2021 жылға ҚР ЖІӨ өсу қарқыны бойынша Еуропа қайта құру және даму банкі болжамдары 3,0%-дан 3,6%-ға дейін көтерілді, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылы жаңартылған есеп деректеріне сәйкес өсім 3,8%-ды құрайды. ҚР экономикасының биылғы өсу деректері бойынша ЕҚДБ Қазақстан экономикасының қалпына келу бойынша өсу траекториясына шыққанын атап өтті.
Болжамдарды арттырудың негізгі факторлары нақты сектордағы, атап айтқанда, экономиканың өңдеуші салаларындағы, құрылыстағы және ауыл шаруашылығындағы жоғары динамика, көрсетілетін қызметтер саласының жекелеген салаларындағы белсенділікті арттыру, экономиканың өндіруші емес салаларындағы инвестициялық қызметті қалпына келтіру, сондай-ақ әлемдік шикізат нарықтарындағы сұранысты қалпына келтіру болды.
Қайта өңдеу секторында өсу қарқыны осы жылдың 5 айының нәтижесі бойынша машина жасауда (21,1%), оның ішінде автомобиль жасауда (26,4%) және локомотивтер мен вагондарды қоса алғанда өзге көлік құралдарын өндіруде (54,9%), химия өнеркәсібінде (9,8%), жеңіл өнеркәсіпте (5,5%), азық-түлік өнімдерін өндіруде (3,3%), металлургияда (2,7%), фармацевтикада (25,7%) және басқа салалардағы жоғары қарқын есебінен 7,2% деңгейінде қалыптасты.
Құрылыс секторында (11,3%) және ауыл шаруашылығында (3,1%) жоғары өсу қарқыны байқалды. ЕҚДБ сондай-ақ қызмет көрсету саласының жекелеген салаларындағы өсімді атап көрсетеді. Атап айтқанда, биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша қалпына келудің жоғары қарқыны саудада (6,7%), байланыста (11,6%), қаржы және сақтандыру қызметінде (1,6%), жылжымайтын мүлік операцияларында (1,3%) байқалды.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 25,5%-ды құрады. ЕҚДБ алдағы кезеңдерде ҚР экономикасы өсімінің оң факторлары ретінде Үкіметтің экономиканы фискалдық ынталандыру және жеке сұранысты қалпына келтіру жөніндегі шараларын да атап өтеді. ЕҚДБ әлемдік және ұлттық экономикаларды қалпына келтірудегі негізгі сын-тегеурін пандемияның қайталану ықтималдығы деп санайды.