• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Маусым, 2021

Саяси науқан қызып тұр

292 рет
көрсетілді

Әлемде пандемиямен күрес жалғасып жатқанына қарамастан, маңызды оқиғалар мен саяси науқандар да өте бастады. Осы күндері үш бірдей елде – Эфиопия, Армения мен Францияда сайлау өтті.

Бұл – Эфиопия мен Армения халқы үшін маңызды оқиғалардың бірі. Себебі сайлау нәтижесіне байланысты қос елдің премьер-министрінің тағдыры шешілмек. Ал Франция үшін бұл аймақтық сайлау болғанымен, дәл осы оқиға елдегі келесі жылғы президент сайлауының дайындығы деуге де болады.

Сонымен, 20 маусымда Арменияда өткен сайлаудың нәтижесі келесі күні анықталды. Жалпы, елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізуге елдегі саяси дағдарыс себеп болды. Халық 2020 жылдың қарашасында Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы мәлімдемеге қол қойған сәттен бастап наразылығын білдірді. Нәтижесінде, премьер-министр Никол Пашинян 25 сәуірде отставкаға кетіп, Үкімет басшысының міндетін атқарушы болып қалған-ды. Армения Парламенті екі отырыста үкімет басшысын сайлай алмай отставкаға кеткен еді. Сондай-ақ ел президенті Армен Саркисян 20 маусымға дейін парламенттік сайлауды өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Сайлау нәтижесінде бұрынғы премьер-министр Никол Пашинянның партиясы жеңіске жетті.

Сайлаушылардың 53,92 пайызы Пашинянның партиясына дауыс берген. Ал оған басты қарсылас, бұрынғы президент Роберт Кочарянның «Армения» блогы 21,04 пайыз дауыс жинаған. Олар парламент сайлауының нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Ал сайлауға халықтың 49,4 пайызы қатысқан. Арменияның жаңа үкіметін құру құқығы үшін барлығы 25 саяси күш сайлауға түскен. Бақылаушылар сайлаудың тыныш өткенін мәлімдеді.

Ал Эфиопиядағы парламенттік сайлау кеше дүйсенбіде басталды. Тізімге енген 37 миллионға жуық сайлаушы Федералды Парламенттің төменгі палатасының жаңа құрамына – 547 депутаттан тұратын халық өкілдері кеңесіне дауыс беруі керек. Орындар үшін 46 партиядан 9,5 мыңнан астам үміткер күреседі. Қазіргі Эфиопияның сайлау тарихында осыншама көп кандидат пен партияның саяси додаға қатысуы бірінші рет. Жалпы, елдегі жағдай мәз емес, солтүстіктегі қанды қақтығыс пен қауіп төндірген ашаршылық және этностық топтар арасындағы шиеленіс өршіп тұр. 2015 жылдан бергі алғашқы жалпы сайлау бастапқыда 2020 жылдың тамызына жоспарланған болатын, бірақ коронавирусқа байланысты кейінге қалдырылды. Кестеге сәйкес, сайлау округтері бойынша алдын ала нәтиже сайлаудан кейінгі бес күн ішінде жариялануы керек. Ал соңғы нәтиже 23 күн ішінде белгілі болады.

Премьер-министр Абий Ахмед билікке келгеннен бері бірқатар аймақта этностық шиеленіс күшейе түскен. Бұл сайлау барысына әсер ете ме деген қауіп бар. Тиграидан бөлек, федералды күштер Оромияның кейбір аудандарындағы көтерілісшілермен күресіп, Амхарадағы этностық шабуылдарды басуға тырысып жатыр. Ал елдің батысы Бенишангул-Гумуз аймағындағы жер мен ресурс үшін күрес өткен жылдан бері жүздеген адамның өмірін қиды. Премьер-министр Абий Ахмед халықаралық қоғамдастықтың сайлауға қатысты алаңдаушылығына жауап беріп, сайлау еркін және әділ болатынын айтты. «Бізді сайлау күні көшеге шығып қақтығысады дегендерге сабақ береміз» деді ол.

Франциядағы аймақтық сайлауға келер болсақ, бүкіл әлемдегі БАҚ президент Макронның партиясының жеңілісін жарыса жазып жатыр. Барлығының назары өңірлік деңгейдегі сайлауға ауысуы келесі жылғы президенттік сайлаумен тікелей байланысты. Билік осылайша электораттың көңіл күйі мен қоғамдағы пікірді анықтамақ. Халықтың шамамен 60 пайыздан көбі дауыс бермеген. Сарапшылар мұны президент пен үкіметтің өз жақтастарын жинай алмауынан деп отыр. Аймақтық сайлаудың бірінші кезеңіндегі алдын ала нәтиже бойынша Макронның партиясы шекті 10 пайыздан сәл жоғары дауыс жинап, екінші кезеңге жолдама алды. Партия депутаттарының бірі бұл нәтижені бетке тиген «шапалаққа» теңестіріпті.