. Жаңа тұрғын үйлер салынып, пайдалануға берілді. Қысқа уақыт ішінде үлкен жұмыс жасалды. Іске қосылған спорт кешені де сол қатарда.  Су жаңа ғимарат ішінде бокс, күрес, футбол, жаттығу залдары мен стадион бар. Сондай-ақ медициналық және массаж ка­бинеті,  әкімшілік үй-жайлары, киімжайы бар буфет және вестибюль орналасқан.

– Бұл спорт кешенінде тек балалар мен жасөспірімдер ғана емес, мемлекеттік қызметкерлерден бас­тап, зейнеткерлерге дейінгі барлық ауыл тұрғыны да жат­тығумен айна­лыса алады. Осы аймақтан көп­теген спортшы шықты. Мы­салы, еркін күрестен Руслан Жұ­мабеков, Ардақ Назаров, Бейбіт Назаров, Жасұлан Қыдырбаев та – Райымбек ауда­нының тума­лары. Осындай заманауи спорт кеше­нінен әлемдік жарыстарда Олим­пиада шыңдарын бағындыратын спортшылар шы­ғады деп үміт­тенеміз, – деп қо­ры­тындылады Ал­маты облысы дене шынықтыру және спорт бас­қармасының басшысы Нұр­бақыт Теңізбаев.

Айтпақшы, алдағы уақытта Балқаш ауданының орталығы Ба­қа­нас ауылында да жаңа спорт ке­шені ашылмақ. Яғни жыл соңына дейін Жетісудағы дене шынық­тыру-сауықтыру кешендерінің саны он беске жетпек.