Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанда жұмыс істейтін дипломатиялық корпустың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Спикер жоғары Палатаның биылғы сессиядағы заң шығару қызметі екі негізгі міндетке бағытталғанын атап өтті.
Олардың бірі – коронавирус пандемиясымен күрес жұмыстары және індеттің әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсеру болса, екіншісі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған кешенді реформаларды іске асыруды құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету. Сондай-ақ М.Әшімбаев өз сөзінде пандемия кезеңінде азаматтар мен бизнесті қолдау мақсатымен қабылданған маңызды заңдарға тоқталды.«Қазақстанда азаматтарымызды қорғауға және экономикамызды қолдауға арналған дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар қабылданды. Былтыр осы мақсатқа 14 млрд доллардан астам қаражат немесе жалпы ішкі өнімнің 9 пайызы бөлінді. Дағдарысқа қарсы заңдар жедел қабылданып отырды. Олардың қатарында бюджетке, Салық кодексіне түзетулер енгізу, бизнес пен инвесторларды қолдау мәселелері, медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы және басқа заңдар бар», деді Сенат Спикері.Сонымен қатар ол ел Президентінің бастамасымен қолға алынған жүйелі реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолындағы Парламенттің қызметі туралы сөз қозғады.«Мемлекет басшысы елімізді жаңғырту бағытында алдағы мақсат-міндеттерді нақтылаған. Олар – ең алдымен, саяси жүйені демократияландыру, оның теңгерімділігін қамтамасыз ету, саяси бәсекелестікті арттыру, азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін лайықты жағдай жасау және тағы басқалары», деді М.Әшімбаев.Сенат Төрағасы ел Президентінің жаңғырту бағытындағы басымдықтар – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, мемлекеттік органдардың халыққа ашық болуын қамтамасыз ету және жұмыс барысында азаматтардың пікірлерін ескеру екенін айтты. Мұндай тәсілдердің негізі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында айқын көрсетілген.«Қазақстан Президентінің әлеуметтік саладағы реформалары әділ, инклюзивті әлеуметтік саясатты іске асыруға, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуға бағытталған. Біз әр азамат өз мүмкіндігін іске асыруына және көмекке мұқтаж жандардың назардан тыс қалмауына баса мән береміз», деді М.Әшімбаев.Одан бөлек, Сенат Спикері экономикадағы басты міндеттер – әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, шикізатқа тәуелділікті еңсеру, шағын және орта бизнесті жүйелі түрде қолдау екенін тілге тиек етті. Бұл міндеттердің бәрі пандемиядан кейінгі кезеңдегі басымдықтармен үндеседі.«Жалпы, 2020 жыл басталғалы бері Қазақстан Парламенті 175 заң қабылдады. Оның жартысы, нақты айтқанда, 91 заң Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қабылданды. Барлық заңның төрттен бірі депутаттардың бастамашылдығымен әзірленді», деді Сенат Төрағасы.Ол сөз барысында Президент реформалары аясында қабылданған негізгі заңдарға тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойғанына да назар аударды.«Осы Жарлыққа сәйкес біз алдағы уақытта аса маңызды заңдарды қабылдаймыз. Атап айтқанда, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғауға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің кез келген нысанын болдырмауға, қылмыстық сот төрелігі, азаптаулар мен зомбылықтың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Сондай-ақ сот-құқық қорғау жүйесін жаңғырту және сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері де назардан тыс қалмайды», деді Сенат Төрағасы. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалар саяси жүйенің сапалы өзгеруіне септігін тигізеді және олар ұзақ мерзімді сипатқа ие.Сөз соңында Мәулен Әшімбаев Сенат халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаңғырту реформаларын іске асыруда тәжірибе алмасуға мүдделі екенін атап өтті.«Біз елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерге қатысты халықаралық ұйымдардың, шетелдік саясаткерлер мен сарапшылардың ұсыныстарын үнемі назарда ұстаймыз. Заң қабылдаған кезде оның бәрін ескереміз. Алдағы уақытта да ынтымақтастыққа, өзге елдердің Парламенттерімен өзара байланыс орнатуға әрдайым ашықпыз», деді М.Әшімбаев.Кездесуді Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров жүргізіп отырды. Іс-шара барысында сенаторлар Владимир Волков, Дәурен Әділбеков және Динар Нөкетаева сөз сөйледі.В.Волков өз сөзінде биылғы 5 айда жалпы қылмыстық істердің 68 пайызы соттарда электронды форматта қаралғанын атап өтті. «Соңғы жылдары қылмыстық сот төрелігін ырықтандыру және құқық қорғау қызметін цифрландыру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Айталық, осы жылдың 5 айында жалпы қылмыстық істердің 68 пайызы соттарда электронды форматта қаралды. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 90 пайыз электронды хаттама рәсімделді. Қызметтің мұндай форматы қылмыстық процесс кезеңдерінің ашықтығын және тергеудің шынайылығын қамтамасыз етуге, қағазбастылықты, бұрмалаушылық фактілері мен қателіктерді төмендетуге септігін тигізеді. Ең маңыздысы – жемқорлықтың қысқаруы», деді сенатор.Д.Нүкетаева адам құқықтарын қамтамасыз ету, әйелдердің, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың, балалардың мүдделерін қорғау жөнінде баяндады. «Біз көптеген елдердің Конституцияларында ерлер мен әйелдердің тең құқықтары бекітілген прогресс дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл елдерде әйелдер қоғамның экономикалық өміріне араласады, олардың дауыс беруге, білімге қол жеткізуге құқықтары бар. Біздің мемлекетіміз де әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігі бола отырып, жоғарыда аталған құндылықтарды ұстанады», деді депутат.