• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Маусым, 2021

Аялы алақандағы «Өмір ағашы»

296 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысында өңір медицинасын қолдауға бөлінген қаржы көлемі 68 млрд теңгеден асып отыр. Яғни денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан лайықты көңіл бөлініп, барлық мүмкіндік жасалуда. Соның нәтижесінде, аймақта медициналық жабдықтармен, автокөлік құралдарымен қамту көрсеткіші 90 пайызға жеткен.

Бұл бағыттағы жұмыс жалға­са бермек. Жыл соңына дейін тағы да қосымша 3,2 млрд тең­геге заманауи медициналық құ­рал­дар сатып алынбақ. Оның ішін­де алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйым­дарының жабдықталуына ерекше көңіл бөлініп, қызмет көрсету сапасының деңгейі 93 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Яғни Жетісуда медициналық қыз­меттің қолжетімді болуы мен 2025 жылға дейін шалғай елді мекендерді де сапалы қызметпен толық қамту үшін 109 нысан салу көзделген екен. Соның ішінде 23 нысан биыл салынуда. Тізімде ­20 блокты-модульды медпункттер де бар.

– Дені сау адам – қоғам­­ның байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел аза­мат­­тары­ның денсаулығын сақтауды, әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Елба­сы­ның тапсырмасына және Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт То­қаевтың алдымызға қойған мін­деттеріне сәйкес аурудың алдын алуға, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жа­салып келеді. Ғима­раттар жа­ңартылып, материалдық-тех­ни­калық база нығайтылды. Меди­цина қыз­меткерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық мүмкіндік қарастырылды, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Айтпақшы, жақында өт­кен денсаулық сақтау саласы қыз­меткерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыстағы үздік дәрігер­лерді марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын 10 номинация бо­йынша өтетін конкурс биыл да жалғасып, аймақтағы ең­бе­гі жан­ған мамандарға 1 млн тең­ге кө­лемінде сыйақы берілді. Ал биыл­ғы үздік мамандар қата­ры­нан Алматы қала­сындағы аймақ­тық клиникалық ба­лалар ауруха­насының гематолог дәрі­гері Меруерт Жұмабаева мен Іле ауда­­нындағы Қосөзен ауылдық дәрігерлік амбулаториясының мең­герушісі Алма Сембаева кө­рінді. Меруерт облыстың «Үз­дік дәрігері» атанса, Алмаға «Үз­дік ауыл дәрігері» марапаты бұ­йырды. Сон­дай-ақ «Денсаулық саласының үз­дік менеджері» ата­лымының жүлдесі Тал­дықорған қаласындағы облыстық кар­дио­логиялық орталықтың директоры Нұрсан Сұрашевке берілді. Ол да 1 млн теңгенің сертификатын иеленді.

Мұнан бөлек, байқау қо­ры- ­тындысы­ның нәтижесіне орай басқа да жеңім­паз дәрігерлер марапатталып, қомақты ақша­лай сыйлық алды. Мәселен, «Үз­дік фельдшер» жүлдесін Талғар ауда­ны Арқабай ауылындағы ме­дицина пунктінің фельдшері Ма­рияхан Ибы­шева және «Үздік орта медицина қыз­меткері» жүл­десін Сарқан аудандық орта­­лық ауруханасының мейірбикесі Айнұр Макенова алып, әрқай­сы­сы 750 мың теңгенің сертификатына ие бол­ды. Сонымен бірге Талдықорған қала­сында­ғы «Нұр Авиценум» медицина­­лық ор­та­лығының әлеуметтік қыз­меткері Марина Терпиловская «Үздік әлеуметтік қызметкер» атанып, оған 500 мың тең­ге бұ­йырды. Ал Талдықорған қа­ласы 6-шағын аудандағы алғашқы ме­ди­циналық-санитарлық кө­мек көрсету орта­лығы «Үздік дә­рі­герлік амбула­тория», Қапша­ғай қаласына қа­расты Қосқұ­дық ауылдық фель­дшерлік-акушер­лік пункті «Үздік фельдшерлік-акушерлік пункт», Ескелді ауданы Теңлік ауылының мед­пункті «Үздік медицина­лық пункт», Жам­был ауданы жедел және шұғыл меди­циналық кө­мек бөлімшесі «Жедел жәрдем қыз­метінің үздік подстансасы» атанып, тиісті мекемелерге 500 мың теңгеден жүлде берілді.

Сондай-ақ салтанатты шара­да облыс әкімі өңірдегі 40-қа жуық медицина маманына кәсіби біліктілігі және мамандығына адал­дығы үшін «Еңбек ардагері» ме­далін, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақ­тау ісіне қосқан үлесі үшін» төс­белгілерін, облыс әкімінің Құр­мет грамотасы мен Алғыс хат­тарын тапсырды. Осы шара­да облыс әкімі Амандық Бата­ловқа да Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалі берілді. Жиын барысында медицина мамандарының атынан ардагер дәрігер Тілеуберді Жан­сеңгіров және «Үздік дәрі­гер» номинациясының жеңімпазы, Алматы аймақтық клиникалық бала­­лар ауруханасының гематолог дәрі­гері Меруерт Жұмабаева сөз алып, меди­ци­налық қызмет сапасын арттыруға бұдан әрі де аянбай еңбек ететіндерін жеткізді.

