• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2021

Өңір экономикасының даму әлеуеті жоғары

278 рет
көрсетілді

Павлодар облысы қарақұмық дақылдарын егу көрсеткіші бойынша республикада көш бастады. Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, күнбағыс және қарақұмық дақылдары егіл­ген алқаптар едәуір көбей­тіл­ген. Биыл соңғысы 42 мың гек­тар­ға егі­ліп, Қазақстан бойынша қа­ра­құмық дақылдары егілген аумақ­тың 44 пайызын құраған.

Павлодар облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 1,5 миллион гектардан астам жерге себіліп, егілген алқап ауданы 6 пайызға өскен.

Аймақ басшысының баяндауынша, облыстағы экономиканы әртараптандыру ісі агро­өнер­кәсіптік кешеннің әлеуеті есебінен жүргізіліп келеді. 2025 жыл­ға дейін өңірде осы саладағы жалпы құны 230 млрд теңгені құ­­райтын 46 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның жар­­­тысынан көбі биыл іске қосы­лады.

«Биыл ауылда құрылыс және абаттандыру бағытында бірден 150 жобаны жүзеге асырамыз. Олардың жартысына жуығы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бо­йынша іске асырылады. Ауыл­дар­дағы әл-ауқаттың негіз­гі көр­­­сеткіштерінің бірі – сумен жаб­­­дықтау. Біз ауыл тұрғын­дарын сапалы ауыз суға қол жет­кізумен қамтамасыз ету жөнін­дегі жоспарларды жедел­де­тіп, мәселені 2023 жылы толық шешуге ниеттіміз. Осы жылы сапалы ауыз су 212 мың адамға немесе өңірдегі ауыл тұрғындарының 95 пайызына қолжетімді болады», дейді Әбілқайыр Сқақов. 

Business Ertis кәсіпкерлерді қолдау өңірлік бағдарламасы аясында ауылға ерекше көңіл бөлінген. Осы арқылы об­лыс­тың әр ауданында бір ауқым­ды жобаны іске қосып, ауыл­да шағын, орта, жаңадан бастаған бизнеске күнделікті көмек көрсетілмек. Бұдан бөлек, бағдарламаның тағы бес бағы­ты бар: кәсіпкерлерге атау­лы көмек көрсету, эколо­гия­лық, инно­ва­циялық және әлеу­мет­тік бас­та­маларды дамыту, сондай-ақ инвес­тициялар тарту. Осындай қолдаудың арқасында жыл басынан бері Павлодар облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны шамамен 350-ге өсіп, сауда көлемі 30 млрд теңгеден асқан. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 1,5 мыңға жуық кәсіпкер 34 млрд теңгеден астам көмек алды. Жыл соңына дейін кемі 700 жобаға қолдау көрсетілмек. 

Ақсу қаласында өзектілігін жой­­­май келе жатқан жылу проб­­ле­масы шешімін тапты деп мәлімдеді аймақ басшысы. Биыл мұнда жаңа жылыту қа­зан­­дығы іске қосылмақ. Ол ор­та­­лық­­тандырылған жылумен қам­­та­масыз ету қызметінің сапасын жақсартуға тиіс. Бұған қоса, Ақсуда мұз аренасының құрылысы мен «Заманауи мектеп» аймақтық бағдарламасы бо­йынша мектептерді жаңарту бас­талды.

Жыл басынан 1 маусымға дейін өңірде 11,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Оның жартысынан астамы тұ­рақты. «Еңбек» бағдарламасы ая­сында облыстың 14 мыңнан астам тұрғыны еңбекке тартылып, жыл соңына дейін тағы 14 мың адам жұмыспен қамтылмақ.

Биыл 1200-ден астам жұмыс ор­нын ашуға бағытталған 77 жоба іске асырылмақ. Облыс әкі­мі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы­мен әзірленіп жатқан Екібас­тұзды дамытудың кешенді жос­парына бөлек тоқталды.

«1,5 мың шамасында ұсыныс қабылданып, 100-ден астам сарап­тамалық сұхбат өткізілді. Жоспардың негізгі міндеттерінің бірі – көмір өндіруді төмен­де­ту және инновациялық техно­логия­ларға көшу арқылы Екі­ба­с­тұз экономикасының отын-эне­р­гетикалық кешенге тәуел­ді­лігін азайту. Есесіне, өң­деу өнеркәсібінің үлесін арттырамыз. Бюджеттен бөлінген 1 теңгеге шақ­қандағы инвестиция кө­лемі 10 теңгеге жетуі керек», деді ай­мақ басшысы.

Павлодар облысында соңғы бес ай ішінде өнеркәсіп өндірі­сі­нің көлемі 5 пайызға өсіп, жалпы құны 1 трлн теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім – 6,3 пайыз. Сыртқы сауда айналымы 20 пайыздан асып, 1,4 млрд долларға жеткен. Алдын ала есеп бойынша екі айда шикізаттық емес экспорт құны – 318,8 млн доллар. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,4 есе артты.

Облыс экономикасына құйыл­ған қаражаттың көлемі үштен бір есеге артыпты – шамамен 134,6 млрд теңге. Өңірге инвестиция тар­ту жұмыстары жаңаша бас­тау алған. Проблемалар мен мүм­кіндіктер талданып, инвес­ти­циялық штаб құрылған. Бүгінгі таң­да облыстың алдағы бес жыл­ға арналған инвестициялық порт­фелі – 1,9 трлн теңге. Яғни 174 жоба қолға алынбақ.