Коронивирустың үнді штамы балалардан бес есе жиі табыла бастады. Бұл туралы профессор-иммунолог, Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Вакцинация басталғалы бері коронавирус мутацияға ұшырап, жағдайға бейімделе бастады. Сарапшылардың айтуынша, вирустың «дельта» нұсқасы «британ» штамына, басқаларына қарағанда 60%-ға тез жұғады. Сонымен қатар оны жұқтырғандар арасында ауруханаға жатқызылғандар мен қайтыс болғандар саны көп. Мұны Нұр-Сұлтан қаласындағы жағдайдан байқап отырмыз. Тағы бір ерекшелігі, балалар да бұл штамды бес есе жиі жұқтыра бастады», деді А.Шарман.
Спикердің айтуынша, «дельта» штамын екпе алмағандардың жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан екпе алу коронавирустың барлық түріне қарсы ең тиімді шара болып отыр. Оның бірінші дозасы 17%-ға азырақ қорғаса, екіншісін алған соң тиімділігі арта түспек.
Сондай-ақ спикер екі дозада екі түрлі екпе алу ағзаның иммундық қорғанысын күшейтетіні туралы да деректер бар екенін алға тартты.
«Иммунологияда екі екпені араластыру mix and match деп аталады. Оның иммундық жүйеге оң әсер етеніне дәлелдер бар. Ангела Меркель, Эрдоған сынды саяси көшбасшылар осылайша әр түрлі екпе алды. Жалпы сарапшылар да бұл тәсілге оң қабақ танытып отыр», деді А.Шарман.
Оның айтуынша, эпидемияның қазіргі толқынына «дельта» штамы әсер етіп отыр.
Әсел Сарқыт