– «Денің сау болса дәулет сол», дей­­ді бабаларымыз. Ал ұлы дәрігер Гип­­пократ: «Ме­ди­­цина – шындығында өнер атау­­лы­ның ішіндегі ең игісі» де­ген екен. Расында адам жанына арашашы болғаннан артық игі­лік жоқ. Антына адалдық та­нытып, күн сайын ер­лікке тең іс ат­қарып жүрген дәрі­герлер бар­лық құрметке лайық. Біз жуыр­­да облыс орталығындағы ин­фек­­­циялық аурухананың қарсы бе­тіне арнайы сквер жасап, скверге медицина қызметкерлеріне ар­налған ескерткіш қоямыз. Ес­керткіштің жобасы дайын. Онда дәрігердің алақанында «Өмір аға­шы» өсіп тұрғаны бейнеленбек, – деді ақ желеңді абзал жандарды құттықтау кезінде Амандық Баталов.

Осы жерде аймақтағы ақ же­леңді абзал жандардың әлеу­меттік жағдайын жасауға да жет­кілікті көңіл бөлініп отыр­ғанын айта кеткен орынды. Мысалы, былтыр дәрігерлерді баспанамен қам­туға байланысты 127 пәтер сатып алы­нып, оған 756 млн теңге қаржы жұм­салған. Мұнан бөлек тағы 30 үй жаңадан салынған коттеджді қалашықтан берілген екен. Ал биыл Талдықорғанда денсау­лық сақтау саласының мамандарына арнал­ған пәтерлі үйдің құрылысы басталды. Сүйінерлігі, бұл бастама өз кезегінде кадр тап­шылығын шешуге оң ықпалын тигізген. Қазір аймаққа жұмыс­қа келуші жас мамандардың қата­ры өскен екен. Сондай-ақ дәрігер жетіспеушілігі мәсе­лесін ше­шуге жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, арнайы және жоғары медициналық білім бе­ретін оқу орындарына гранттар бөлініп отыр. Қазір жер­гілікті бюджет есебінен медициналық жоғары оқу орындарында және резидентурада 239 адам оқып жатса, биыл тағы 30 студентті оқыту жоспарланған екен.

Жалпы, денсаулық сақтау сала­­сын­дағы кадр тапшылығы бү­кіл елге ортақ мәселе екені белгілі. Ал Жетісу өңі­рін­де өткен жылғы есеп бойынша 381 дәрі­гердің жетіспейтіні айтылады. Оның ішін­де 57 жалпытәжірибе­лі дәрігер, 27 аку­шер-гинеколог, 25 анестезиолог-реаниматолог сияқты сұранысқа ие мамандар тапшылығы болып отыр.

– Мәселені шешу мақсатын­да былтыр аймаққа 206 интерн және 99 резидент келді. 2019 жылдан бастап жергілікті бюд­жет қаржысы есебінен еліміздің ме­дициналық жоғары оқу орындарында 127 резидент оқиды. Олардың он жетісі биыл облыс ауруханаларына жұмысқа келеді. Өкінішке қарай, жастар үлкен қалаларда еңбек еткісі келеді. Соның есебінен аудандарда маман тапшылығы болып отыр. Мысалы, былтыр Кербұлақ және Райымбек аудандарына бірде-бір жас маман жұмысқа келмеді, – дейді облыс­тық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.

Сондай-ақ облыс әкімдігі та­ра­пынан өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-тех­никалық базасын ны­ғайту мен денсаулық сақтау сала­сының инфрақұрылымын жақсартуға жет­кі­лікті көңіл бөлініп отыр­ғанына қара­мастан, ауруханалар орналасқан ғима­раттардың сапасы сын көтермейді. Бұл жағ­дай, әсіресе ауылдық жерлерде дабыл қағатындай деңгейге жеткен. Алдымен жетістіктерді саралар болсақ, былтырдан бе­рі Талдықорған қаласында 200 төсектік модульдік инфекция­лық аурухана, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында 100 тө­сектік перзентхана мен 10 дәрі­герлік амбулатория және Көк­су ауданының Айнабұлақ ­ауы­лын­да медициналық пункт са­­лын­ған екен. Жалпы, медицина саласы бойынша құрылысқа 12,0 млрд теңге бөлініп, 11,9 млрд­ тең­ге иге­рілген. Сонымен қа­тар, 7 ден­­саулық сақтау нысаны­на күр­­делі жөндеу жүргізіліпті. Ал аймақ­­тағы ауруханаларды за­ма­­науи медициналық аппарат­пен қам­­тамасыз ету мақсатында 2 ком­­пью­терлік томограф, 18 рентген аппараты, 219 өкпені жа­­санды желдету аппараты, 100 от­тегі кон­­центраторы, 180 жедел жәр­дем машинасы, 12 жылжымалы медициналық ке­шен сатып алын­ғаны тағы бар.

