• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Шілде, 2021

Ғұмырын ғылым жолына арнаған ұлы ғалым

615 рет
көрсетілді

Кемелді келешекке бастайтын ғылымның химия саласы туралы сөз қозғалғанда есімі алғашқылардың қатарында айтылатын көрнекті тұлғаның бірегейі, бүгінде әлем таныған ғұлама ғалым, қайраткер, ұлт жанашыры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Еділ Ерғожаұлы Ерғожин.

Өмірден тоқығаны мол, те­рең білім мен парасат иесі, кемел ойлы тұлға болған Еділ Ерғожа­ұлы өзінің ақкөңіл, байсалды да, байыпты әдемі мінезімен, көпшіл­дігімен бір көрген адамды баурап алатын еді. Осы бойындағы бар асыл қасиеттерді ата-анасының тәрбиесімен, үлгі-өнегесімен қа­тар туған жер, өскен өлкеден су­сындап, бойына сіңіре білген жан. Еділ аға табиғаты жанға жай­лы, жері құнарлы, таулы да, сулы, қоңыр желі көңіліңді әр­қа­шан сергітіп, әдемілікке, көр­кемдікке, шығармашылыққа, жаңа­шылдыққа шақырып тұра­тын жер жаннаты Жетісу өңірінде туып өсті.

Еділ Ерғожаұлы студенттік шақтан ғылыми ізденістерге имен­бей араласып, өмірінің мақ­саты үлкен ғылымда екендігін тү­сінді. Ғылыммен айналысу – үл­кен шыдамдылықты, қажыр-қай­ратты, үздіксіз ізденуді қажет етеді. Онсыз ешкім белес түгілі, қа­рапайым табалдырықтан аттай ал­майды. Өйткені ғылым­ның нәтижесі, өндіріске енуі аз уақыт­тың еншісінде емес. Өте көп уақыт­ты, бірнеше жылдарды та­лап ете­ді. Ол темірдей берік төзіммен тал­май ізденді, қиындықтан еш қо­рықпай, өзін өзі аямай тыңнан жол табу оның өмір жолындағы адастырмас Темірқазығына айналды. Зерттеу жұмысында жүйелілікті жаны сүйетін, асығыс ой қорытуды, лепірме бос сөз-ділікті ұнатпайтын кірпияз ғалым принципшілдігінен ешқашан ауытқыған емес. Қиыншылық­ты айналып өтіп, ұрандатып ойқастау оның табиғатына жат еді. Осындай қасиеттерге ие бо­лу үшін тұлғаның тегі, білімі, ең­бек етіп жүрген ортасы үлкен маңыз атқарады. Осылармен қа­тар, ғылымда, өмірде өз орнын та­ба білуге дұрыс бағыт-бағдар нұсқап отыратын жанашыр ұс­таз-жетекшінің орны орасан зор. Еділ ағаның ғылымда сара жол салып, өзін де өзгені де жетілдіре білетін кемел ойлы тұлғаға айналуына ұстаздары Б.А.Бірімжа­нов пен С.Р.Рафиковтың ерекше ықпалы болды. Ұлы ұстаздары жайлы, олардың еңбектері, жа­са­ған жақсылықтары туралы ол ерек­ше тебіреніспен айтушы еді. Көп оқитын, тереңнен қо­пара қазатын ізденімпаз Еділ Ер­ғо­жа­ұлы осындай рухани бай жан­дардан үлгі-өнеге алып, ұла­ғатты ұстаздары сілтеген жолды меңгере отырып, ғылым шыңын бағындырды. Осындай, ауқымды да терең мағыналы ғылыми-теориялық зерттеу жұмыстары Еділ Ерғожаұлын бүкіл әлемге танытты. Осы бағыттағы ғылыми мақалалары, әлемнің түкпір-түкпіріне таралатын мерзімді басылымдарда жарық көрді.

Жоғарымолекулалық қосы­лыс­тар, мембрана технология­сы және ионалмасу химиясы са­ла­сындағы зерттеулерді жалғас­тырып келе жатқан шәкірттері осы саладағы Еділ Ерғожаұлы Ерғожиннің бүкіл дүниежүзіне белгілі қазақстандық ғылыми мектебінің қалыптасқанының дә­лелі. Ол көптеген дарынды хи­­мик-ғалымдар тобын тәрбие­леп өсірді. Қазақстанның түпкір-түп­кірінде Еділ ағаның шәкірттері осы бағытта еңбек етуде, бұл оның химия саласы бойынша Қазақ­стан ғылымының өсіп-өркендеуі мен дамуына қосқан орасан зор үлесінің айғағы.

Еділ Ерғожаұлы ой-өрісі кең, ғылымның көптеген саласы­нан энциклопедиялық білімі бар, жан-жақты ғалым. Ол сондай-ақ әдебиетті, тарихты, ұлттық мә­дениетті, салт-дәстүрді жақсы бі­летін, өнердің сан саласына ой жіберіп, жақсы пікірлер айтып оты­ратын. Оның әдемі қоңыр дауыспен айтқан әндері де ерекше әсер қалдырып, тыңдаушысын баурап алатын.

Еділ Ерғожаұлының мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі ғылым мен жоғары білім саласына сіңірген еңбегін, ғалымдығы мен шебер ұйымдастырушылық қабілетін халқы да, мемлекет басшылығы да жоғары бағалап, Үкімет тарапынан сан рет марапатталды.

Қазақтың маңдайына біткен қайталанбас тұлғалардың біре­гейі, біртуар дара тұлға, ел игі­лігі үшін білімін сарп еткен ірі дарын иесі Еділ Ерғожаұлы бі­лім­ділігімен, ғалымдығымен, жан-жақ­тылығымен, ерекше еңбек­сүйгіштігімен халықтың сүйген ұлы болды. Ол өмірінің ақырғы күндеріне дейін ғылымдағы ілгері ойдың, барша жаңалықтардың бастаушысы және қолдаушысы болды. Еділ ағаның адамдық, азаматтық биік тұлғасы замандас­тарының, әріптестерінің, шәкірт­терінің, ұрпақтарының көңілі­нен еш уақытта кетпек емес, ел үшін істеп кеткен асқаралы ісі, ұрпа­ғы­на мирас етіп қалдырған ғылым қазы­насы халық есінде, тарихта мәң­гі қалмақ. Қадірлі де, қастерлі есімі Қазақстан халқының есінде мәңгі сақталмақ.

 

Өмірзақ Жүсіпбеков,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор

Гүлзипа Нұрғалиева,

химия ғылымдарының докторы, профессор