Адам баласын аяуды білмеген зобалаң жылдар ақиқаты әлі де терең зерттеліп, біте қойған жоқ. Алаш деп атқа қонған аяулы тұлғалардың қилы тағдырларын анықтап, елге сіңірген еңбектеріне әділ бағасын берсек, олардың ұлтын сүйген ұлық бейнелері кейінгі ұрпаққа үлгі болар еді.
Отыз бір жыл ғана ғұмыр кешкен, Алаш аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен, жаратқан ие қисапсыз қасиет дарытқан, айрықша талант сыйлаған Зарап Темірбекұлының туғанына биыл 115 жыл толып отыр. Оның шыққан тегі, өскен ортасы туралы бір ауыз сөз айта кетелік.
Әкесі Темірбек Мұсаұлы Арқадағы ән падишасы – Ақан серінің алдында тәлім алған, тәрбиесін көрген адам деседі. Араб, парсы тілдерінде білім алған ол Көкшетау төңірегіне аты мәлім, атақты шонжар Шөбектің Серәлісінің приказчигі болып жұмыс істеген.
Шындықты сүйген, әрқашан ақиқатты айтпай тұра алмаған, ақ алмастай жарқылдаған өткір азамат сол дәуірде айбарынан ай ығатын Серәлінің өзіне қалт жіберген қадамын, әділетсіздігін бетіне басып айта білген деседі. Ел арасында Темірбек ақын айтыпты деген отты өлең-жырлар бертінге дейін сақталған. Оның ішінде «Жер, қоныс жайлы», «О, дүние!» деген толғаулары да бар. Бұл толғауларында ақын адам бойындағы адамгершілікті, парасат пен пайымды жырлайды. Айтқаны болып, дегені орындалып тұрған күштілердің әділетсіздігін айыптайды. Жалғыз ел ішіндегі жай ғана емес, патшалық Ресейдің парасатсыз саясатын әшкере етеді. Ақын өлеңдерін оқыған адам олардың біршама көркем екендігін мойындар еді.
Зарап Темірбекұлы 1906 жылы Көкшетау төңірегіндегі Үңгір деп аталатын табиғаты тамылжыған өңірде өмірге келген. 1912 жылы алты жасқа толғанында ел қамын жеген ер мінезімен, қазақтың қара сөзін маржандай тізген шешендігімен, шырылдаған шындықты айта алған өр мінезімен танылған әкесі өмірден өтеді. Әйтсе де, бала Зараптың табиғи таланты, жаратқан ие бойына сыйлаған тамаша қасиеті жетімдіктің шылауында қалдырмай, жарыққа шығуына, жарыққа ғана емес, қиялай аспанға көтеріліп, жарық жұлдызға айналуына бөгет бола алмаған.
Алдымен, ауылда білім алған. Екі жыл. Одан кейін 1921 жылы ағасы Айтжан Темірбекұлы Көкшетау қаласындағы жеті жылдық мектепке береді. Бұл мектепте екі жыл білім алады. 1923 жылдан 1925 жылға дейін Қызылжар қаласындағы сол кездегі іргелі оқу орнының санатындағы қазақ педагогикалық техникумында оқиды. 1931 жылы зейінді жастың қарым-қабілетін шамалаған БКП өлкелік комитеті Зарапты Мәскеуге оқуға жібереді. Әйтсе де зейінді жас денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмайды. Алты-ақ жыл білім алу бақыты бұйырған. Бірақ сол білімнің өзі мол қазына іспетті. Зарап Темірбекұлы табиғи талантының арқасында замандастарының алды болды. Көзін көргендердің, сөзін естігендердің куәлік етуіне қарағанда, жақ біткеннің шешені. Әсіресе, баяндама жасағанда ұйытып, әр пікірін балталаса бұзылмастай етіп, шегелеп жасайтын болған. Оған себепші болған білімге деген құмарлығы. Мәселен, Зарап Темірбекұлы Қызылжардағы техникумда оқып жүрген кезінде білім бағдарламасымен шектеліп қалмай, қосымша оқулықтарды көбірек оқуға тырысқан. Сол алғырлығының арқасында екі жыл білім алған кезінде білім ошағындағы үш жүзге жуық құрбысының арасынан суырылып шыққан. Оқи жүріп қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі, губерниялық комсомол комитетінің инспекторы қызметтерін қатар атқарған. Сол кезде небәрі 18-19 жаста. Кейін Атбасар, Көкшетау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе қалаларындағы әрқилы мекемелерде қызмет істеген. Қай жерде жүрсе де аңсағаны әділдік болғанға ұқсайды. Байлардың есігінде жүрген жалшыларға «Қосшы» ұйымы арқылы шарт жасасып, ала алмай жүрген еңбекақыларын төлеткізіп отырған. Өсіп-жетілуіне, дүниетанымына, көңіл көкжиегінің ке- ңеюіне Біләл Малдыбайұлы тәрізді Алаш қайраткерлерінің ықпалы тигендігін айта кеткен абзал.
