Өткен бейсенбі күні Парламент Сенатының жалпы отырысында былтырғы республикалық бюджеттің атқарылу жайы қаралып, онда Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова ел қазынасындағы қаржының тиімсіз әрі мақсатсыз жұмсалғанына шүйліккен еді. Қаржы министрлігі бұл ескертулерге бірден «селт» ете қалған сыңайлы, өйткені ертеңінде-ақ аталған министрліктің баспасөз қызметі журналистерге қаржының қайда кеткенін түсіндірген хабарлама таратты.
Сонымен... Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Н.Годунова алдымен 2020 жылдың бюджеті пандемиядан туындаған қиын жағдайда жүзеге асырылғанын атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде халық пен бизнесті қолдауға бағытталған бұрын-соңды болмаған шаралар легі қабылданды. Соның арқасында ұлттық экономиканың күрт құлдырауы болған жоқ, оның алдын алуға және сыртқы теріс әсерді елеулі түрде нивелирлеуге мүмкіндік беріліп, республикалық бюджеттің жоспарлы параметрлері атқарылды. Түсімдер 100,2%-ға немесе 15,1 трлн теңгеге орындалды. Ұлттық қорға түсетін түсімдердің барлық сомасының 96%-ын жұмсадық», деді ол.
Пандемия дағдарысынан кейін ел экономикасы біртіндеп түзеліп келеді. Ендігі мақсат – Ұлттық қорды толықтыруды барынша қамтамасыз ету керек. Бірақ қаржы тапшы болып отырған бүгінгі қиын-қыстау кезеңде бардың өзін дұрыс ұқсата алмай, қазына қаржысын тиімсіз жаратып отырғандар да бар. Н.Годунова бірінші кезекте Ұлттық кордан алған ақшасын толық қайтармаған квазисектор субъектілерін сынға алды. Оның айтуынша, Ұлттық қорды тексеру кезінде «Самұрық-Қазына» бұрын Ұлттық қордан алған 162 млрд-қа жуық теңге көлеміндегі облигациялық қарызды активтерді сатудан түскен қаражат есебінен өтеген. «Мұндай практиканы тоқтату керек!», деді комитет төрағасы. Ал мұнай секторы саласындағы компаниялардан былтыр 664 млрд теңге қаражат қорға түспеген.
Бұдан кейін Есеп комитеті Қаржы министрлігін сын тезіне алды. «Резервтер мен салықтық әкімшілендіруді жақсарту – Есеп комитетінің ерекше назарында. Былтыр Қаржы министрлігі 1,5 трлн теңгенің қосымша түсімдерін болжаған еді. Бірақ іс жүзінде одан 7 есе аз түсті. Бюджетке берешекті өтеу бойынша жағдай сапалы тұрғыдан өзгерген жоқ, ол әлі де ақшалай емес қаражатпен жүзеге асырылады. Алдағы төлемдер есебінен артық төлеу проблемасы да сақталып отыр. Негізінен корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығы – жүйені құраушы салық болып тұр. 2021 жылдың қаңтарында бұл сома – 1 трлн 800 млрд теңгеден сәл аз», дейді Н.Годунова. Бірақ осыған қатысты Қаржы министрлігінің уәжі басқа. Олар нақтыланған республикалық бюджетте жоспарланған қосымша салық түсімдерінің көлемі 1,5 трлн емес, 476 млрд теңгені құрады деп түсіндірді. «Өткен жылы тексерулерге жарияланған мораторий мен кәсіпкерлерге жасалған салықтық жеңілдіктерді ескерсек, іс жүзінде 710 млрд теңге қосымша түсім түскен. Осылайша, Қаржы министрлігі іс жүзінде дағдарыс кезіндегі қосымша кірістер көлемінің төмендеуіне жол бермей, керісінше, жоспарланған кірістер көлемін 1,5 есеге арттырды», дейді министрлік хабарламасында.
Күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалғанын айтқан Есеп комитетінің төрағасы бюджет қаржысын тиімді пайдалану тұрғысынан да бірқатар мәселе туындағанын атап өтті. Сөйтіп, барлық мемлекеттік аудит органдары анықтаған тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі шамамен 570 млрд теңгені құраған. «Бір теңгенің де сұрауы бар қазіргі кезде әр қаржы шотта болуы керек, бұған жол беруге болмайды. Сондықтан біз өткен жылы бастаған мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды деп санаймыз. 2021 жылдың басынан бері 11 лауазымды тұлға жазаланды. Дегенмен де заң бұзушылықты анықтаудың шеңбері әлі де тар», дейді Н.Годунова.
Есеп комитеті сондай-ақ мемлекеттік қарыздың өсуіне назар аударып, оның ІЖӨ-ге қатынасы 29,4% жетіп, фискалдық саясат тұжырымдамасында белгіленген 27% шегінен асып кеткенін сынға алған еді. Қаржы министрлігі болса, ІЖӨ-ге қатысты 27% көрсеткіш индикативті екенін және оны Үкімет дағдарысқа дейінгі кезеңде қабылдағанын айтып отыр. «Жалпы, мемлекеттік қарыздың ІЖӨ-ге қатынасы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген шектен және еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында көрсетілген көрсеткіштен (ІЖӨ-нің 50%-ы) аспайды. Қазіргі уақытта бұл Тұжырымдама күшін жойды, макроэкономикалық жағдайды және экономикалық дамудың басқа параметрлерін ескере отырып, жаңа құжат әзірленуде. Қалай болғанда да барлық қарыз көрсеткіші сол қалпында сақталады және қауіпсіз деңгейде болады», дейді Есеп комитетінің сынына жауап берген министрлік.
Есеп комитеті атап өткен бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғандардың қатарында арнайы экономикалық аймақтар да бар. «Жақында ғана біз арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудитті аяқтадық. Өздеріңізге мәлім, олардың міндеті – өнімділігі жоғары, қазіргі заманға сай, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту. Алайда АЭА-ға қатысты мәселелер бұрыннан бар. Кезінде 5 аймақ болған кездің өзінде Елбасы олардың тиімділігін анықтауды талап еткен болатын. Бүгінде олардың саны 13-ке жетті. 2001 жылдан бастап 2019 жылға дейін АЭА-да инфрақұрылымды дамытуға (салуға) тек республикалық бюджеттен 372 млрд теңге бөлінді, соның 62%-ы – Ұлттық қордың қаражаты. Алайда сол 13 арнайы экономикалық аймақтың үшеуінің ғана құрылысы толық аяқталған. Бәрін аяқтау үшін тағы 280 млрд теңге керек. Осылайша, АЭА жалпы аумағының 60%-ға жуығы бос тұр», деді Н.Годунова.
Иә, Қаржы министрлігі Есеп комитетінің сын-ескертпелеріне өз жауаптарын беріп жатыр. Ал небір индустриялық жобаларды дамытып, экономикамыздың өркендеуіне серпінді үлес қосуға тиіс арнайы экономикалық аймақтарға кім жауапты? Оларға деп бөлінген бюджет қаражатының қайтарымы бола ма? АЭА қатысты Есеп комитетінің есебінен қандай қорытынды шығатыны енді – уақыт төрелігінде.