Израильдің i24News телеарнасы Дубайдан өз кеңсесін ашатынын мәлімдеді. Осылайша, аталған арна араб елдерінде таралатын алғашқы израильдік арна атанып отыр.
«Өткен жылы іскерлік байланыстар мен серіктестікке тың серпін беретін аймақтық дипломатиялық өзгеріске куә болдық. Дубай Медиа Ситиде кеңсеміздің ашылуы Таяу Шығыс мәселелерін аймақтық медиа индустриясының орталығынан таратуға жол ашатын стратегиялық алаң қалыптастыруға мүмкіндік береді», деді i24News-тің бас директоры Фрэнк Мелло.
Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерімен бірқатар келісім жасалған. Мәселен, ағылшын тілінде шығатын Gulf News газетімен контент алмасады. БАӘ Туризм министрлігінің жарнамалары жарияланады.
Дубай медиа-офисінің бас директоры Мона әл-Марри БАӘ мен Израильдің медиа секторлары арасындағы ынтымақтастықтың орнағанын құптады. Dubai Media City компаниясының директоры Мажед әл-Сувайдидің айтуынша, i24News-пен келісім жасасу медиа өкілдерінің аясын кеңейтеді.
i24News арнасының жаңалықтарын Etisalat және DU байланыс операторлары таратпақ. Арна араб, ағылшын және француз тілдерінде хабар таратады. Былтыр желтоқсанда Тель-Авив қаласында орналасқан i24News Әбу-Даби Медиамен келісімшарт жасасып, ортақ ақпарат тарату, мұрағат материалдарын бөлісу жөнінде уағдаласты.
Бұдан бөлек, БАӘ билігіне тиесілі Dubai Media Incorporated компаниясы i24News-бен контент жасау, медиа-технологиялар және қызметкерлермен алмасу бағдарламалары бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын мәлімдеді.
Таяу Шығыстағы бұл жылымық былтыр басталған. АҚШ-тың арағайындығымен «Abraham келісіміне» қол қойылды. Соған сәйкес, Израиль БАӘ, Бахрейн, Марокко елдерімен дипломатиялық байланыс орнатты. Биыл бұл тізімге Судан қосылды. Бұған дейін араб елдерінің ішінде Мысыр пен Иордания ғана Израильмен дипломатиялық байланыс орнатқан еді.
Палестиналықтар бұл келісімге наразылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, қарым-қатынасты қалыпқа келтіру Араб лигасының ұстанымына қайшы келеді. Онда Израиль тарапы Палестина жерлерін басып алуды тоқтатпайынша және тәуелсіз Палестина мемлекетімен келісім жасамайынша, аталған елмен қарым-қатынас болмауы керек екені айтылған.
Еуроодақтың ережесі сынға ұшырады
Сарапшылардың пайымдауынша, Еуропалық одақтың химиялық заттарға қатысты жаңа ережесі полимерлердің көпшілігін тексерусіз пайдалануға мүмкіндік бермек.
Еуропадағы химиялық ережелерге сәйкес, 200 000-ға жуық полимер түрінің 6 пайызы Еуропада қауіпсіздікті тексеруді қажет етеді. Осыған байланысты 19 ғалым Еуропалық Комиссияға хат жолдады.
Олардың айтуынша, бұл – өте аз көрсеткіш. Пластик заттар қоршаған ортаға зиян. Соған қарамастан, жаңа ережелер полимерлердің көптеген түрін еркін қолдануға мүмкіндік береді.
Еуропалық экологиялық бюроның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, тексеруді қажет етпейтін химикаттардың қатарына қауіпті түрлері де еніп кеткен. Мәселен, полистирол егеуқұйрық өкпесінің қабынуына себеп болған. Сондай-ақ қалдық суларды, желімдерді және тамақ орамаларын тазартуда қолданылатын акриламид мономері нейротоксинге айналатын полиакриламидтер де тізімге енген.
Таяуда Еуропалық Комиссия осы мәселеге қатысты зерттеуге тапсырыс берген еді. Соған сүйенсек, кей пластикалық заттарды қатаң тексеруден өткізбесе, қоршаған ортаға орасан зиян келтіреді.
Еуропалық Комиссия ұсыныстар бастапқы сатыда екенін, әлі де талқылау жалғасатынын айтып отыр. «Ендігі жиында полимерлерді қалай тіркеудің кейбір техникалық аспектілері талқыланады, бірақ полимерлердің қалай тіркелуінің түпкілікті нәтижелері әзірге талқыланбайды және ережелер жобасы жоқ», дейді Еуропалық комиссияның баспасөз хатшысы.
Әрбір жүзінші тұрғын – босқын
Планетаның әрбір жүзінші тұрғыны – босқын. Олардың саны соңғы онжылдықта екі есеге өскен. Қазіргі таңда босқындар саны 82 миллионнан асып кетті.
БҰҰ есебінде мигранттардың көп бөлігі «ішкі қоныс аударушылар», яғни өз елдерінде босқындарға айналғандар екені атап өтілген. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Грандидің айтуынша, көші-қон мәселелеріне қарағанда, ішкі қоныс аударушылар түйткілдерін шешу қиын, өйткені олар қарулы қақтығыс жағдайында тіршілік кешіп жатыр.
«Йемен туралы, Тиграй туралы, Ауғанстан туралы ойлаңыз. Трендтің, одан әрі өсу тенденциясы бар Бұл бізді қатты алаңдатады. Осы есепте ішкі қоныс аударушылар саны шамамен 50 миллионға жуықтады», дейді ол.
Босқындардың көпшілігі – сириялықтар. Олардың саны 6,8 миллионға жеткен. Екінші орында – палестиналықтар, үшінші орында – венесуэлалықтар. Бұдан бөлек, Оңтүстік Судан және Мьянма елдерінің азаматтары да босып жүр. Қазіргі таңда аты аталған бес елдің азаматтары әлемдегі босқындардың үштен екісін құрайды. Бір өкініштісі, шартараптағы мигранттардың 42 пайызы кәмелетке толмаған балалар.