Биыл Отанымыз – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыттың ішінде еліміз көптеген жетістікке жетіп, дүние жүзіне танымал болды.
Ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы өзінің 24 жылдық тарихында әлемнің озық елдері көшбасшыларының басын қосатын саяси, мәдени орталыққа айналды. 2010 жылы Елордада өткен Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті – соның айқын дәлелі. Осы ұйымға Қазақ елінің төрағалық етуі – бұрынғы кеңестік елдер арасында ең алғаш рет болған саяси маңызы зор оқиға екенін айтқан жөн. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйымдастырылып, әртүрлі дін өкілі бас қосып отырады.
Елордамыз халықаралық саяси аренада өзінің орнын қалыптастырып, халықаралық қоғамдастық санасатын дәрежеге жетті. Кезінде ЮНЕСКО Нұр-Сұлтан қаласын дүниежүзіндегі «Бейбітшілік қаласы» деп атады.
10-15 жыл бұрынғы астана мен қазіргі елорданың мәдени әлеуетін салыстырсақ, айырмашылық жоқ емес. Елордамыз бүгінде рухани орталыққа айнала алды деп нық сеніммен айтуға болады. Қазіргі таңда зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келіп, Елордамыздың рухани-мәдени дамуына өз үлестерін қосуда. Соңғы жылдары қалада мәдени ошақтар көбейе бастады. Мәселен, Ұлттық академиялық кітапхана, «Қазақстан» Орталық концерт залы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы, Ұлттық музей сияқты көптеген мәдени орталықтар пайда болды.
Нұр-Сұлтан қаласы саясат пен руханиятта ғана емес, сонымен қатар спортта да үлкен жетістіктерге жетті. Мәселен, жыл сайын Елордада көптеген халықаралық спорт іс-шарасы ұйымдастырылып, соның арқасында спортқа қызығушылығы мол жастардың саны артты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында тұңғыш рет VІІ қысқы Азия ойындары өтіп, соның нәтижесінде көптеген жастар қысқы спорт түрлерімен айналысуға ден қойды. Бұл Нұр-Сұлтанның тек мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдарының құтты мекені дәлелдейді.
Бір сөзбен айтқанда, елордамыз саясатта, руханиятта және спортта өзінің маңызды орнын қалыптастырып үлгерді. Мұның бәрі Тәуелсіздігіміздің арқасында деп білемін. Сондықтан қазақстандықтардың барлығы үшін Нұр-Сұлтан – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі.
Барша қазақстандықтарды Нұр-Сұлтан қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыда береке-бірлік, елімізде тыныштық болсын!
Наталья ДЕМЕНТЬЕВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты