Еліміздің барлық өңірінде «Дельта» штамның тарауы соңғы бір аптада ерекше өсім байқатты. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«Соңғы аптада «Дельта» штамының таралуы өткен аптаға қарағанда республиканың барлық өңірінде өскен. Сырқаттану көрсеткішінің өсімі 1,9 есе болды. Өңірлердегі төсектік орын қорын мониторингілеу деректеріне сәйкес 8 шілдедегі жағдай бойынша жатын орындардың республика бойынша жүктелімі – 37 пайыз, реанимациялық төсектердің жүктелімі – 32 пайыз», деді вице-министр.
Сонымен қатар ол Hayat Vax және CoronaVac вакциналарының тапшылығы туралы пікір білдірді.
«Hayat Vax және CoronaVac вакциналарын біз Қазақстанға шектеулі көлеммен жеткізгенбіз. Ең басынан бастап партиялардың бәрін дәл ортасынан бөліп жартысын бірінші компонентіне, жартысын екінші компонентіне сақтап отырмыз. Қазіргі кезде Hayat-Vax-тың бірінші компонентінің қалдығы 13 мыңдай. Қазақстан бойынша 486 мыңнан астам адам екпесін алды. Сол себептен екінші компоненттің вакциналары медициналық мекемелердің, ұйымдардың қоймаларында сақтаулы тұр. Hayat Vax және CoronaVac-тың бірінші компонентін алған азаматтар екінші екпесін сол мекемелерден ала алады. Біраз қалаларда расында да 486 мың адам алғандықтан вакцина бітейін деп қалды», деді вице-министр.
Сондай-ақ М.Шоранов аталған вакциналардың қосымша партиясын әкелу үшін келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.
«Жалпы, біз бұл вакциналарды бір мезгіл келісімшартпен алып келгенбіз. Қазір келіссөз процесі жүріп жатыр. Шешімі зауыттың өндірістік көлеміне және келісімшарттарына байланысты. Біз нақты мерзімін белгілеуге тырысамыз», деді министрдің бірінші орынбасары.
Денсаулық сақтау министрлігінің таратқан мәліметіне сүйенсек, 8 шілдедегі ақпарат бойынша елімізде I компонентпен 4 020 128 адам вакцина салдырды, II компонентпен – 2 283 761 адам.
Шілде айының басынан бері елімізде 1 682 бала коронавирус жұқтырған. Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова осындай статистика келтірді.
«Балалар туралы айтсақ, қаңтар айынан бері 28 267 бала коронавируспен ауырған. Оның ішінде 54 жаңа туған нәресте бар. Шілденің 7 күнінде 1 682 баланың вирус жұқтырғаны тіркелді. Яғни шілденің ғана мәліметі бойынша балалар арасында сырқаттанудың үлесі артқанын айтуға болады. Бүгінде балалар COVID-19-бен жыл басындағыдан жиірек, былтырғыдан әлдеқайда жиірек ауырып жатыр. Бірақ балалардың 84 пайызы ауруды жеңіл, симптомсыз формада өткеріп жатқанын айту керек. Ал 16 пайызы орта ауыр дәрежеде өткеруде», деді комитет басшысы.
А.Есмағамбетова балалар арасында вирус жұқтырудың жиілеуі ересектердің баяу вакцина алып жатқанымен тікелей байланысты екенін айтты.
«Шынымен де ересектер балаларға қажет ұжымдық иммунитет қалыптастыра алмады деп айтуға болады. Өйткені ұжымдық иммунитетке қажет 60 пайыздық үлес Қазақстан халқының ересектерінің санымен шамалас. 18-ге толмаған, вакцина алмайтын балалардың саны шамамен – 6 млн. Яғни, 60 пайыздық ұжымдық иммунитет қалыптастырып, балаларымызды қорғау үшін барлық ересектер екпе алуы керек. Өйткені балалар мен жүкті адамдарға екпе алуға болмайды. Осы санат біз үшін тәуекел тобы болып отыр. Яғни ересектер вакцина алу арқылы екпе алуға болмайтын адамдарды аурудан қорғауы керек», деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы.