Е тобындағы Швеция мен Польша құрамалары арасындағы кездесу тартысқа толы жағдайда өрбіді. Ойын бойы поляктардың допқа иелік ету, соққы бағыттау тұрғысынан басымдығы болғанына қарамастан, жеңіс швед құрамасына бұйырды. Есеп 3:2, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ойындағы есеп 2 минутта-ақ ашылды. Айып алаңындағы қарбалас сәтінде Эмиль Форсберг алыс бұрышты дәл көздеп, Войцех Щенсныйға еш мүмкіндік қалдырған жоқ.
Польша құрамасы бірнеше мәрте шабуыл және қарымта шабуыл да ұйымдастырды. Алайда ұмтылыстарының ешқайсысы сәтті аяқталған жоқ. Поляктар екінші таймда да қарсыластарын тықсыра шабуылдап, Ольсен қақпасын маңайлаумен болды. Алайда тағы да еш нәтиже шығара алған жоқ. Есесіне ойынның 59 минутында Форсберг екінші голын соғып Швецияның бәсін биіктетіп тастаған. Бірақ араға минут салмастан Польша құрамасы қарымта шабуылға сәтті шығып, Роберт Левандовский швед қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырып, допты дәл тоғыздыққа бағыттап, есеп айырмасын қысқартты. Лидер Левандовский 84 минутта дубль авторы атанып, таразы басын теңестірді.
Роберттің бұл ерлігі құрамаға көмектесе алған жоқ. Бір қызығы шведтер де соңғы сөзін әлі айтпаған екен. 94 минутта Виктор Клаэссон Польша қақпасынан саңылау тауып, кездесу нүктесін қойды.
Бұл топтан Швеция құрамасы бес ұпай жинап, бірінші орынмен плей-оффқа шықты. Испания құрамасы да 5 ұпай жинады. Алайда доп айырмашылығы бойынша шведтерге жол берді.