Чехияда торнадо салдарынан адамдар жапа шекті. Мемлекеттің оңтүстік-шығысында жүріп өткен сұмдық дауыл 3 адамның өмірін қиып, жүзге жуық адамның денсаулығына зақым келтірді.
Чехияда торнадо салдарынан адамдар жапа шекті. Мемлекеттің оңтүстік-шығысында жүріп өткен сұмдық дауыл 3 адамның өмірін қиып, жүзге жуық адамның денсаулығына зақым келтірді. Жауын-шашын мен найзағайдан кейін пайда болған торнадо түгел мемлекетті әбігерге салды. 7 қала мен бірқатар ауылдық елді мекенде үйлер мен ғимараттар құлап, жермен-жексен болды. Табиғи апат салдарынан жүздеген көлік аударылды. 120 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Апат салдарын анықтауға 360 полиция қызметкері жұмылған. Республиканың басқа тараптарынан құтқарушылар шақырылған. Сонымен қатар Аустрия мен Словакия да қосымша көмек күшін жіберді. Оқиға орындарында дрондар мен тікұшақтар жүр. Өйткені үйінділер арасынан адамдарды табу қиынға соғып жатқан көрінеді. Құтқарушылардың бірі қайтыс болған. Сондықтан 3 адам деген нақты әрі соңғы статистика емес деседі. Елдің премьер-министрі Андрей Бабис апат үлкен шығынға алып келіп, мемлекет үшін ауыр соққы болғанын мәлімдеді. Брюссельге Еуропа одағының саммитіне қатысуға кеткен үкімет басшысы бұл оқиғаны «қасірет» деп атады. Хруски қаласы әкімінің орынбасары БАҚ-қа арналған мәслихатта өзі басқарып отырған қаладағы барлық ғимараттың құлағанын хабарлады. «Шіркеудің мұнарасы, мектептердің шатыры жоқ. Үйлердің қабырғасы түгелдей құлады. Адамдар жапа шекті. Жағдай қиын», деді ол.