Міне, осылайша ұшқан ұядан тәлім алған, әке тәрбиесін көрген Зарап өз заманында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылған. Қоғам қайраткері ғана емес, жүрдек қалам иесі. «Лениншіл жас», «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қазақстан большевигі» журналында әдеби қызметкер, редактордың орынбасары, бас редактор болып қызмет еткен. Және бір қызығы, аса талантты Зарап Темірбекұлы бірқатар газет-журналда бір мезгілде жұмыс істепті. Соның барлығына үлгеріп, мінсіз жұмыс істеу үшін қаншалықты қажыр-қайрат, ақыл-білім керектігін шамалай беріңіз.
Сонау 1927 жылы Зарап Темірбекұлы Ақтөбенің губерниялық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған. Губерниялық комсомол конференциясында оны алғаш көрген Ахмет Жұбанов тілінің шешендігіне, пікірінің орнықтылығына тәнті болып: «Жасы өзіммен шамалас болса да оның оттылығы, тартымдылығы, жастар арасындағы бедел-құрметі асқар таудай болып көрінді. Бір жарым сағат баяндама жасады. Қолында бір парақ қағазы да жоқ. Зейінділігі мен зеректігіне, өзіне тән шеберлігіне, ой астарының тереңдігіне таң қалдым. Ақтөбеден шалғай жатқан ауыл аттарын, жер аттарын жадына тоқып алған. Мен Зарапты лаулай жанған жалынға теңер едім», деп жазған. Кейін Ахмет Жұбанов Зараптың қызы Алмаға көп қамқорлық көрсеткен екен, өнерге баулыған, дұрыс бағыт-бағдар сілтеген және бұл қамқорлық Зарап Темірбекұлы нақақтан-нақақ халық жауы атанып атылып кеткеннен кейін көрсетілген. Ал ол уақытта «халық жауының» ұрпақтарына елжірей қарау кез келген ердің қолынан келе бермейтін жанашырлық еді.
Табиғат шіркін бір адамның басына талантты үйіп-төгіп беретініне куә болатынымыз бар. Арғы тегінде өрісті өнерге деген ынта-ықылас, қанында ыстық қасиеті бар Зарап Темірбекұлы тамаша әнші болған деседі. Әсіресе, Арқаның ән өнерінің дүлдүлдері – Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақтың әндерін нақышына келтіріп орындаған. Осы арада қазақтың ән-күйін жинақтаушы А.Затаевич әйгілі Ақан серінің «Құлагер» әнін Зараптың орындауында нотаға түсіргендігін айта кетуге болады. Бұл кезде Зараптың жасы небәрі 17-де екен. «Құлагер» аса зарлы, айрықша мұңды ән. Көкірегің қарс айрылмай тыңдамау мүмкін емес.
