Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан аумағында COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрі А. Цой коронавирус инфекциясы бойынша сырқаттанушылық көрсеткішінің өсуіне байланысты барлық өңірлер күшейтілген шектеу шараларын қабылдағанын атап өтті.
Бұл ретте соңғы 2 аптада Маңғыстау облысында COVID-19 инфекциясын жұқтыру жағдайларының 2,7 есеге, Ақтөбе облысында 2,1 есеге артқаны байқалады.
Вице-премьер аталған өңірлерде КВИ-мен ауырудың артуы халықты вакциналаудың төмен қарқынымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Мәселен, Маңғыстау облысында тиісті контингенттен халықтың небәрі 19,7%, Ақтөбе облысында – 31,4%, Батыс Қазақстан облысында 31,6% екпе салдырған.
ВАК төрағасы халықты вакциналаудың пайдасы мен тиімділігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сондай-ақ, әсіресе, Алматы, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында карантин режимін сақтауды бақылау жөніндегі мониторинг топтарының белсенді жұмысы жеткіліксіз екені айтылды.
Отырыс соңында Премьер-Министрдің орынбасары халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакциналаумен қамтуды ұлғайту қажеттігін тапсырды.