Ел экономикасын өрге сүйреп келе жатқан қаланың бірі – Алматы. Мегаполис өмірі айналасын қоршаған өңірлермен тығыз байланысты. Алматы облысының есебінен ұлғайып келе жатқан шаһардың мәселелері жыл өткен сайын азаюдың орнына көбейіп келе жатыр деуге болады. Оның үстіне дүркін-дүркін қайталанып отырған дағдарыс, пандемия, қымбатшылық та үстемдігін жүргізіп отыр. Дегенмен дер кезінде қолға алынған дағдарысқа қарсы шаралар Алматы экономикасының тұрақтылығын сақтап қалды.
Бұл туралы мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының биылғы жылдың 5 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында баяндады. Әрине, Алматыдай қаланы басқарып отырған әкімнің баяндамасы құлаш-құлаш, толған цифр, атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарлардан тұратыны белгілі. Қазіргідей жағдайда ең басты мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы болып қала бермек. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 5 айда 107,8%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 32,7% өсіммен 355,4 млрд теңгеге жетсе, 1,1 трлн теңге көлемінде салық (+27,8%) жиналды. Республикалық бюджетке барлығы 791 млрд теңге (+ 26,8%), жергілікті бюджетке 349,3 млрд теңге (+ 30%) салық түсті. Алматыда жыл басынан бері инфляция 3,4%-ды құрады, бұл республика деңгейінен төмен (ҚР – 3,5%).
Инвестициялық портфельде 200-ден аса жоба бар
Биыл қолға алынған инвестициялық жобалардың арқасында Алматыда 10 мың жұмыс орны құрылған. 2021-2024 жылдарға арналған 201 инвестициялық жобадан 4,5 трлн теңгенің пулы құрылып, 35,4 мың жұмыс орны ашылмақ.Жақын арада халықаралық әуежайдың жаңа терминалының құрылысы басталады. Терминал іске қосылғанда жолаушылар ағыны жылына 6 млн адамға артады әрі өткізу қабілеті 2,5 есе ұлғаяды.Алатау ауданында «Самұрық-Қазынаның» есебінен жұқпалы аурулардың Ұлттық ғылыми орталығын (350 орын) салу, қыркүйек айында Монфорт-Қазақстан университетінің филиалын ашу жоспарланып отыр, бұл британдық білім алуға мүмкіндік береді, сонымен бірге алдағы 5 жылдағы инвестиция көлемі 50 млн долларды құрайды.Сонымен қатар «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 2 мың студентті оқыту үшін Nazarbayev University-дің «Жасанды интеллект мектебі» мен «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласында зерттеулер жүргізуге арналған зертхана» жобаларын іске асыру қолға алынады.Бұған қоса кореялық серіктестерді тартып, 300 төсектік орынды халықаралық клиника салу жобасы пысықталып жатыр. 250 тұрақты жұмыс орны құрылады, инвестиция көлемі – 38,7 млрд теңге. Және аустралиялық VAMED компаниясымен бірге 200 төсектік орынды көпбейінді аурухана салынады, инвестиция көлемі – 90 млн доллар.
Баспана – қай кезде де басты мәселе
Жыл соңына дейін Алматыда 2 млн 604 мың шаршы метрден аса тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен – 248,5 мың шаршы метр немесе 3 266 пәтер берілмек. Қазіргі кезде «Шаңырақ» пилоттық бағдарламасына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр, жыл басынан бері жеке пәтер, үй сатып алуға 800-ден аса несие берілді.«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Алматыда жеңілдетілген несиелер саны 272-ден 1 010-ға дейін өсті. Жергілікті бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді, осы бағдарлама бойынша көпбалалы отбасыларға 220 несие берілді.Алматыда екінші жыл қатарынан «Алматы жастары» қалалық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мұнда 35 жасқа дейінгі мың алматылық жеңілдікпен несие алып, баспаналы бола алады. 2021 жылы осы бағдарлама бойынша 116 отбасы баспана сатып алған.Бұдан өзге екі мың азаматқа алғашқы төлемнің бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттарын беруге жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Биыл 31 мамырда қалалық мәслихат тұрғын үй кезегінде тұрғандарға тегін және қайтарымсыз негізде 1 млн теңге көлемінде берілетін тұрғын үй сертификаттарының мөлшері анықтады. Алматыда ескі үйлердің мәселесін шешу үшін тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы қабылданды. Ол тозығы жеткен 708 үйді немесе 6 637 пәтерді бұзуды және 683 үй салуды қарастырады, бірақ қазірдің өзінде жалпы ауданы 2,3 млн шаршы метрді құрайтын 34 605 пәтер салынады. Бағдарлама реновацияланатын пәтерлер иелерінің толық келісімімен, меншік құқығының кепілдігімен жүзеге асырылады.Жыл басынан бері бағдарлама аясында инвесторлардың өздері ӘКК-мен бірлесе отырып, 126 пәтерлі 14 тозығы жеткен үйді сүрді, Жетісу, Түрксіб, Бостандық аудандарында ескі үйлер бұзылуда, ал Түрксіб ауданында 16 пәтерлі бір апатты үй сүрілуде.
