«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев өрт шыққан Жаңаөзен қаласындағы Қазақ газ өңдеу зауытына арнайы барып, қызыл жалыннан келген залалды қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 16 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 23:15-те Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында орналасқан «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-ға қарасты компрессорлық цехтың ауа тоңазытқышында өрт шыққан еді. Тосыннан келген тілсіз жауды өршітпеу үшін дереу газ беру доғарылып, зауыт та толығымен апаттық режімде жұмысын тоқтатқан.
Оттың тұтануы жөнінде түсінік берген «ҚазГӨЗ» ЖШС директоры Нақберген Төлепов өртті сөндіру үшін шұғыл шаралар қолға алынғанын, оған жеке өрт сөндіру топтары мен ТЖД күштері және «ҚазГӨЗ», «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкерлері жұмылдырылғанын жеткізді.
Өрт сағат 23:52-де толық сөндірілді. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер болған жоқ. Ал өрт шыққан ауа тоңазытқышының тек көтергіш конструкциясы зақымдалған. Негізгі қондырғыға зиян келмеген.
ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев кәсіпорынның технологиялық желісін аралап, өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көрді. Бұдан кейін ол Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары А.Меңдібаевтың, Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаровтың, «ҚазГӨЗ» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бірінші басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді.
Жиында өрт салдарын жою бойынша қабылданған шаралар талқыланып, осындай жағдайлардың алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берілді.
Бұдан бөлек, кәсіпорында шыққан өрт «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ кен орындарындағы мұнай өндіру деңгейіне теріс әсер етпегені айтылды.
Сонымен қатар Алик Айдарбаев өрт сөндіру кезінде ұйымшылдық танытып, үйлесімді іс-әрекеттерімен тілсіз жауды ауыздықтаған өртке қарсы қызмет мамандарына, ҚазГӨЗ, Өзенмұнайгаз ұжымдарына алғысын білдірді.
«Қазіргі міндет – өрт зардаптарын қысқа мерзім ішінде жойып, кәсіпорынның газды толық қабылдауын қамтамасыз ету», деп атап өтті ол.
Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-да Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевтың төрағалығымен жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына тиісті құрылымдық бөлімшелердің қызметкерлері кірді. Жедел штаб өрттің шығу себептерін анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Ең бастысы, өрттің салдарынан зауыт қызметкерлері, Жаңаөзен қаласы мен жақын маңда орналасқан елді мекен тұрғындары зардап шеккен жоқ және олардың өмірі мен денсаулығына да қауіп жоқ.