Дәл қазір Еуропаның бірнеше қаласында қарт құрлықтың дүбірлі додасы өтіп жатыр. Бес жыл асыға күткен айтулы бәсекенің нағыз қызған шағы енді келді. Командалар ширек финал жолдамалары үшін жан алысып-жан берісіп, жанкүйерлерге нағыз футбол сыйлап жатыр десек, артық айтқандық емес. Қазірдің өзінде келесі кезеңге өткен бірнеше команда белгілі. Соның ішінде Данияға ерекше тоқталған жөн.
Неге дейсіз бе? Себебі мынада. Осыдан бес жыл бұрын Дания ФИФА рейтингінде 42-орында тұрған. Ал УЕФА коэффициентінде ел біріншілігі 24-сатыға жайғасқан болатын. Бес жыл ішінде ұлттық құрама рейтингтегі ТОП-10 команданың қатарына енді. Дания чемпионаты да 12-орынға көтерілді. Тіпті қаржылық тұрғыдан да елдегі клубтар қиыншылық көріп отырған жоқ. Мәселен, 2018-2019 жылдары ең табысты он клубтың жартысы осы даниялықтар еді. Осыншалықты қысқа мерзім ішінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетудің сыры неде? Мұның басты себебі – мемлекеттің спортқа қатысты ұстанған саясатында жатыр. Ел билігі кәсіби спортқа қаржы мүлдем құйған емес. Оның орнына бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөледі.Мысалы, Данияда спорт министрлігі деген атымен жоқ. Бұл салаға бақылау жасау мәдениет министрлігіне берілсе, бұқаралық спортты дамыту – жергілікті биліктің міндетінде. Оның өзінде әр аудан, қаланың әкімшіліктері тек әуесқой спортшыларды қолдауға ғана көңіл бөледі. Стадиондар, жаттығу залдарын салып, тұрғындардың дене шынықтыруымен айналысуына барынша жағдай жасаған. Кәсіби спортшылар мен клубтар өз күндерін өздері көруі тиіс. Мысалы, Даниядағы футбол клубтарының бәрі бюджеттен бір тиын қаржы алмайды. Керісінше, «Копенгагеннен» басқалары өздері ойнайтын стадионды мемлекеттен жалға алған. Оған қоса, мемлекетке қатысы бар заңды тұлғалардың клубтарға демеушілік жасауына тыйым салынған. Яғни кәсіби спортқа салықтан жиналған халықтың ақшасын жұмсауға рұқсат жоқ. Дегенмен, Дания билігі кәсіби спортты мүлдем қолдамайды деп айту қиын. Мемлекет бұқаралық спортты дамытуға күш салады. Солардың арасынан қара үзіп шыққаны ғана бұқаралық спортқа ауысады. Қалғаны – кәсіпқой спорттың еншісінде. Сондықтан шығар, Дания футбол клубтарының ешқашан мол қаражат шығарып, шетелден футболшы шақырып жатқанын көрмейсіз. Керісінше, Англия, Испания секілді елдерде ойнауға лайық кәсіби футболшыларды дайындап шығарады. Әйтсе де, кейінгі уақытта Дания чемпионатына қызығушылық арта түсті. Өйткені бес жыл бұрын футболы дамымай тұрған соң клубтар мен федерация ақылдаса келе, ел чемпионатының форматын өзгертуге шешім қабылдайды. Сөйтіп, шетелден аттай қалап Hypercube компаниясына өтініш жасайды. Елдегі жанкүйерлермен, футбол клубтарының басшыларымен, команда бапкерлері мен капитандарымен кездескен компания өкілдері Дания нарығын зерттей келе, бірегей чемпионат форматын ұсынған екен. Соған сәйкес ел біріншілігіндегі командалар саны 12-ден 14-ке дейін ұлғаяды. Сонымен қатар негізгі айналым аяқталған соң клубтар топқа бөлініп, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасына берілетін жолдамаға таласады. Дания чемпионатындағы тағы бір ерекшелік мынада. Командалар телекөрсетілімнен түскен қаражатты турнир кестесіндегі орнына сәйкес бөліп алады. Яғни жоғары тұрғаны көбірек қаржыны қалтасына басады. Осындай ерекшеліктердің нәтижесінде ел біріншілігі шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттырды. Қазіргі таңда Даниядағы 24 клубтың 9-ының иелері –шетелдіктер. Былай қарасаңыз, Дания – 6 миллиондай тұрғыны бар шағын мемлекет. Сөйте тұра футболы қарыштап дамып, бүгінде Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алып отыр. Осындайда, клубтарына миллиардтаған теңге қаржы шашып, балықшылардан ұтылып жүрген қазақстандық командаға қарап қарның ашады...