Азық-түлік бағалары тұрақтала ма?
Азық-түліктің бағасын тұрақтандыру үшін Алматы билігі бірқатар кешенді және жедел шаралар қабылдауға мәжбүр болып отыр. «Магнум» мен «Тоймарт» ірі сауда желілеріне ӘМАТ-тың 15 атауымен тіркелген, төмен бағамен сатып алып, сату үшін жеңілдетілген қарыздар берілді. Сонымен қатар «айналым» несиелерін беру арқылы ірі тауар өндірушілердің сату бағалары белгіленді. Мәселен, нан жеткізу үшін «Ақсай» «НТК» ЖШС, сиыр етін жеткізу үшін Union Products ЖШС қарыз берді. Бұл да тауық етін дүкендерге В, С сыныптан белгіленген бағамен сатуға мүмкіндік береді. «Айналым» сызбасына басқа да ірі тауар өндірушілерді тарту қосымша пысықталып жатыр. Осылайша, қазіргі уақытта 3 жыл мерзімге белгіленген шекті баға бойынша 49,6 млн жұмыртқа жеткізуді ұйымдастыру үшін «Алсад» ЖШС-не «айналым» заемын беру мәселесі пысықталды. Сондай-ақ «Асыл Meat» ЖШС сиыр етін В, С дүкендеріне белгіленген баға бойынша жеткізуді ұйымдастыру үшін 2022 жылдың маусымына дейін қарыз берілді.Қаланың 7 негізгі азық-түлік базарларында «Әлеуметтік дүкендер» жұмыс істейді. Республика бойынша «форвардтық» шарттар шеңберінде барлығы 38 мың тонна көкөніс сатып алынды, оның 60%-ы Алматы қаласына тиесілі.
Екі метро стансасы іске қосылады
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, метро құрылысының кідіруіне пандемия ықпал етіп, жұмысшылар мен мамандардың жұмысқа шығуы шектелді және шекара жабық болды. «Метроның бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші іске қосу кешенінің құрамына енетін «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері ұзындығы 3,1 шақырымдық метро желісін қамтитын құрылыс жалғасуда. Қазір мұндағы дайындық 80%-ды құрайды. Жыл соңына дейін трафикті тестілік режімде іске қосу жоспарланған», деді Б.Сағынтаев.Қазіргі кезде бекеттерді ішкі әрлеу, аумақты абаттандыру, сыртқы және ішкі инженерлік желілер мен автоматика жүйелерін жабдықтау, сигнал беру және байланыс, технологиялық жабдықты орнату жұмыстары жүруде.Аталған бекеттерден өзге 2020 жылы ұзындығы 2,5 шақырымға созылған «Қалқаман» бекеті және жұмыс істейтін тоннельдерді қамтитын Алматыдағы метрополитеннің екінші кезеңінің үшінші іске қосу кешенінің құрылысы басталды, оның құрамына Алматы метрополитенінің екінші кезеңінің «Қалқаман» бекеті және ұзындығы 2,5 шақырымдық қума тоннельдер енеді.Сонымен қатар қаланың келешектегі дамуын ескере отырып, батыс бағытта халықаралық әуежайға, солтүстік және оңтүстік бағытта метрополитен салу жобалары қарастырылуда.Бұдан өзге 8 жаңа электр пойыз құрамалары сатып алынған. Екі бекет іске қосылса, онда жолаушылар ағыны тәулігіне 86 мың адамға артады деп болжанып отыр.АЛМАТЫ