Актерлік шеберлігі де адам айтқысыз екен. Талантына талайды тәнті еткен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасындағы Жапалдың, Кебектің, «Қарагөздегі» Сырымның бейнелерін сомдаған. Өнерге құлай берілгендіктен болар, губернияның басшы қызметкерлерімен үзеңгі қағыстырып жүріп театр сахнасына шыққан. Осы бір жайдан-ақ тал бойындағы қарапайымдылықты қапысыз аңғаруға болады. 1926 жылы губернияның комсомол комитетінде хатшы бола жүріп, оқу бөлімінің жанынан құрылған театрда еңбек еткен. Спектакль барысында бойындағы қарым-қабілетпен жарқырай танылған. Концертке де қатысыпты. Халық әндерін нақышына келтіре орындайды екен. Осы пікірлерімізде дәлел ретінде Серке Қожамқұловтың естелігінен бір шөкім үзінді келтіре кетелік. «Зарап жас театрымыздың жанашыр ұстазы болды», депті сахна серкесі.
Жазуға қабілетінің қаптал жететінін жастайынан аңғартса керек. Қолына қалам ұстаған кезден бастап газет-журналдардың белсенді тілшісі болған. Жүздеген ойлы мақала жазған. Ел ішіндегі іргелі мәселелерді көтерген. «Еңбекші қазақ» газетінің бір жылғы санынан жиырмадан астам көлемді мақаласын көруге болады. Оның барлығында да ел қамын қаузаған, болашақ жайын бажайлаған өткір сөз бен ұтымды пікір бар. «Лениншіл жас», «Кеңес ауылы» газеттерінде «Біз қалай көмектесеміз?», «Комсомолдар қосшы ұйымында не істеп жүр?», «Әдебиет майданындағы комсомолдар», «Дала толқыны», «Комсомолдар қызу шайқаста» атты публицистикалық материалдары жарық көріпті. Жалғыз мақала ғана емес, көрерменге рухани нәр сыйлайтын пьесалар да жазған. «Жаңа өмір», «Жанталас» пьесалары 1930 жылдың желтоқсан айында Жұмат Шаниннің режиссерлігімен қойылыпты. Басты рөлдерді Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сомдаған.
Алаштың арда ұлдарын баудай түсірген 1937 жылдың қоңыр күзінде «Лениншіл жас» газетінің редакторы Зарап Темірбекұлына «халық жауы» деген жалған жала жабылады. 1938 жылдың 27 ақпаны күні Алматы қаласында бірқатар Алаш зиялыларымен бірге ату жазасына кесілген. Арада жиырма жыл өткеннен кейін, яғни 1959 жылдың қаңтар айында КСРО Жоғары сотының әскери алқасы Зарап Темірбековті жазықсыз деп тауып, ақтау туралы қаулы шығарған.
Жары Сақыпжамал «халық жауының әйелі» ретінде 1938-1946 жылдары «АЛЖИР» лагерінде айдауда болды, қызы Алма 8 жаста, ұлы Жаңарт 4 жаста екен. Қатал тағдыр екеуін екі жаққа айырып жіберген. Тектінің ұрпағы тегін болмайды, Алма Зарапқызы П.И.Чайковский атындағы балалар музыка училищесін үздік бітіріп, Алматы мемлекеттік консерваториясын қызыл дипломмен тәмамдаған. Бар ғұмырын өнерге арнаған. Ал ұлы Жаңарт Қырғызстандағы балалар үйінен қашып шығады. Жолда Шотпай есімді ақсақалға жолығады. Көпті көрген көнекөз Шотпай ақсақал Жаңартты бауырына басқан. Сөйтіп, Қырғызстанда ғұмыр кешіп жүрген хабарын анасы естиді. Әдейілеп іздеп барып, кеудесіндегі қалдан баласын таниды. Туған жерінен әдейілеп анықтама алғызып, Жаңарт Зарапұлы деп жазғызады. Сөйтіп, тектінің тұқымы елімен қайта қауышқан.
Зарап Темірбекұлы құйрықты жұлдыздай ағып өткен мағыналы да жарқын өмірінде небәрі 12 жыл ғана қоғамдық, партиялық жұмысқа араласқан екен. Аз ғана уақыттың ішінде елге өнеге көрсетіп, кейінгіге мәңгілік мұра болатын дүние тастап кетті.
Ақмола облысы