• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Шілде, 2021

Әңгіме арқауы – әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту

184 рет
көрсетілді

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды, деп хабарлады жоғары Палатаның баспасөз қызметі.

Сенат Төрағасы сапар бары­сында облыстың және Алма­ты қаласының әлеуметтік кәсіп­кер­лерімен кездесті. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін дамы­туға арналған мемлекеттік бағ­дарламаның өңірде іске асырылу барысымен танысты.

Әлеуметтік кәсіпкерлермен кездесуге қатысушылар осы саланы өркендету перспективаларын талқылап, өз ұсыныстарын жеткізді.

Сенат Спикері соңғы жылдар­да әлеуметтік кәсіпкерліктің эко­номикалық дамудағы рөлі артқа­нын, сондықтан мемлекет тарапынан бұл саланы жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп келе жат­қанын айтты.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік – жаңа бағыт­тар­дың бірі. Оның болашағы зор. Бұл сала табыс табумен қатар, азаматтардың өзекті әлеу­меттік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерліктің бұл түріне баса мән беріп отыр», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды көздейтін заң әзірленіп, қабылданғанын тілге тиек етті. Аталған құжат сенаторлардың бастамашылығымен даярлан­ғанын айта кеткен жөн.

«Бұл заңда алғаш рет әлеу­мет­тік кәсіпкерлікке заңнамалық тұрғыдан түсінік берілген. Осы заң арқылы әлеуметтік кәсіп­кер­лерді қолдауға арналған нақты шаралар да анықталды. Атап айтқанда, салықтық жеңілдіктер мен несиенің үстеме ақысын субсидиялау және жалдау құнын төлеу сияқты қаржылай қолдау қарастырылған. Мемлекет менші­гіндегі ғимараттарды жеңіл­дікпен жалға беру мүмкін­дігі де назарға алынды. Одан бө­лек, мемлекет тарапынан әлеу­меттік маңызы бар жобаларды іске асыру үшін гранттар бө­лі­неді», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау үшін аса маңызды қадам жасалғанын айтты. Ол өз сөзінде алдағы уақытта сенаторлар бұл саланы одан әрі қолдауға арналған жаңа тетіктерді ұсынуға және оларды талқылауға дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар Сенат Спи­кері сапар аясында аграр­лық бағытта табысты жұмыс істеп келе жатқан көп сала­лы «Бай­сер­ке-Агро» компания­сының жұмы­сымен танысты.

Шаруашылыққа арнайы кел­ген Мәулен Әшімбаев компа­нияның Ғылыми-өндірістік оқы­ту орталығына ат басын бұрып, зерттеу жұмыстарына назар аударды. Агрохолдингтің демонстр­ациялық алқабы мен ауыл­­ша­руашылық техника­ларының жұмы­сына көңіл бөлді. Одан бөлек, Сенат Төрағасы агроөнер­кәсіп кешенінің ғылыми жә­не техникалық жетістіктер көр­ме­сімен, селекциялық жолмен асыл тұқымды мал алу жұмыс­тарымен және сүт, жылқы өнімдерін алу­дың роботтан­ды­рылған тәсілімен танысты.

Жоғары Палата Спикері Мем­лекет басшысы ауыл шаруа­шылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын айтып, агроөнеркәсіп кешенін қолдау Сенат жұмысының да негізгі басымдықтарының бірі екенін тілге тиек етті.

«Президентіміздің баста­ма­шылығымен жер қатынастарына қатысты арнайы заң жобасы әзір­леніп, қабылданды. Соған сәйкес ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жерлерді шетелдік­терге сатуға және жалға беру мәселесіне біржола нүкте қойыл­ды. Сондай-ақ Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, табысты жұмыс істеді. Комиссияның ұсыныстары нәти­жесінде ауылшаруашылық жерлерін жекеменшікке беруге мораторий ұзартылды. Ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер­лерді жалға алу құқығын сатуға мүмкіндік берілді. Бұл норма ауылшаруашылық жерле­рін нарықтық айналымға енгізуге мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Төрағасы сенатор­лар ауылдық жерлердің инфра­құ­рылымын дамыту, ветеринария және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін де жиі көтеріп келе жат­қанын атап өтті.  Ол был­тырғы бюд­жеттің орындалуы туралы Үкі­меттің есе­бін қарау кезінде Сенат депу­тат­тары аграрлық са­ла­ны қаржы­лан­дырудағы олқы­лық­тарға назар аударғанын айтты.

«Ауыл шаруашылығында­ғы негізгі мәселелердің бірі – сала­ның толық қаржыландырылмауы болып отыр. Мысалы, 2020 жылы аграрлық секторға жоспарланған қаражаттың жартысынан астамы ғана бөлінген», деді Сенат Төрағасы.

Сонымен бірге Мәулен Әшім­баев елді алаңдатып отыр­ған қуаңшылық мәселесіне және соған байланысты кейбір өңір­лердегі мал шығынына назар аударып, бұл түйткілді шешу үшін Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігі тиісті шаралар қабылдауы ке­ректігін айты.

«Мемлекет басшысы Рефор­малар жөніндегі жоғары кеңес­тің кейінгі отырысында мал шаруа­шылығына айтарлықтай салдарын тигізіп отырған қуаңшылық мәселесіне назар аударды. Қазір­гі таңда бұл – бүкіл елді алаң­датып отырған проблема. Сон­дықтан тиісті министрлік осы мәселені шешу үшін бар күш-жігерін жұмсауы керек. Бұл жолда жүйелі қадамдар қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі же­дел түрде ахуалдың салдарын талдап, жағдайды жан-жақ­ты сараптап, мәселені шешу жол­дарын ұсынуы тиіс», деген Сенат Спикері кездесуге қатыс­қан Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистріне бұл бағытта белсенділік таныту керектігін айтты.