Қазіргі күндері Алматының медициналық мекемелері ковидтік стационарларға қайта бейімделе бастаған жайы бар. Ал ковидтік ауруханаларда 700-ге жуық адам емделіп жатыр. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев эпидемиялық ахуал нашарлай түссе, онда қалада 10 мыңға дейін ұлғайту мүмкіндігімен 4 мыңға жуық төсек-орын дайындалғанын мәлімдеді.
Бұған дейін де бірқатар шырғалаңды бастан өткерген қаланың медициналық мекемелері пандемияның үш кезеңіне де дайын деуге болады.
«Біз індетпен күресуге дайынбыз. Жүйенің қуаты жеткілікті. 4 600-ден аса медицина қызметкері ковидтік ауруханаға жұмысқа шыға алады, түрлі жағдай кезінде 200-ден аса жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Мысалы, бүгінде стационарларда 3 700 төсек-орынды, қолайсыз жағдайда 6 мың төсек-орынды, өте қолайсыз жағдайда 10 мың төсек-орынды орналастыруға әзірміз», деді Н.Табынбаев.
Бұдан өзге егер жағдай ушығатын болса, онда мобильді бригадалар саны екі есеге артады. Сондай-ақ Call-орталықтарының операторларының санын екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Ауруханалар мен емханалар дәрі-дәрмектермен және медициналық техникамен жеткілікті көлемде жабдықталған.
Ауруханалар мен стационарлардың шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін басқарма басшысы халықты вакциналануға шақырды. Н.Табынбаевтың айтуынша, бүгінде 428 532 адам екпе алды. 60 жастан жоғары екпе алған адамдар 69 644 адамды құрайды. Вакцина науқаны жалғасуда. Вакцинаны қаланың 208 екпе пунктінің бірінен алуға болады.
Алматы тұрғындары карантин шараларын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны белгілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин хабарлады.
Ж.Бекшиннің айтуынша, Ashyq жобасы қосылғалы бері кәсіпкерлік нысандарға кірген кезде сканерлеу нәтижесінде «қызыл» мәртебесі бар 670 қала тұрғыны анықталды. Ал «сары» мәртебелі 178 пайдаланушы расталды. Жалпы 156 «қызыл» мәртебе мен 40 «сары» мәртебе фитнес орталықтары мен бассейндердің кіреберістерінде анықталды.
Қоғамдық тамақтану нысандарында 275 «қызыл» мәртебесі бар, 54 «сары» мәртебесі бар және әуежайға кіреберісте 88 «қызыл» мәртебесі бар қала тұрғыны анықталды. Сондай-ақ 21 «сары» мәртебесі бар, 70 «қызыл» мәртебесі бар адам кинотеатрға кіреберісте және 34 «сары» мәртебесі бар тұрғындар расталды.
Ж.Бекшиннің айтуынша, Ashyq жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. «Сіздер жобаның арқасында карантиндік шараларды сақтамайтын адамдардың анықталғанын білесіздер. Бұл жүйе азаматтар мен қаланың қауіпсіздігіне бағытталған», деді ол.
Мысалы, «қызыл» мәртебесі бар Алматының 8 тұрғынына карантин режімін бұзғаны үшін 30 АЕК айыппұл салынды. Бұл – 90 мың көлемдегі теңге. Тәртіп бұзушылар – Алматы қаласының Алатау, Алмалы, Бостандық, Медеу мен Түрксіб аудандарының тұрғындары.
Сондай-ақ Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері Ж.Бекшин кәсіпкерлік нысандарының жұмысына қатысты №19 қаулының тармақтарын түсіндірді.
Спикер Алматының эпидемиялық ахуалға қатысты «қызыл аймаққа» кіргенін, соған байланысты әлеуметтік экономикалық нысандары жұмыстарына шектеу шараларының қабылданғанын еске сала отырып, Ashyq жобасының қатысушылары мен жобаға кірмейтін әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу критерийлерін ескертті.
Оның айтуынша, Ashyq жобасының қатысушылары емес мейрамхана, кафе мен кофеханалар бойынша қоғамдық тамақтану нысандарында (үй-жайда) жұмыс күндері сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген. Сондай-ақ келушілер 50%-ға дейін, бірақ 30 адам шамасында болуы керек. Сенбі мен жексенбі күндері қызмет көрсетуге тыйым салынды, тек алып шығу мен жеткізуге рұқсат етілді. Жазғы алаңдарда 50%-ға дейін толтырылған кезде сағат 7.00-ден 22.00-ге дейін 50 адам шамасында жұмыс істеуге рұқсат етілді. Фудкорттарға жұмыс істеуге тыйым салынады, алайда Ashyq жобасына қатысқан жағдайда сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Моншалар сенбі мен жексенбіден басқа күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, бірақ егер бұл нысан Ashyq қатысушысы болса, күн сайын жұмыс істей алады. Сол сияқты спорт кешендеріне, спорттық-сауықтыру орталықтарына, фитнес-орталықтары мен йога-орталықтары Ashyq жобасына кірмейтін болса, сенбі мен жексенбіден басқа күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Қатысушылар шектеусіз жұмыс істейді. Егер олар жобаға қатысушылар болмаса, караоке мекемелерінің жұмысына тыйым салынады.
Ж.Бекшин қанатқақты жобаға қатысушыларды келушілердің QR-кодты сканерлеу ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Тәртіп бұзылған жағдайда бұл нысандар жобадан шығарылады.