«Қазақстанның даму банкі» АҚ бастапқы алтынды кен өңдеу кешенін салу және пайдалану жобасын қаржыландырмақ. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 млн тонна кенді құрайды, дайын өнімді құрамында 88% алтыны бар Доре қорытпасы құймалары түрінде шығару жоспарлануда. Құрылысқа жұмсалатын шығынның жалпы көлемі – 425 млн доллар. ҚДБ 9 жыл мерзімге 300 млн долларға дейінгі сомаға қарыз берді. 125 млн доллар сомасындағы қажетті инвестициялардың қалған көлемін RG Processing ЖШС өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.
Ауданы 67,7 га жаңа тау-кен-металлургиялық кешеннің құрылысы 2020 жылы басталды. RG Processing кәсіпорынды 2022 жылдың үшінші тоқсанында іске қоспақ. Кешен Ақмола облысының Бурабай және Бұланды аудандарының аумағында орналасады, өндірістік үдерістің шикізаты қосалқы қарыз алушы компания – RG Gold ЖШС Солтүстік және Оңтүстік Райгородок кен орындарында өндіретін бастапқы алтынды кен саналады.
Жобаны «Верный Капитал» компаниялар тобы тау-кен ісіндегі ірі Resource Capital Funds тікелей инвестициялар қорымен серіктесе отырып іске асырады. RCF – тау-кен секторына инвестициялар салуға бағытталған жалпы басқарудағы жеке тікелей инвестициялар қорларының тобы. Топ 1988 жылы құрылған, оның инвестициялық мандатына қатты минералды шикізаттың барлық түрі және активтердің кең географиясы кіреді. Құрылғаннан бері RCF 51 елде жобалары және шикізаттың 30 түрі бар 181 тау-кен компаниясына инвестиция салды.
ТКМК технологиялық сызбасы кенді минималды операциялық шығындармен және қоршаған ортаны қорғау бойынша әлемдік стандарттарды енгізу мүмкіндігімен оңтайлы өндіру мақсатында жобаланған. Жабдық жеткізушілері – жетекші әлемдік өндірушілер, бұл жобаның ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тиімділігін елеулі дәрежеде арттырады.
Құрамында 88% алтыны бар Доре қорытпасының құймалары толық көлемде өндірілетін өнімді сатуға ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған Қазақстандағы аффинаж зауытына сатылмақ.
«Кешеннің құрылысы әлі салынып жатқандығына қарамастан, дайын өнімді жеткізуге көпжылдық келісімшартқа қол жеткіздік. Доре қорытпасы ішкі нарықта үлкен сұранысқа ие, себебі жыл сайын бізде шамамен 5 тонна алтын өндіріледі. Алтынның өтімділігі жоғары және тасымалдануы оңай болғандықтан, оны сатуда қиындықтар туындамайды», деді RG Processing бас директоры Лоуренс Россоу.
Л.Россоудың айтуынша, жобаны іске асыру орнына фабриканың ресурстық базаға жақын болуына байланысты Ақмола облысы таңдалды, бұл кенді тасымалдау шығындарын едәуір азайтпақ. Сонымен қатар өңірде қажетті инфрақұрылым дамыған, жоғары білікті кадрлар бар.
«Бүгінгі таңда Ақмола облысы елде алтынды өндіру бойынша алдыңғы орында тұр. Сондықтан ішкі нарықтың Доре қорытпасына қажеттіліктерін қысқартуға қабілетті жаңа фабриканың дәл осы жерде салынуы орынды. Бұл жоба өңір үшін де маңызды, яғни өңірдің экономикалық әлеуеті артады, шамамен 1000 тұрақты жұмыс орны мен фабриканың құрылысы кезеңінде 500 уақытша жұмыс орны құрылады. Кәсіпорынның елдің бюджетіне аударатын салықтық төлемдері жылына 20 млрд теңгеден асады. Банктің ұлттық экономиканы тұрақты дамыту бойынша негізгі миссиясын ескере отырып, жобаны іске асыру есебінен елдің алтынды стратегиялық қоры елеулі дәрежеде толысатынын айта кету керек», деп атап өтті ҚДБ Клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі дирекциясының аға банкирі Қасым Мұханбетов.
Даму банкі 300 млн долларға дейін, соның ішінде 217 млн доллар және 34,8 млрд теңге мультивалюталық қарыз ұсынды. Қарыз алу мерзімі – 9 жыл, ҚДБ-ның қаржы құралдары құрылыс-монтаж жұмыстары мен жабдықты сатып алуға жұмсалады. Жобаның республикалық индустриаландыру картасына енгізілгенін ескере отырып, қаржыландыру Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ) аясында да жүзеге асырылатын болады.