Биылғы жаз мезгілі жылдағыдан өзгеше болып тұр. Көктемнің көкөзек шағында сәт сайын жауып беретін жұпар жаңбыр да биыл көп жаумады. Есесіне аптап ыстық, құрғақ жел қара жердің апшысын қуырып, тынысын тарылтып жібергендей. Егін егуге, мал шаруашылығымен айналысуға бірден-бір қолайлы өңір саналатын Жамбыл облысында биыл шабындықтың да мәнісі жоқ.
Қазіргі кезде азық-түлік бағасы қымбаттап, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан кезде оған мал азығының қымбаттығы қосылды. Ен далада өсіп тұрған шөптің өзі бұл күнде тапшы. Орақ батпайтын қалың шабындық жоқ қазір. Селеу секілді селдір шөптің өзі жоқтан жоғары болып тұр. Содан келіп шөп қымбат, мал арзан болып жатыр. Ал қорасындағы төрт түлік малын санап күнелтіп отырған қарапайым тұрғындар да осы мәселеге алаңдаулы. Сонымен қатар бір қойын екі қылу үшін бейнет кешіп жүрген шаруаларға да бұл оңай тиіп отырған жоқ.Шөптің тапшылығы аймақтағы барлық аудандарда сезіледі. Бұл күнде бір түк шөптің құны орта есеппен 1 мың теңгеге дейін жеткен. Ал енді жоңышқаның бағасы аспандап тұрғанын айтпай-ақ білуге болады. Қазір қай ауылға барсаңыз да, жергілікті тұрғындардың уайымы осы мал азығы. Әңгіменің ауаны да қай жерде шөп бар, оның құны қанша екен деген төңіректе өрбиді. Бұл тұрғыда жергілікті шаруалар да базынасын білдіруде. Жамбыл ауданындағы «Жақсылық» шаруа қожалығының төрағасы Мыңжасар Байбековтің айтуынша, бұл жағдай шаруаларға да қиын болып тұр. «Мал азығының қымбаттағаны қазір екінің бірінің аузында жүр. Қайда барсаң да, осы әңгіме. Өзімнің иелігімде 4 гектар жер бар. Әдеттегідей сол жерге биыл да жоңышқа егіп, бірінші орымды жинап, оны түгелдей саудалап жібердім. Егістік басынан 1200 теңгеден алып кетті. Енді келесі орымды өзіме жинап, қалғанын сатамын. Биыл өткен жылмен салыстырғанда, мал азығында екі есеге қымбатшылық болып отыр. Соңғы екі аптадағы мал базарында мал бағасы тіпті төмендеп кетті. Елдің көбі сатуға әкелген малын сата алмай, сол күйі жетектеп қайтып жатыр. Неге? Себебі, көбі малға шөп тауып бере алмаймын ба деп қорқады. Елдің бәрі малын сатып жатқанда, малдың арзандауы да заңдылық қой. Сонымен қатар биыл жауын жаумады десек те болады. Көктемнің алғашқы жауынын асыға күткен шаруалардың еккен жоңышқасы аптап ыстықта күйіп кетті. Ел абдырап тұр қазір. Қараша халық жол бойындағы қамысқа дейін, арықтардағы шөптерге дейін жинап алып жатыр», дейді ол. Айтса айтқандай, бұл тосын құбылыс халықты абдыратып тұрғаны рас. Қымбат болған күннің өзінде шөп табу да қиын екен.«Биыл шөп бағасының қымбаттауы ауа райына байланысты болып тұр. Күн жылы болғанымен, түн салқын болды. Содан егіннің де, шөптің де шығымы нашар шықты. Соның себебінен шөп қымбаттап кетті. Көбіне шөп Меркі жақтан шығады. Бірақ ол жақта да жағдай біздегідей болып отыр. Бұл біздің шаруашылыққа да қатты әсер етуде. Мал азығын дайындай алмай келеміз», дейді Т.Рысқұлов ауданындағы «Баянкомпания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Серік Тоғаев. Талас ауданында да жағдай күрделі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде мал азығына сұраныс көп. Мәселен, бүгінде бір түк шөп мұнда 1000-1100 теңге аралығында сатылуда екен. Ал жоңышқаның бір түгі 1200-1300 теңгеден саудалануда. Дегенмен, аудандағы шабындық жерлердің алды орыла бастапты. Алайда Ақкөл ауылдық округіндегі 1500 гектар шабындыққа екі жылдан бері су жайылмаған. Тек қана 200 гектар жерге су жайылған. Бұл да жоңышқаның өсімін төмендететін көрсеткіш. Жалпы, шөп мәселесі аталған аудандарда ғана емес, облыс бойынша маңызды болып отыр. Бүгінде Байзақ және Жуалы аудандарында жоңышқа жаңа орылған күйі 1100 теңгеден сатылуда екен. Сонымен қатар Қызылорда және Түркістан өңірінен де кәсіпкерлер келіп, облыстың бірқатар ауданында жоңышқа сатуда.Байламын таба алмаған баға әр жерде әртүрлі болып тұр. Бірақ арзан шөп табу мүмкін емес. Бұл орайда, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов ағымдағы жылы көктем айларындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты шабындықтардағы мал азығына дайындалатын өнімнің төмендеуі байқалғанын айтты. Басқарма басшысының айтуынша, мал қыстауын қалыпты өткізу үшін 1 млн 713 мың тонна пішен, 58 мың тонна пішендеме, 583 мың тонна сабан, 54 мың тонна сүрлем және 645 мың тонна құнарлы мал азығын дайындау қажет екен. Ал аудан әкімдіктерінің ақпараты бойынша егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың өнімділігі есебінен 974 мың тонна пішен дайындалады деп жоспарланған. Бұл қажеттілікті 57 пайызға қамтиды екен. Сол сияқты, пішендеме және сабан толық әрі артығымен қамтамасыз етілсе, сүрлем 87 пайызға, ал құнарлы мал азығы 47 пайызға қамтылады деген болжам бар. «Бірінші кезекте мал азығына деген ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз. Зерделеу нәтижесі көрсеткендей, облыстағы ұйымдасқан шаруашылықтардың мал азығын дайындауға қажетті егіс алқаптары мен шабындық жерлері және техникалары бар. Ал мал азығының жетіспеушілігі қажетті жем-шөп қорын дайындауға мүмкіндіктерінің болмауынан жеке қосалқы шаруашылықтарда орын алуы мүмкін», дейді Қайрат Аманов.Қазіргі күрделі ахуал кім-кімді де ойландырарлықтай. Бұл ретте өңірде мал қыстату науқанында ауа райының ерекшелігіне байланысты шөпті аса қажет етпейтін аудандардың мүмкіншілігін басқа аудандарға пайдалану керектігі туралы да бастама көтерілген. Бірақ бұл қалай жалғасады, нәтижесі қандай болмақ, ол жағы белгісіз. Сонымен қатар сүрлем дайындау мен мал басын азайтып алмау секілді өзекті жайттар да күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болып тұр. Ал мал азығының қымбаттығы тұрғындарды ойландырып қана қоймай, тығырыққа да тығып келеді.
Жамбыл облысы