НАСА NEO Surveyor деп аталатын жаңа телескопты іске қоспақ. Аталған құрылғы жерге тікелей бағыт алған астероидтар мен кометаларды анықтамақ.
Ұзындығы 6 метр болатын телескоп инфрақызыл сәулелер арқылы астрономдарға Жер орбитасынан 48 миллион километр қашықтықтағы астероидтар мен кометаларды табуға көмектеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, осындай қадам арқылы ықтимал қауіптің бетін қайтаруға мүмкіндік арта түспек. Жоспар бойынша NEO Surveyor 2026 жылы іске қосылмақ.«NEO Surveyyor НАСА-ның Жерге қауіп төндіруі мүмкін астероидтар мен кометаларды табу мүмкіндігін арттырады. Ол диаметрі 140 метрден үлкен астероидтардың 90 пайызын анықтай алады», деді NEO Surveyor бағдарламасына атсалысып жүрген ғалым Майк Келли.НАСА-ның алыс-жақын қашықтықтағы астероидтар мен кометаларға алаңдауы бекер емес. Мәселен, 1908 жылы Сібірге алып астероид құлаған еді. Соның салдарынан шамамен 2000 шаршы шақырым жердегі бүкіл орман жермен-жексен болған. Тіпті оның әсерін 50-60 шақырым жердегі елді мекендер де қатты сезінген. Сондықтан НАСА ғалымдары осындай алып астероидтың жерге тағы құламауы үшін барын салмақ. Бұл мақсатта Күн жүйесінде ұшып жүрген астероидтар мен кометаларды анықтауға кірісті. 2010 жылы НАСА диаметрі 1000 метрден асатын Жерге жақын объектілердің 90 пайызын тапты. Содан кейін агенттік диаметрі 140 метрден үлкен астероидтар мен кометаларды іздеуге кірісті. Қазірге дейін НАСА мұндай объектілердің 40 пайызын тауып үлгерген.