Астана елдің айнасы болғандықтан бұл қалада қандай оқиға, қандай мәселе болсын, қашанда назардан тыс қалған емес. Сондықтан елордадағы елеулі жаңалықтарға бүкіл ел елеңдеп, құлақ түріп отырады. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, біраз мәліметке қанықтырды. Ол қысылтаяң шақтың кедергілеріне қарамастан, бас шаһардың даму динамикасы сақталып тұрғанын айтты.
Эпидемиялық ахуал күрделі
Індет қаупі төнген шақта ең алдымен осы Нұр-Сұлтан қаласында жедел шешімдер қабылданып, нақты іс-шаралар қолға алынғаны белгілі. Дәл қазір елордада эпидемиялық жағдай ушығып тұр. Коронавирустың жаңа штамы ахуалды одан сайын күрделендіріп жіберді. Соған сәйкес денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, денсаулық сақтау саласын қолдауға қомақты қаражат бөлінді. 14 стационардағы төсектік орын саны 2 мыңға жетті, оның 1 400-інде (75%) науқастар жатыр. Күн сайын стационарларға 200-ге жуық пациент келіп түседі. Ал зертханалар саны 2-ден 27-ге дейін өсті. Тәулігіне 10 мыңға дейін зерттеу жүргізіледі.«Қазір эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Маусым айының басында ауру жұқтыру саны төмендеген еді, тәулігіне шамамен 100-110 жағдай анықталатын және «қызыл аймақтан» шығуымыз керек еді. Бірақ «Дельта» штамы пайда болып, қазір ауру күрт өскенін байқап отырмыз. Бүгін 678 жағдай тіркеліп отыр. Санитарлық дәрігерлер қосымша шектеу шараларын қабылдады. Бұл – мәжбүрлі шара. Бүгінде вакциналау белсенді жүріп жатыр. Өздері келіп, вакцина алған саналы азаматтарға алғыс айтамын, бұл қосымша ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және бірінші кезекте азаматтардың өздерін және басқаларды қорғайды. Барлық емханада, жеке және мемлекеттік амбулаториялық мекемелерде вакциналау пункттері ашылды. Ірі сауда орталықтарында вакциналау пункттері жұмыс істейді. Осы сауда орталықтарының кәсіпкерлеріне, басшылары мен құрылтайшыларына алғыс айтқым келеді. Адамдарды вакциналауға ынталандыру үшін бағалы сыйлықтар ұсынылды. КВИ-мен күресудің вакциналаудан басқа жолы жоқ. Медицина қызметкерлерінің 90%-дан астамы, коммуналдық қызметтердің 70%-дан астамы вакцина салдырды», деді А.Көлгінов.
Биыл 10 мың әлеуметтік пәтер салынады
Нұр-Сұлтан қаласында соңғы үш жылдың ішінде қолжетімді тұрғын үй саны 5,5 еседей ұлғайды. Қала әкімі қолжетімді баспана құрылысының қарқыны, тұрғын үй сертификатының көлемін ұлғайту және қатысушылар санатын кеңейту туралы атап өтті.«Қала тұрғындарының маңызды және өзекті мәселелерінің бірі – тұрғын үй. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй құрылысы көлемін ұлғайтуды жүйелі жүргізіп жатырмыз. Мысалы, 2018 жылы 1 800 әлеуметтік пәтер, ал 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы осындай 7 мыңнан аса пәтер салынып, пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жақында әлеуметтік аз қамтылғандар арасында кезекте тұрған отбасыларға 400-ге жуық пәтер кілті беріледі. Әлеуметтік тұрғын үйлер құрылысы қаланың барлық ауданында жүргізіліп жатыр. Мысалы, Отау, Жағалау шағын аудандарында, Пригородный елді мекені, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев көшелерінде, жаңа вокзал ауданында салынып жатқан үйлер баршылық», деді А.Көлгінов.Бұған қоса Нұр-Сұлтан әкімінің тапсырмасы бойынша тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санаты кеңейтілді. Енді бұл игі бастамаға медицина қызметкерлері, педагогтер, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады.Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін» бағдарламасы биыл да жалғасады. Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан аса жас баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті тапсырылған еді. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтік кредиттеу) іске қосылады.Сонымен қатар 2021 жылы құрылысы ұзаққа созылған үйлер саны 57-ге қысқарады. Проблемалы көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің мәселесі шешіліп, көптен күткен пәтер кілтін 7 мыңнан аса үлескер алады. Осылайша, екі жылдың ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен көп қысқарады.
