Қазіргі уақытта Қазақстанда сүт өнімдерін цифрлы таңбалауды енгізудің қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында Цифрлы экономиканы дамыту орталығы өнімді таңбалау үшін бизнестің болжамды шығындар есебін жасады.
Қанатқақты жобаға отандық 7 өндіруші қатысып жатыр. Яғни кәсіпорындарда өнімді таңбалау процесі сынақтан өткізілуде. Жоба шеңберінде жабдыққа арналған шығындарға есептеу жүргізілген екен. Атап айтқанда, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады.
– Мұндағы негізгі әңгіме кез келген жағдайда мерзімді түрде жүргізіліп отыратын өндірістік желілерді жаңғырту жайында болып отыр. Бұл жағдайда компаниялар қаптамаға цифрлы таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алуы қажет. Яғни қосымша жабдықты сатып алу өнімнің түпкілікті құнының қымбаттауына әкелетіні шарт емес. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06-0,15 пайызды ғана құрайды.
Бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз-ақ 6 пайыздан 13 пайызға дейін өзгерді. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын айқындайды. Сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Керісінше, бұл жерде тұтынушы тарапынан өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне қатысты сенімділік пайда болады. Осының өзі үлкен табыс, – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.
Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Шағын өндіріске арналған тағы бір жол бар. Ол – өндірістік желіге таңбалау кодтарын енгізетін жабдықтарды орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды.
Бөлшек сауда нүктелері Data Matrix кодымен белгіленген өнімдерді сканерлеу үшін 2D сканерлерімен жабдықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне міндетті цифрлы таңбалау енгізіліп, олар таңбаланған өнімдермен жұмыс істеуде. Бұл ретте таңбалауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, орта және ұзақ мерзімді келешекте таңбалау жүйесі елеулі пайда әкелмек.
– Біріншіден, цифрлы таңбалау арқылы біз жосықсыз бәсекелестіктің алдын алып, тұтынушыға тауардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар тауарлардың қозғалысын есепке алу рәсімдері стандартталып, біріздендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнімдерінің өндірушіден бөлшек сауда дүкеніне жетуіне дейінгі аралықта қадағалауды қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді, – дейді О.Бектұров.
Еске сала кетейік, Қазақстанда темекі мен тері өнімдерін міндетті цифрлы таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 шілдеде аяқкиімнің міндетті цифрлы таңбалануы енгізілетін болады. Сондай-ақ қазіргі уақытта дәрілік препараттарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.