Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы музейінде көне жәдігердің бірі – күміс фалар сақталған. Фалар дегеніміз, ат әбзелінің әшекейіне жататын, қайыстан жасалған өмілдірік-құйысқанға бекітілетін металл жапсырма.
Оны бұрынғы Торғай облысы, Есіл ауданы «Победа» ауылының тұрғыны Зайцев деген кісі кездейсоқ тауып алып, музей қорына 1986 жылы тапсырған.
Ғалымдардың зерттеуінше, аталған құнды дүние біздің заманымыздың I-III ғасырлар аралығына жатады. Оны археологтер сарматтар мәдениетінің өркендеген кезі деп айтады. Құнды жәдігер күмістен жасалған, жұқа алтын жапсырмамен көмкерілген, бетіндегі бейнелер шекіме түрінде берілген. Фалардың жиегі лавр жапырағымен көмкерілген. Орта тұсында арыстанның бедерлі бейнесі бейнеленген оның шығыңқы бөлігін алтынның буына ұстап, аптаған. Арыстан оң жаққа қарғыған кейіпте, денесі қыран пішінде, мойны жоғарыдан жалмен жарылып бедерленген. Сыртқы жағына үш ілгек жапсырылған.
Жалпы сарматтар кезеңіне қатысты күміс фаларлар бұрын да табылған, бірақ олар негізінен кішкентай болып келеді. Ал осындай көлемдісі сирек кездеседі.