КИТО/МАДРИД. Ұлы державалар бәсекесі, ксенофобиялық ұлтшылдық, қазіргі таңдағы экологиялық қатерлер, коронавирус пандемиясы секілді заманауи қатерлер жаһандық басқару проблемаларын көрсетеді. Осындай мәселелерге қарсы тұру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш былтыр Бас Ассамблеяның отырысында әлем лидерлерін «бақытты болашақты» қамтамасыз етуге шақырып, БҰҰ-ның 75-ші декларациясында қамтылған ауқымды міндеттемелерді ілгерілетуге қадам жасауды ұсынды.
Бас хатшының көптен күткен «Ортақ күн тәртібіміз» атты есебі алдағы қыркүйек айына жоспарланған. Есеп беруде айтылған ұсынымдарды таразылап, оны жүзеге асыруда ең тиімді идеяларды ойластыра отырып қабылдау қажет. Сондықтан көптеген қатысушыны тартатын Инклюзивті жаһандық басқару жөніндегі Дүниежүзілік саммит өткізу туралы ұсынысты қолдаймыз.
Былтырғы қыркүйек айында Бас Ассамблеяның 75 жылдық мерейтойлық жиналысында сөз сөйлегеннен бері Гутерриш «желілік көпжақтылықтың» қажетін бірнеше рет атап өтті. Онда «Біріккен Ұлттар Ұйымының отбасы, халықаралық қаржы институттары, аймақтық ұйымдар, сауда блоктары және басқалары бірлесіп әрі тиімді жұмыс істейді», деді ол. Биылғы 24 сәуірде Халықаралық көпжақтылық пен бейбітшіл дипломатия күнінде ол «азаматтық қоғамға, бизнеске, жергілікті және аймақтық билік органдары мен басқаларға сүйенетін, сондай-ақ билікті кеңірек және әділ бөлетін инклюзивті көпжақтылыққа» шақырды.
Көпжақты жүйенің шиеленісуін және БҰҰ-ның әлемдегі шұғыл жаһандық мәселелерді шешу үшін 193 мүше-елден бөлек таланттар тартып, тың ресурстар пайдалануы қажеттігін ескерсек, Гутерриштің өтініші дәл уақытында айтылып отыр. Бірақ Covid-19 пандемиясынан кейін ахуалды қалпына келтіруге талпыныс пен әлемдік көшбасшылардың ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке сүйенуге шақыруының көбейгеніне қарамастан, әлі де көп нәрсе жасау керек.
Атап айтқанда, кейбір саяси лидерлердің қоғамның алаңдаушылығын күшейтетін және жаһандық ынтымақтастықтың ережелері мен институттарына нұқсан келтіретін шешімдерінің әсеріне қарсы тұру үшін көпжақтылық кеңінен қолданылуы керек. Бұл көшбасшылар көбіне өз елдерінің проблемаларына басқаларды кінәлайды. Немесе ұлтаралық проблемалармен күресудегі тиімсіз, оқшау тәсілдері үшін басқаларды кінәлайды. Сөйтіп, қоғамды жіктей түседі. Әлем көпжақты жүйеге түскен қысымды бұлыңғыр қағидаттар немесе орындалмайтын саяси мақсаттар арқылы жеңілдете алмайды.
Бақытымызға орай, Бас хатшының жаңаша түрдегі желілік және инклюзивті көпжақтылыққа шақыруы осылайша әлемдік басқару нормаларын, саясаттарын, институттары мен операцияларын байсалды және нәтижелі түрде қайта қарауға итермелейді. Осындай реформаларды жүзеге асырудың жол картасы жан-жақты үкіметаралық және көп мүдделі тараптардың дайындық әрекеттерін қамтып, 2023 жылы Дүниежүзілік саммитте қабылдануы тиіс. Мұндай жиын БҰҰ жүйесін бейбітшілік пен қауіпсіздік, орнықты даму мәселелеріне, адам құқықтарына қатысты қазіргі таңда кездесіп отырған қиындықтар мен мүмкіндіктерге ілесуге көмектесуге бағытталған.
Дүниежүзіндегі үкіметтер мен үкіметтік емес топтардың көшбасшыларына сенім артып, саммит ғаламдық басқару жүйесін қайта құруға және мекемелердің, саясаткерлердің және адамдардың бірлескен жаңа ортасын құруға тырысады. Стимсон орталығы таяуда жариялаған Beyond UN75: A Roadmap for Inclusive, Networked & Effective Global Governance деп аталатын есебінде осы стратегия жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет ұсынады.
«Көпжақтылық альянсы» секілді мемлекеттердің жаһандық коалициялары және азаматтық қоғам желілері, сонымен қатар «Бізге қажет БҰҰ» коалициясы және «Бәріміз бірге» бастамалары әлемге қажет іс-қимылдарды жүзеге асыру үшін қажетті көшбасшылықты, шығармашылық идеяларды және дипломатиялық дағдыларды қамтамасыз етуге көмектеседі. Осы орайда, біздің «Өзгерістер мен инклюзивті қолдайтын әйел көшбасшылар тобы» мен «Мадрид клубы» да БҰҰ-ның 75-ші декларациясында айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін берік әрі мағыналы күн тәртібін қолдайды.
Covid-19 қозғаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу ретінде «Мадрид клубы» БҰҰ Бас хатшысының «Ортақ күн тәртібіміз» баяндамасына орай 2030 жылға дейінгі тұрақты даму күн тәртібіндегі әлеуметтік көмекті күшейту үшін екінші Дүниежүзілік әлеуметтік даму саммитін шақыруды ұсынды. Адамдардың басты қажеттіліктеріне назар аудару, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және лайықты жұмыс бойынша әлеуетті, бірлескен әрекет жасау БҰҰ-ның өзектілігін арттырып, бұрынғыдан бетер маңызды ете түсті. Тұрғындардың қажеттіліктерін шұғыл түрде шешуден басқа, БҰҰ әйел лидерлер тобы таяуда жариялаған «Әйелдер көпжақтылығы» мәлімдемесінде «үлкенді-кішілі мемлекеттерде ерлер мен әйелдердің тең құқығын сақтауы керек» екенін атап өтті.
Әлемдегі жалғыз шынайы әмбебап ұйым – БҰҰ бүкіл адамзат пен елдер үшін бұрын-соңды осыншалықты өмірлік маңызды болған емес. Бірақ оған жаңартылған қиял, өзгермелі жаһандық жағдайларға жігерлі бейімделу мен мемлекетке жұмыс істейтін және басқа да ұйымды қолдайтындар қажет.
Дүниежүзі 26 маусымда БҰҰ-ның Жарғысы күнін атап өткенде қыркүйекте жыл сайынғы жоғары деңгейдегі Бас Ассамблеясының отырысына жиналатын халықаралық көшбасшыларды БҰҰ-ның жоғары лауазымды тұлғаларының ұсыныстарына құлақ асуға және «арнайы үкіметаралық процесті» қолдауға шақырамыз. Сондай-ақ БҰҰ жүйесінің институттық механизмін нығайту және реформалау қажет. Әлемдегі түрлі көшбасшыларды, соның ішінде академиктерді, практиктерді, белсенділер мен саясаткерлерді жұмылдыру арқылы халықаралық қоғамдастық «бақытты болашақты» шындыққа айналдыра алады.
Мария Фернанда ЭСПИНОСА,
БҰҰ Бас Ассамблеясының бұрынғы президенті, Эквадордың бұрынғы сыртқы істер министрі және қорғаныс министрі,
Данило ТҮРК,
Словенияның бұрынғы президенті, «Мадрид клубының» президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org