• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Маусым, 2021

«Айналайын!» деп-ақ шуақ шашып жүретін...

298 рет
көрсетілді

Спорт журналистикасы десе, есімі Сейдахмет Бердіқұловтан кейін алғашқылардың бірі болып аталатын атпал ағамыз Дүрәлі Дүйсебай да биыл келместің кемесіне мініп кете барды. Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы және Сейдахмет Бердіқұлов сыйлықтарының иегері атанған ол саналы ғұмырын қазақ спортының жылнамасын зерделеуге, журналистика саласында ең кенжелеп қалған спорт журналистикасын одан әрі дамытуға үздіксіз қызмет жасаған жан еді.

Бірі білсе, бірі білмес, Дүрәлі Дүйсебай спорт журналистикасына келгенге дейін, спорты дамыған С.Бреусов атындағы мектепті 1971 жылы үздік тәмамдап, кейіннен ҚазМҰУ-дың журналис­тика факультетіне оқуға түседі. Журналистикаға дейін спорттың ішкі «кухнясын» бір кісідей меңгерген Д.Дүй­себай кейіннен спорт журналис­ти­касына ден қойды. 1981 жы­лы оқуын бітіре салып, атақты «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасып, Сейдах­мет Бердіқұловтай білгір бас ре­дак­тордың қамқорлығын көрді. Онда он алты жыл табан аудармай жұмыс істеп, 1996 жылы Мем­лекеттік тергеу комитетінің жаңа­дан ашылған «Қылмыс пен жаза» – «Преступление и наказание» газетіне бас редактор болды. Кейіннен әскери қызметте болып, зейнетке шыққан соң «Халық сөзі», «Sport» – «Спорт» газет­терінде қызмет етті. Өмірінің соңғы жылдарында Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінде оқытушы болып, шә­кірт тәрбиелеумен айналысты.Соңынан ерген шәкірттеріне, спорт журналистикасындағы өзінен кейінгі іні-қарындастарына жас деп қарамай, олармен үнемі санасып, ақылдасып отыратын. Шәкірттерінің қателігін ешқашан бетіне басып, көп алдында алаламайтын. Арнайы спорттық іс-шараларда, баспасөз жиындарында кездесе қалғанда ғана жанашырлықпен ағалық ақылын айтып, қолдау білдіретін. Тек ақылын айтып қана қоймай, «Бұл туралы өзің қалай ойлайсың», деп өзгенің ойымен де санасуды ар көрмейтін. Аңқылдаған, ақкөңіл Дүр-­ағамыз бәріне бірдей әкедей қамқор болып, «Айналайын!» деп-ақ айналасына шуақ шашып жүретін осындай жан еді...