15 мектеп пайдалануға беріледі
Нұр-Сұлтанда қала тұрғындарының жыл сайынғы өсуі ескеріле отырып, ірі мектептердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 15 мектеп салынады. Осылайша 40 мыңнан аса оқушы жаңа білім ошағында оқиды. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп.«Елордада жыл сайын ішкі көші-қон есебінен де, туу көрсеткіші есебінен де қала тұрғындарының саны өсіп келеді. Мысалға 2010 жылы қала мектептерінде 74 мың оқушы білім алса, қазір 193 мың оқушы білім алуда. Жыл сайын 1-сынып оқушыларының саны өсіп келеді. 2019 жылы 5,5 мыңнан аса түлек мектеп бітірсе, 1-сыныпқа 24,5 мыңға жуық балдырған келді. Ал 2020 жылы 6,6 мың түлек болса, 1-сыныпқа 21 мыңнан аса бала келді. 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушы болады деп ойлап отырмыз. Әрине, бұл тамаша көрсеткіш, тиісінше мектептердің көбірек ашылуын талап етеді. Біз ірі мектептердің құрылысына көштік. Білім мекемелері қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын үй массивтерінде салынып жатыр. Қажеттілігі бар аудандарға ерекше назар аударылады», деді әкім.Алдағы бес жылға елордада 67 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оқу орындарының құрылысы жеке инвестицияларды тарту есебінен де жүргізілуде. Елорда әкімінің тапсырмасы бойынша болашақ педагогтерді ынталандыру мақсатында гранттар саны ұлғайтылды. Жыл сайын орта арнаулы оқу орындарында оқуға кемінде 800 грант, ал жоғары білім алуға тағы 300 грант бөлу жоспарланып отыр.
143 мың тұрғын газға қосылады
Елордада газ тарату желілерінің құрылысы жалғасуда. Биыл Нұр-Сұлтанда тағы 143 мың тұрғын үшін газ қолжетімді болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.«Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба экологияны едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, өйткені жеке сектор тұрғындары үйін көмірмен жылытпайды, нәтижесінде қауіпсіздік артады, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарады. Мысалы, осы жылдың маусым айында Көктал-1 тұрғын алабы газға қосылды, осылайша тағы 2 600 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Біз сыртқы желілерді жүргізгеннен кейін тұрғындар оны үйдің ішіне өткізуі керек. Сонымен қатар біз Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарына, Агроқалашық (2020 жылы қосылмаған бөлік), Промышленный аудандарына газ тарату желілерін салуды жалғастырамыз. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Биыл тағы 317 шақырым газ тарату желісін саламыз, оның 200 шақырымы бірінші жартыжылдықта салынды. Осылайша жаңа жылыту маусымында тағы 7 тұрғын үй алабы газға қосылуға мүмкіндік алады. Мысалы, өткен жылы 43 мың тұрғын газға қосылды. Газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында», деді әкімі А.Көлгінов.Сондай-ақ өткен жылы газ тарифі төмендетілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді. Бұрын бір текше метр үшін 60 теңге бағасын белгілеу болжанған.Бұдан басқа жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі төрт су жылыту қазандығы газға ауыстырылды, қалған қазандықтар осы жылдың соңына дейін газға көшіріледі.