Алайда инфра­құрылымды дамы­туға қомақты қар­жы бө­лін­­­ге­ніне қа­­рамастан, облыс бо­­йын­­ша ме­дициналық меке­ме ғи­­­ма­­раттарының тозу дең­гейі 49,2 пайызды құрайды екен жә­­не бұл мәселелердің бар­лығы «Ден­саулық сақтау сала­сын да­мыту­дың 2020-2025 жыл­дар­ға арнал­ған мемлекеттік бағ­дар­ла­масы аясында атқарылуы тиіс ша­раның ең өзектілері ғана.

– Бүгінде аталған мемле­кет­­­­тік бағ­дар­ламаның 18 не­гіз­­­гі көрсеткішінің нәти­же­ле­рі анықталды. Өкінішке қа­рай, аймақта 5 бағыт бойынша жет­кілікті нәтижеге қол жет­кізе ал­мадық. Оның ішінде өмір сү­ру ұзақтығы бойынша талап орын­­­далмады. Бұған елдегі жұқ­палы індеттің жаппай таралуы­нан болған жағдай тікелей әсер етті. Яғни облыс бойынша өмір сүру ұзақтығы 72 жас болып бел­гіленгенімен, ажал жас таң­да­май тұр. Сондай-ақ суицид бо­йынша да көрсеткіш азамай отыр­ғаны қынжылтады. 2019 жы­лы 16 адам өзіне қол салса, былтыр 14 жағдай тіркелді. Әрине мем­лекеттік бағдарламаның не­гізгі индикаторы бо­йынша жұ­мысты күшейтуіміз керек. Яғни аймақ тұрғындарының өмір сүру ұзақтығын 74 жасқа дейін жеткізу міндетін орындау парыз. Бұдан басқа 5 бағыт бойын­ша да серпінді әрекет қажет. Оның ішінде адамдардың жара­қат алуы, улануы сияқты жазата­йым жағдайлар мен миокард ин­­фарктынан, инсульттен және онкологиялық аурулардан болатын өлім көрсеткішін төмендету міндеті тұр, – дейді облыстың бас дәрігері.

Мұнан бөлек, облыстағы дәрі­герлер қауымының еңбекақысы ­да ала-құла болып отыр. Медицина қызметкерлерінің орташа айлық жалақысын көтеру туралы былтыр ел Президенті тапсырма берген болатын. Тапсырма дер кезінде орындалды да. Бүгінде Алматы облысындағы бір дәрі­гердің орташа табысы 277 143 тең­гені құрайды екен. Бірақ же­келеген аудандарда жалақы әлі де шекті мөлшерден төмен кү­йінде қалып отыр. Мысалы, Ке­ген және Алакөл аудандарында дәрі­герлердің жалақысы 250 мың тең­геге жетпейді-мыс.

Ал тозығы жеткен ауруха­на ғи­ма­раттарын күрделі жөн­деу мен жаңадан салу ісі күн тәрті­бі­нен түспейді. Осы қатарда Тал­­ды­қорған қаласынан үшін­ші дең­­гейлі инсульт орталығын ашу мәсе­ле­сі бірінші тұр екен. Жаңа орталыққа қажетті ангио­граф құрылғысын сатып алу мен нейрохирургтерді даярлап, қай­тадан оқытуға байланысты облыс әкім­дігімен бірлескен жұ­­мыс жүзеге асы­рылуда. Ал Алматы қаласындағы көпсалалы кли­никалық ауруханасы база­сынан ашылған үшінші деңгейлі инсульт орталығындағы оңалту құрал-жабдықтарын жаңарту мен ауыстыру міндеті тұр. Сон­дай-ақ Қарасай аудан­аралық көпсалалы ауруханасындағы ин­­­сульт орталығының кадр мә­се­­­­лесін шешу, әсіресе невролог дәрі­­герлерінің біліктілігін арт­ты­­руға қатысты шаруа да жақын күн­­дері тиянақталса, кәні?

– Бүгінде жергілікті бюджет есебінен Балқаш аудандық ор­талық аурухана­сына 1 млрд тең­ге қаржы бөлініп, сейс­мокүшей­ту жұмысы жүргізілуде. Бас­қа да 3 нысанға 1,4 млрд теңгеге күр­делі жөндеу жұмысы бастал­ған, жыл соңы­на дейін аяқтау жоспарланып отыр. Со­нымен қа­тар биыл 16 нысанның жоба­лық-сметалық құжаттамасын әзір­леуге қаржы бөлінді. Оның ішінде 9 нысанның құрылысын жаңадан салу, 7 ны­санға күрделі жөндеу жүргізу көз­делген, – дей­­­ді облыстық денсау­лық сақ­тау бас­­қармасының басшысы Өмір­зақ Нияз­беков.