• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Маусым, 2021

Үш жылда үш есе өседі

257 рет
көрсетілді

Алдағы үш жылда Қазақстандағы электронды сауданың көлемі үш есе өспек. Еліміздегі ең ірі ІТ-холдинг – ChocoFamily компаниясының басшысы Рамиль Мухоряпов осындай болжам жасап отыр.

Оның пікірінше, қазіргі уа­қытта біздегі e-commerce на­рығы 2-3 млрд долларды құ­рап отыр. 2024 жылға қарай көр­­сет­кіш 8,5 млрд долларға жет­пек. Айтуынша, Ресеймен салыс­тырғанда Қазақстанның электронды саудаға қадам басуы әлдеқайда қарқынды. Бүгінде бөлшек сау­да айналымының 8 пайызын интернет-бизнес иеленіп отыр. Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 44 пайызды құрайды екен. Р.Мухоряповтың болжамынша, бес-алты жылда аталған деңгейді де бағындыруға болады.

Сауда және интеграция ми­нистрлігінің мәліметінше, 2019 жылмен салыстырғанда былтыр электронды сауда айналымы 2,5 есе ұлғайып, 1,1 трлн теңгені құраған. Электронды саудадағы сатып алушылардың саны 20 пайызға немесе 3,8 млн адамға дейін өскен. Бүгінде нарықта 650 интернет-дүкен жұмыс істейді. Ұлттық банктің дерегінше, қолма-қол ақшасыз жасалған транзакциялар 2,4 есе артқан. Яғни 35,3 трлн теңгеге 2,9 млрд операция жасалған. Бөлшек сауданың жал­пы көлеміндегі электронды сауданың үлесі 2020 жылғы 9,7 пайыздан 2025 жылы 15 пайызға дейін өседі деп күтілуде.

Сондай-ақ Қазақстан бонд қоймаларын құруды жоспарлап отыр. Әлем елдеріндегі тауар айналымының орташа есеп­пен 10-30 пайызы бонд-қой­маларына тиесілі. Осының есе­бінен Қазақстанда қойма ин­фра­құрылымы тиімді іске қо­сы­лады деп күтілуде. Бұл ретте қоймаларда тапсырыстарды өңдеу үшін қосымша жұмыс орын­дары құрылады және ке­дендік баждардан түсетін бюд­жет­тік түсімдер ұлғайтылады. Со­нымен қатар Қазақстан аумағы арқылы Еуропаға интернет-сәлемдемелерді қайта бағыттау мүмкіндігі бар. Осының есебінен қазақстандық логистикалық компаниялар 2025 жылға қарай 132 млрд теңгеден 1,27 трлн теңгеге дейін табыс табады деген болжам бар.

Сауда және интеграция ми­нис­трлігінің ақпаратынша, сауда саласында тұтынушылармен жұмыс істеуге арналған цифр­ландырудың бірнеше бағыты бар. Олар сауда маркасына деген қызығушылықтан сатып ал­ғанға дейінгі барлық кезеңді қам­тиды. Сол секілді логистика­да өндірушіден тұтынушыға дейінгі кезеңді қамтитын бағыттар қарас­­­­­­­тырылған.

«Электронды сауданы дамыту оның барлық қатысу­шы­ларына қолайлы экожүйе құру, сондай-ақ шағын және орта биз­нестің отандық және ха­лық­­аралық электронды сауда алаң­дарымен әріптестікке тартылуын қамтамасыз ету есебінен жүр­гізілетін болады», деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Жалпы «Сауда саласын дамыту тұжырымдамасына» сәйкес, тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің шикізаттық емес экс­портының көлемін 2025 жылы 41 млрд долларға дейін ұлғайту жос­парлануда. Ал еңбек өнімділігі 2019 жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға өседі деп күтілуде. Не­гізгі капиталға инвестициялар 40 пайызға ұлғайып, «көлеңкелі» экономиканың үлесі 5 пайызға дейін төмендейді деген болжам бар. Биржалық сауда жалпы сау­да кө­лемінің 14 пайызына дейін өспек.

Электронды сауданы дамыту екі бағытта жүргізілетін болады. Бірінші бағыт – отандық тауар өндірушілерді ішкі нарықта ілгерілету құралы ретінде электронды сауданы дамытуды ынталандыру. Екінші бағыт – тауар­лар мен қызметтерді отандық өн­дірушілердің экспортқа шығу құралы ретінде электрондық сауданы дамыту.

Р.Мухоряповтың айтуынша, біздегі электронды сауданың дұрыс бағытта екенін таксиді онлайн шақыру қызметінің қанат жайғанынан-ақ аңғаруға болады.

– Қазір бұл нарықтағы баға жоғары. Себебі түсінікті. Нарықта монополиялық сипат басым. Алай­да жаңа ойыншылардың ке­луімен қызмет құны 15-20 па­йызға дейін арзандайды. Менің­ше, сол кезде ғана такси қызметінің нақты бағасы байқалмақ, – дейді Рамиль Мухоряпов.

Әр қиындықтың артында тың мүмкіндік жатады деген тәмсіл бар. Пандемия кезінде осыған анық көзіміз жетті. Өйт­кені сарсаңға салған індет Қазақ­станның электронды саудадағы мүмкіндігінің жоғары екенін көр­сетіп берді. Бұған дейін кеу­десін көтере алмай, жер бауырлап келе жатқан электронды сауда COVID-19 пандемия­сы кезінде ерекше қарқын алды. Мәселен, 2018-2019 жылдары e-commerce-ның жалпы сау­дадағы үлесі тиісінше 2,9 және 3,8 па­­йызды құраса, 2020 жылы көр­сеткіш үш есе өсіп, 9,7 пайызға жет­ті. Әлеу­меттік қашықтықты сақ­тау, карантин, басқа да шектеу шаралары сауда саласын түбегейлі өзгертті.

Қазақстандағы электронды сау­да ішкі және сыртқы сауданың, қолма-қол ақшасыз төлемдердің дамуы мен көлемінің ұлғаюына, бизнестегі «көлеңкелі» айналымды барынша азайтуға ықпал етеді. Биыл да өсу үрдісі байқалады. 2021 жылдың қаңтар-ақпанында қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2 есе ұлғайып, 7,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте интернет және ұялы телефон арқылы жүргізілген онлайн-төлемдердің үлесі жалпы көлемнің 82 пайызына тең. Халықаралық төлем жүйелері бөлінісінде барлық қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 99,1 пайызы MasterCard Worldwide және VISA International-ға тиесілі.